Қоғам • 06 Ақпан, 2020

Басы – тәтті, аяғы – қатты

621 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде тәтті-пәтті деген қат емес. Баяғыдай тәтті атаулыны сан­дық­қа салып, аузын құлыптап, қонақ келгенде ғана дастарқанға шы­ға­ратын апа-әжелеріміздің заманы өткен. Қазір кез келген азық-тү­лік дүкеніне кірсеңіз, тәттінің түр-түрі бар. Бағалары да анау айт­қан­дай қымбат емес. Үйдегі дастарқан да тәттіге толы. Содан үлкен де, кіші де кәмпит-сәмпит, шоколад, тәтті сусындардан қашып құ­ты­ла алмайды. Тіпті, шөлдеп тұрмаса да қонақта отырғанда ермек үшін тәтті сусынды ұрттап қойып, әңгіме тыңдап отыра беру әдетке ай­налған.

Басы – тәтті, аяғы – қатты

Әрине, қақпағын «пыш» еткізіп ашып, ыдысқа шүпілдетіп құй­ған­да көбігі басылып, бел ортасынан қалатын тәтті сусындардың адам денсаулығына зияны бірден білін­бей­ді. Дәл содан бүгін-ертең ауыра қоймайсың. Тіпті «тағы ішші» де­гендей аузыңды лезде қуратып тұ­рады. Бірақ тәтті сусындардың түбінде денсаулыққа зиян екенін түсінген адам су емес, у ішіп жүргендей әрі-сәрі болар еді. Қыс­қа­сы, дәл осы тәтті сусындардан біз тек басты байлығымыздан ғана емес, жиған-терген байлығымыздан да айырылып жатырмыз.

Дүниежүзілік банктің өкілі Кейт Мандевиль Қазақстанда қанты көп сусындарға салынатын салықтың өте төмен екенін айтады. Шетелдік сарапшы темекі, арақ, қанты көп сусындарға салықты 10 пайызға көтеру керек дейді. Тәтті сусындар, тіпті кәдімгі салқындатылған шай деп сатылып жатқан пластмасса құтыдағы сусынның өзі адамды тез семіртіп, қант диабеті, жүрек-қантамыр жүйесі, әртүрлі ісік ауру­ла­рына шалдықтырады. Сонда біз тәтті сусындардың саудасын жүргізіп, денсаулығымызды өз қо­лы­­мызбен құртамыз және содан ауырып, денсаулығымызды түзеу үшін тағы ақша жұмсаймыз. Қазір Қазақстанда осы тәтті сусындардан түсіп жатқан салықтан гөрі, содан ауру тауып, емделу үшін жұм­са­л­ып жатқан ақшаның мөлшері көп. Яғни Қазақстан жыл сайын инфекциялық емес ауруларды емдеу үшін 2,3 триллион теңге жұмсайды. Бұл дегеніміз – ішкі жалпы өнімнің 4,5 пайызы. Дүниежүзілік банк Қазақстанда осы мәселе бойынша зерттеу жүргізіп, тәтті сусындарға салынған салықтың тым аз екенін, дәл осыдан ел қазынасы 182 миллиард теңге ұтылып жатқанын айтып отыр.

Әрине, әр адамның денсаулығы оның тұрмыс салтына байланысты. Дегенмен де тәтті сусындар тым көбейіп кеткелі бері елімізде дертке шалдығып, ем алған жандардың 57 пайызы инфекциялық емес аурулармен ауырған. Сондай-ақ дерт салдарынан қайтыс болған марқұмдардың 60 пайызы да осы инфекциялық емес аурулардың үлесінде. Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігіне қарасты Қо­ғам­дық денсаулық сақтау депар­та­мен­­ті басшысының орынбасары Зәуре Ахметованың айтуына қара­­ғанда, соңғы бес жылда елі­міз­де жүрек-қан тамыр жүйесіне шалдыққандардың саны 16 пайызға, қатерлі ісікпен ауыратындардың саны 24 пайызға, ал қант диабетіне шалдыққандардың саны 31,1 па­йыз­ға көбейген. Дәл осы дұрыс тамақ­танбаудың салдарынан ел тұрғындарының 33 пайызында артық салмақ пайда болған. Бұл 6 миллион адам деген сөз. Мектеп оқушыларының 50 пайызы газдалған тәтті сусындарды үнемі пайдаланады. Соның салдарынан 8-9 жастағы балалардың 20 пайызы, еліміздегі барлық балалардың 3,2 пайызы семіздік ауруына шалдыққан.

Осыған қарамастан елімізде тәтті сусындар шығаратын кәсіпорындар саны жыл сайын көбейіп келеді. Әлем елдері мұндай кәсіпорындарға салықты көбейтуді 2010 жылдан бастап соңғы бес жылда салықты еселеген елдердің саны 30-ға жетті. Мысалы, Ұлыбритания салықты көтерген жылы осы іспен айналысатын кәсіпорындар тәтті сусынның қантын 18 пайызға бірден азайтты. Енді алдағы үш жылда 30 пайызға дейін азайтпақ. Дүниежүзілік банктің өкілі Кейт Мандевиль тәтті сусын шығаратын кәсіпорындар салықтан жалтару үшін осындай қадамға баратынын айтады. Ал біздің кәсіпкерлер осындай қадамға бара ма? Еліміздегі Кірістер комите­ті­не қарасты әкімшіліктік акциздер басқармасының басшысы Дамир Нұрғалиевтің әңгімесінен түсін­геніміз, бұл өнімдерге салық салу мәселесін әлі де әбден сарап­тау қажет сияқты. Яғни тәтті сусын­дар­ға салықты көбейту биыл шешіл­мей­ді. Өйткені комитет биыл темекі өнімдеріне бақылауды күшейтумен айналысып жатыр екен. Яғни әзірге тәттіге қарайтын шамалары жоқ.

Тағы бір айтары, біздің елде сол тәтті сусындардың жарнамасы көп. Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының бөлім меңгерушісі Насима Жүнісова елімізде балалар көретін телеарналардың өзінде сусындар жарнамасының 22 пайызға дейін үлесі бар екенін айтады.

Әрине, басқа-басқа, салықты көтеру оңай шаруа емес. Қит етсең, «Қысым көріп жатырмыз, биз­несі­міз­­ге зиян келді», деп кәсіп­керлер де дүр ете қалатыны анық. Бұл өте кең таралған өнімдер бол­ған­дық­тан қазірдің өзінде кәсіпорын басшыл­ары тарапынан қарсылықтар болып жатыр. Өйткені сусын шығаратын кәсіпорындар бүгінде ірі компанияларға айналып кеткен. Оларды қолдаушылар да көп. Егер сол қолдаушылар болмаса осыдан бес-алты жыл бұрын салық өсіп те кетер ме еді? Сондықтан бұл мәселені Денсаулық сақтау минис­трлігінің жалғыз өзі шеше алмайды. Бұл жерде бірнеше ми­нис­трлік жұмылып жұмыс істеуі керек. Өйткені бұл сусындардан адам денсаулығына келетін зиян тіптен орасан. Әрине бір зауыттың, кәсіпорынның тұсауы кесіліп, жұ­мы­сы жүріп кеткені – ел экономикасы үшін үлкен қуаныш. Бірақ кез келген істің астарында адам ден­сау­лығы басты назарда тұруы тиіс. Шығарған өнімі қанша жерден қат болса да мұржасынан шыққан түтін төңірегіне зиян келтіріп жатса, экологтер бірден дабыл қағар еді. Бұл да тура сондай жағдай ғой. Ендеше, бұл істе кім дабыл қағуы керек? Бұл – ұлт денсаулығы үшін өзекті мәсе­ле.

Жалпы алғанда, халықтың ден­сау­­лығын жақсарту бойынша 2020-2025 жылдарға арналған бағ­дар­лама бойынша тәтті сусындар құ­ра­­мындағы қанттың мөлшерін азай­ту туралы нақты тапсырмалар бе­рілген. Осыдан кейін халық ден­сау­­лығын сақтау туралы кодекске де өзгертулер енгізіліп, темекі, қанты көп сусындарға салықты көбейту мәселесі тайға таңба бас­қан­­дай жазылған. Енді бұл тапсырмалар жүзеге аса ма, жоқ әлде әңгі­ме күйінде қала ма? Бұл – ұлт денсаулығы үшін өзекті мәселе.