Қоғам • 07 Ақпан, 2020

Ақ ешкі сүті ана сүтімен пара-пар

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістандағы Ә.Қарабаев көшесіндегі 63-үйде тұратын Омар Мұсабековтің тұрмысы төмен отбасына қала әкімдігі «Менің кәсібім» жобасы аясында Занин деп аталатын швейцариялық асыл тұқымды екі ешкі берді.

Ақ ешкі сүті ана сүтімен пара-пар

Қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың айтуынша, әкімдік бұған дейін өтініш берген 16 отбасына қол­да­рынан келетін кәсібін ашуға жәр­дем­дескен екен. Олардың біразына өндірістік, құрылысқа қажетті құрал­дар, жемшөп қоспаларын шығара­тын шағын цех ашуға мүмкіндік жаса­ған. Республика бойынша Айжани Адай­қы­зының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Менің кәсібім» жобасына қала тұрғындары ризалығын білдіріп отыр.

Отанасы Құрбанкүл Абдуллаеваның үйінде бұған дейін екі ешкі бар екен. Тәулігіне үш литр сүт беретін асыл тұқымды ешкі асырау қалалықтарға қолайлы болып отыр. Жемшөбі си­ыр­­дан арзанға түскенімен қоймай, көп­теген ауруға ем ешкі сүтін көрші-көлемге сатып табыс табады екен. Бес баласы бар отбасының иесі де жұ­мыс­сыз. Оған қала әкімінің орынбасары «Жасыл аймақ» бағдарламасы бойын­ша жұмыс тауып беруге уәде етті.

Айта кетерлігі ешкі сүті сүйек сыр­қы­рағанда, буын ауырғанда шипа. Бү­гінде ғалымдар ешкі сүтінің емдік және аурулардың алдын алуда, әсіресе, қаназдыққа, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдары ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы деген қорытынды жасады. Ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылы бар. Сиыр сү­ті­не қарағанда ешкі сүтінде В12 дәру­мені­нің құрамына кіретін кобальт мөлшері 6 есе көп, ал калийдің жоғары мөлшері жүрек-қантамыр жүйесінің қызметіне оң­тайлы әсер етеді. Сиыр сүтіндегі те­мірге қарағанда ешкі сүтінің темірі жақ­сы сіңеді.

Ғалымдар ешкі сүтінің әсіресе қан­аз­­дықтың алдын алуда аса маңызды екенін айтады. Түркістандағы көп балалы аналардың дені қаназдықтан зардап шегеді. Балаларды қоректендіруде сиыр сүтіне қарағанда ақ ешкі сүті пайдалырақ келетінін де айта кету керек. Әрине, бала үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ, бірақ жасанды немесе аралас қоректендіруде ақ  ешкі сүті ана сүтін алмастыра алады, оны 6 айдан асқан балаларға қосымша қорек ретінде пайдалануға болады.

 

Ескендір ЕРТАЙ

 

Түркістан облысы