Қоғам • 07 Ақпан, 2020

Өмірдің мәні – өткенді бағалауда

647 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тарихи оқиғаларды танып-білуде, болашақты айқындап, өткеніміздің шынайы болмысына баға беруде архив ісінің атқарар рөлі орасан зор. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жетi қыры» бағдарламалары аясында ел аймақтарынан архивтiк құжаттарды толықтыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар және саладағы басқа да өзекті мәселелер туралы Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің директоры Мейрам БЕКТЕМБАЕВ баяндайды.

Өмірдің мәні – өткенді бағалауда

– Нұр-Сұлтан қаласы мем­­лекет­тік архивінің 2019-2021 жыл­дарға арналған даму тұжы­рым­дамасы негізінде мұрағат қо­рын жаңғырту ісі жалғасын табуда. Тари­хи құжаттар мен мұрағат жәді­гер­лерінен өңірдің тарихы мен мәде­ниетіне қатысты елең еткі­зерлік қан­дай тың деректерді кезік­тіруге болады?

– Зерттеу жұмысы барысында Ақмола облысының тарихына қатысты Ақмола облысында орналасқан ерлер және әйелдер интернаты, Ақмола жер бөлiмiнің ұйымдары туралы, Ақмола облысындағы болыстық және станицалық басқармалар, Ақмола уезiнiң ауылдары, болыстары, Ақмола уезiнiң мектебi, Ақмола губерниясы аумағындағы тұзды көлдер, сондай-ақ Ақмола уезiнiң схемалық карталары және т.б. құнды құжаттар табылды. Бүгінде архив қорының тізімі жасалып, жеке текті құжаттармен толықтыру жұмыстары әрі қарай жалғасын табуда. Майдангерлердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің, сондай-ақ елорданың дамуына атсалысқан белгілі тұлғалардың құнды құжаттары жинақталуда.

Жақында Ақмола облыстық та­ри­­хи-өлкетану музейіне уақытша пай­далануға берілген жәдігерлерді қайтадан өз қорымызға қабылдап алдық. 8377 атаумен көрсетілген жазба дерек қоры Ақмола облысындағы саяси ұйымдар, сондай-ақ кәсіпорындар мен мекемелер тарихынан мол мағ­лұмат береді. Кеңес дәуіріндегі плакаттар мен афишалар өңірдің табиғаты мен тың игеру кезеңіндегі дәуір айшы­ғын сипаттайды. Алайда ескіріп, сар­ғайған, кесіліп, шеттері мүжілген, дақ түскен құжаттарды осы күйінде қал­дыра салуға әсте болмайды, көбі қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Фотосуреттердің біразы көшірме нұсқалар, сондықтан өсімдіктер мен табиғаттың ақ-қара түсті фотолары музей қорын жабдықтаудың қазіргі талабына толық жауап бере алмайды. Дегенмен тарихи құжаттар ғылыми-көмекші құрал ретінде өлке мен қала тарихына қатысты, генеалогиялық зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ма­ңызды саналатыны даусыз. Сон­дықтан мұндағы әр құжат пен мате­риалдық құндылық мемлекеттік сақ­тауға, архив қорына енгізілуі тиіс деп есептейміз. Сараптама жүргізу бары­сында кілем-киіз бұйым­дары­ның ескіргені, гербарийлер мен муляж­дардың кірленгені, саз балшықтан жасалған ойыншықтардың, кейбір пластинкалардың, археология қорын­дағы коллекциялардың негізгі бөлігі саналатын қыш құмыралардың сынып, үгітілгені ескеріліп, қайта баға­ланды. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, архив қоймалары мен оқу залдары үшін арнайы қосымша үй-жайлар бөлінді. Бұл біздің келешекте мұрағат-музей-кітапхана бірлігі негізінде жоспарлаған идеяларымызды мұқият жүзеге асыруымызға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Өңір тарихын зерттеумен айналысатын ғалым-археологтар Нұра-Есіл өзендерінің аралығында адамдар көп жылдар бұрын тұрақты өмір сүрген деп болжам жасауда. Одан беріде VII-VIII ғғ. қала іргесінен табылған Бозоқ қалашығы қыпшақ билеушісінің ордасы, діни-ғибадат орны және жолаушылар мен керуендер үшін географиялық бағдар болған. Ақмола Тәуке ханның жаз жайлауы болған, Кенесары бабамыз қазақ елінің азаттығы үшін күрескен шежірелі өңір саналады. Жібек жолының бойындағы Ақмолада 1830 жылы саяси ықпалын күшейтіп, сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамыту мақсатында Ресей империясы әскери бекінісін салдырған. Тарихи құжаттар Ақмола кейін Орта Азиядан Ресейдің еуропалық және азиялық бөлігіне және одан кері қарай жүретін керуендердің жиналатын жеріне және ірі сауда орталығына айналғаны туралы деректерді алға тартады. Ал 1869 жылдан Ақмола облысы құрылғаны мәлім. Кезінде Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахметті, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген екен.

1920-1928 жылдары қала Ақмола губерниясының орталығы, 1939 жылдан Ақмола облысының орталығы, 1950 жылдары Тың өлкесінің орталығы болғанына дәлел-дәйек іздеген жан үшін мұнда құжат қоры айтарлықтай екенін еске саламыз.

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің тарихы Қазақстан астана­сының тарихымен сабақтас. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанасының тарихи рөлін ескере отырып, Ақмола қаласы әкімінің шешімімен 1995 жылы 23 қарашада қалалық мемлекеттік архив ашылған болатын. Астананың ресми тұсаукесері, «Бейбітшілік қаласы» атануы, Ақмола Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, жоғары және орта­лық мемлекеттік мекемелердің көші­рілуі, қала құрылысы, еліміздің шетелдермен ынтымақтастық орнатуы, ресми кездесулер, елордада өтіп жатқан білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы түрлі іс-шара туралы, яғни астанадағы маңызды оқиғалар туралы құжаттарды қаттап отыру, қаланың өткені мен бү­гінін қала тұрғындары мен елорда қонақ­тарына таныстыру, көрсету, ел мұра­сын ертеңге жеткізу мемлекеттік қала­лық архивтің басты міндеті саналады.

Архив қорынан елорданы қаржы­ландыру, тұрғын үйлер мен оқу орындарын салу, мамандар даярлау сияқты маңызды мәселелерге дейін Елбасы назарында болғанын айғақ­тайтын деректер молынан табылады. Адамзат тарихында архив-музей-кітап­ханалар қашанда тарихи жадыны сақтаушы рөлін атқарғаны мәлім, яғни құжат-зат-кітап – бір-бірінен бөлінбес тұтас әлем. Осы ретте архивте қала тарихына қатысты, осы өңірде туған, не қызмет еткен тарихи тұлғалар туралы оқушыларға, студенттерге ұдайы дәрістер өткізіліп тұрады. «Елорда жыл­намасына өз атыңды енгіз» акциясы аясында жеке тұлғалардан елорданың тарихына қатысты бір­қатар құжат, зат, кітап табылды. Мы­салы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Сақан Сәдуа­қасова қала тарихына қатысты құжат­­тар өткізсе, коллекционер Вале­рий Семенов Ақмола қаласында фарфор зауыты өндірген бұйымдарын, қала тұрғындары пайдаланған кеңестік дәуір­­дегі құнды коллекциясын тапсырды.

Ресей Федерациясы Қорғаныс ми­нистр­лігінің Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен кеңес әскерлері туралы әзірлеген мәліметі бар «Мемориал» жиынтық электронды базасы, Қазақстан Респуб­ликасы Президенті архивінің сайтында «Tutkyn.kz», «Asharshylyq.kz»,­ «Кеңестік Қазақстанның номен­кла­туралық кадрлары. 1919-1991 жж.» мәліметтер базасы, Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Кеңес өкі­меті кезінде контрреволюциялық мем­лекеттік қылмыстары үшін қуғын-сүр­гінге ұшыраған, сотталған, кейін сот органдарымен ақталғандар туралы «Мемориал. Қуғын-сүргін құрбандары» мәліметтер базасы генеологтарға кө­мекші құрал ретінде пайдаланылады. Мемлекеттік мұрағаттың жеке тұл­ғалар құжаттары қорының негізінде 2015 жылы жарық көрген жинақ бар. Мұнда Сталинград шайқасына қатыс­қан ер-жүрек жерлестеріміз туралы қысқаша мәліметтер келтірілген. Жеңіс­тің 75 жылдығы қарсаңында майдангерлер өміріне қатысты мұндағы кез келген тарихи дерек болашақ үшін құнды құжат саналатыны анық.

1

 

Жазып алған

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Суреттерде: Көкшетау тарихи-­өлкетану музейінен оралған олжалар