09 Тамыз, 2013

Ауылда тұрып алысқа құлаш ұрған құрылысшы

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ержан Сқақов! Өр Алтайдың төрінде кіндігін кескен, соңғы он жылдан бері Күршімде тұрып жатқан «Өскемен құрылыс» компаниясының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, құрметті құрылысшы, Кенді Алтайдың шалғайдағы ауылдарына 10 мектеп, бірнеше әлеуметтік нысандарды көздің жауын алатындай әдемі етіп салып берген бұл азаматты екінің бірі танып, құрметтейді десек, қателесе қоймаспыз. Расы, Ержанды ұстау қиын, шырайлы Шығысты тынбай шарлап жүретіндіктен азаматпен жолығу оңай шаруа емес. Сәті түсіп жақында Күршім ауданында іссапармен болған кезде Ержанмен кездесудің орайы келді.

 

Ержан Сқақов! Өр Алтайдың төрінде кіндігін кескен, соңғы он жылдан бері Күршімде тұрып жатқан «Өскемен құрылыс» компаниясының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, құрметті құрылысшы, Кенді Алтайдың шалғайдағы ауылдарына 10 мектеп, бірнеше әлеуметтік нысандарды көздің жауын алатындай әдемі етіп салып берген бұл азаматты екінің бірі танып, құрметтейді десек, қателесе қоймаспыз. Расы, Ержанды ұстау қиын, шырайлы Шығысты тынбай шарлап жүретіндіктен азаматпен жолығу оңай шаруа емес. Сәті түсіп жақында Күршім ауданында іссапармен болған кезде Ержанмен кездесудің орайы келді.Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов аудандағы құрылыс нысандарының көбінде «Өскемен құрылыс» компаниясының ізі сайрап жатқанын тілге тиек етті де, оларды тізбелеп шықты.

– «Ержан Сқақовтың құрылысшылары соңғы бірнеше жылда облыста оннан астам мектептің құрылысын салып берді. Тек Күршім ауданында Аманат, Теректібұлақ, Барақ батыр, аудан орталығында 600 орындық мектептің құрылысын мерзімінде аяқтады. Мұның сыртында Катонқарағай, Шемонаиха аудандарында да бірнеше мектеп тұрғызған. Өткен жылы Күршімдегі 64 пәтерлі тұрғын үйді мерзімінен бұрын салып беріп, ауданда қызмет ететін ұстаздар мен дәрігерлер, аз қамтылған отбасыларға пәтер кілтін тапсыруға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, құрыш білекті құрылысшыларға алғысын айтты. Ержанның құрылысшылары мұның сыртында жабық спорт модулін, хоккей, футбол алаңдарын салып берген. Аудан орталығындағы Бәйтеректе де құрылысшылардың ізі сайрап жатыр», – деді аудан әкімі А.Сейітов.

Аудан орталығының көрікті жерінде, Бәйтеректің маңынан құны 580 миллион теңгенің 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бір сүйініштісі, ғимарат құрылысына жергілікті материалдар қолданылады екен.

–Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын өзіміздің құрылыс базамызды құрғанбыз. Қазір кірпіштің пеноблок атты түрі таптырмайтын материал. Ол жеңіл, сапалы әрі қыста жылы болады. Құм, цементке Қытайдан әкелінген мырыш ұнтағын қосу арқылы кірпіштің шыдамдылығы артады. Бір пеноблок төрт-бес кірпішті алмастыра алады, сондықтан құрылыс та қарқынды, жылдам салынады. Бұдан екі жыл бұрын «Көкжал» сауда үйін салған кезде де өзіміз әзірлеген материалдарды пайдаландық. Қазір 500 орындық мейрамхана құрылысын салуды бастадық. Қытайдан жеткізілген бетон араластырғыш жүйе бір сағатта 45 текше бетонды әзірлейді. Күршімнің батыс жағында компанияның плас­тиктен есік, терезе, пәтер балкондарын жасайтын цехы жұмыс істеп тұр. Арзан болған соң тіпті көрші аудандардан сатып алып жатқандар қатары күн сайын көбейіп келеді. Ол ол ма, Украинаның Кремчук қаласынан 600 мың АҚШ долларына сатып алған асфальт зауыты өңірдің жолдарын салуда кеңінен қолданылуда, – деп Ержан ініміз біраз жайларды ортаға салды.

«Өскемен құрылыс» компаниясы салған «Көкжал» супермаркетіне кірдік. Тіпті мұндай ғимараттар ауылды қойып облыс орталығында сирек кездеседі. Жан-жағы қарағай, самырсын ағаштарымен көмкерілген, іші-сырты айнадай таза екі қабатты ғимаратта шаштараз, сауда орындары, балаларға арналған киім-кешек сау­даланады. «Көкжал» супермаркетінің ішінде қонақүй, дәмхана, шаштараз бар. Алмагүл Қайырханова бір жыл бұрын Өскеменде шаштараздар әзірлейтін курсты тәмамдаған соң «Көкжал» сауда үйінен орын алып, Анар Қайшантаева, Жанна Әбілқайырова үшеуі ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.

Ержанның жұбайы Гүлнар Қатпанова есеп-қисаптарды жасаса, Нұрғиза Аманбаева қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Айта кету керек, құрылыс компаниясында бұл күндері 250 адам еңбек етеді. Мұның сыртында Ерекең басқаратын «Көкжал» шаруа қожалығында жүздеген ірі қара, жылқы бар, аудан орталығында мал өнімдерін арзан бағамен саудалайтын дүкені ауыл тұр ғындарға қызмет етуде. Ауылдың жиырмаға тарта адамы дүкеннен арендаға дүңгіршек ашып алып, саудаларын қыздырып жатыр. Аренда бағасы қалта көтерерліктей, дейді сауда жасаушылар. «Көкжалда» Ерекең отыз адамға жұмыс орнын тауып терген. Сол маңдағы құрылыс дүкеніне кірген кезде де жинақылық пен ұқыптылықты байқадық. Мұнда кез келген құрылыс материалдарын тауып аласыз, бағасы қала дүкендерімен салыстырғанда арзан болмаса, қымбат емес. «Пайда табуды емес, жерлестерімнің қажетін өтеуді мақсат тұттым, оларға жұмыс тауып беруді азаматтық борышым санадым», дейді Ержан Сқақов.

Шынында да, ауылда тұрып жатса да Ержан Сқақов басқаратын компания құрылысшылары өңірдегі құрылыс нысандарын салуға қызу араласады. Оның құпиясы жоқ, тендерге қатысқан кезде барынша арзан, үнеммен құрылыс ғимараттарын салып беруге кепілдеме береді. Себебі, цементтен басқа материалдарды өздері дайындайтын болған соң оған сенім артылатыны белгілі. Сондықтан болар, аталған компания соңғы екі жылдан бері Шемонаиха ауданында бірнеше нысандарды салуда. Жақында ғана компания осында 320 орындық мектептің құрылысын аяқтапты.100 орындық интернат құрылысын бір айда салып берген құрылысшыларға аудан жұртшылығы ерекше алғысын білдіріпті. Жақында Шемонаихада 180 орындық мектептің құрылысын бас­тап кеткен жігіттердің оны мерзімінде аяқтайтындарына сенім мол.

Қазір құрылыс салуға қаржы жетеді. Өкінішке қарай, білікті де білімді мамандар жетіспейді. Көп ретте жұмыс күші мен техника жетпесе де қатарынан бірнеше тендерге қатысып, оны ұтып алған соң, не істерлерін білмей, ғимаратты мерзімінде тапсыра алмай отырған құрылыс компаниялары баршылық. Бұл ретте Ержан Сқақов басқаратын «Өскемен құрылыс» компаниясынан басқалар үлгі алса, қанеки. Олардың жұмыс күші мен техникасы қазіргі заманғы талаптарға сай, мерзімінде ғимаратты салып, тапсырады. Ержандікі сияқты екі-үш компания болса, ісіміз алға басар еді, дегенді облыс әкімі құрылысшылармен болған алқалы жиында айтқан еді. Иә, бұл бизнестің жауапкершілігін білдірсе керек.

Е.Сқақов қайырымдылық шараларына да белсене араласады. Кезінде өзі де спортпен шұғылданған азамат ауданның спортшыларына үнемі демеушілік жасайды. Футбол, хоккей алаңын салып беруі соның дәлелі болса керек. Мектептер мен балабақшаларға да көмегін көрсетіп тұрады. Балабақша демекші, Шемонаихада 280 орындық балабақшаның құрылысын бастады. Глубокое ауданының Черемшанка кентінде де емдеу-дәрігерлік амбулатория құрылысы жүруде.

Қашан көрсең де тыным таппай шапқылап жүретін құрылыс саласының білгір маманы жол салуға да белсене араласып жүр. Халық қалаулысы ретінде ол ауыл адамдарының мұң-мұқтажын шешуге де белсене араласады. «Шіркін, Бұқтырма бойынан паромның орнына көпір салынса, ауыл адамдарының көзі ашылар» дегенді сездірген. Депутат ретінде бұл өзекті мәселенің шешімін табуына да үлес қоспақ ойы бар. Бұл ойын облыс басшылары да қолдап отыр. Жақында ғана олар Шемонаиха ауданында «Көкжал» атты асфальт зауытын іске қосыпты. Демек, жол ұзақ, арман алда дегендей. Кенді Алтайдың бірнеше ауылдарындағы құрылыста сайраған ізі жатқан Ержан Сқақовтың бергенінен берері көп. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына да үлкен үлес қосып жатқан азаматтың бүгінгісінен ертеңі жарқын бола бермек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы.

Суретті түсірген автор.