Қоғам • 08 Ақпан, 2020

Семейде жас ғалымдардың аймақтық семинары басталды

591 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың елі - Семейде өтіп жатқан шараны Жас ғалымдар альянсы (YRA) мен Семей медицина университетінің Жас ғалымдар комитеті бірлесіп ұйымдастырған.

Семейде жас ғалымдардың аймақтық семинары басталды
 

Семинарда баяндама жасауға келген Назарбаев Университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеушілері, өзге де қонақтар алдымен Семей медицина университетінің заманауи материалдық-техникалық базасымен танысты. Оқу орны болашақ дәрігерлердің тәжірибеден өтуіне және маңызды салада ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуіне сай соңғы технологиямен жабдықталған. Соның ішінде Мәскеуден алдырған адам анатомиясын 3D форматында көруге, қарауға, дененің кез келген бөлігін анық бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық аппарат 1-2-курс студенттеріне көп көмектесетін көрінеді. Сондай-ақ болашақ дәрігерлер тәжірибе жинайтын арнайы аурухана да бар.

Семинарға Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішов, жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар қатысты.

О.Әбішов ғалымдардың басын біріктіріп, ортақ мәселелерді бірге талқылап, тәжірибе алмасуға бағытталған шараның елорда мен Алматыда ғана емес, өңірде өтуінің маңызы зор екенін жеткізді. 

- Ғылым жолында нақты нәтижеге жалғыз жету мүмкін емес. Сол себепті бастысы - бірігу. Әр зерттеушінің медицина ғылымын дамытуға үлес қосқанына мүдделіміз, сондықтан біз министрлік тарапынан кез келген қолдауға дайынбыз. Бүгінде студенттер мен болашақ ғалымдармен тексеріс пен тапсырма түрінде емес, әлеуетін арттыруға барлық жағдай жасау арқылы жаңаша қарым-қатынасты қолға алдық. Мәселен, мен әлеуметтік желіде арнайы ашылған чатта студенттердің барлық пікірін өзім оқып отырамын. Ғылым жолы ауыр болса да, берілмеуге шақырамын, - деді ол.

Ал Жас ғалымдар альянсының төрайымы Әсия Ермұхамбетова бірлестіктің қалай құрылғаны, негізгі мақсаты мен атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады. Қазіргі таңда жас ғалымдардың алаңына айналған альянсқа еліміздегі және шетелдердегі 200-ден аса ғалым, зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар мүше.

23 жасында денедегі тыртықтарды жасушалық терапия арқылы емдейтін Cellular therapeutics компаниясының негізін қалаған PhD Болат Мұхтарұлы студенттерге өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар болашақ дәрігерлерді шығыны төленетін тәжірибеден өтуге шақырды. 

Қазақстанда ғылыми тұрғыда зерттелмей келген медицинанық мәселенің бірі - қант диабеті төңірегінде Нью Йорк университетінің магистратурасында білім алып, Британдық Колумбия университетінде іс-тәжірибеден өтіп келген PhD докторант Бақытжан Алжанұлы инсулин синтездейдін жасушаларды алудың жаңа түрін таныстырды. Адам бағаналы жасушаларының ДНҚ-сын әлемде кең тараған Crispr әдісімен өзгертіп, жаңа жасушалар алынады. Бұл жасушалар инсулин бөледі.

Қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізудің тиімді жолын, әзірлемесін зерттеген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің постдокторанты Насиба Байматова Алматы, Талдықорған, Вьетнамдағы Хошимен қалаларының ауа құрамындағы ұшқыш органикалық қосылыстар (VOCs) мөлшерін анықтаумен айналысады. Ұшқыш органикалық қосылыстар құрамына кіретін бензол қатерлі ісікке шалдықтырады. Н.Байматова зерттеген жұмыстың нәтижесінде Алматыдағы бензолдың орташа мөлшері - 64 мкг/м3. Бұл әлемдегі ең лас қалалардың бірі саналатын Жаңа Делиде 87 мкг/м3 көрсеткен. Автор өзінің әзірлеген, сондай-ақ, қазіргі таңда студенттерімен бірге әрі қарай жалғастырып, жетілдіріп жатқан әдістемесін мүдделі мекемелерге беруге дайын. 

 

СЕМЕЙ