09 Тамыз, 2013

Мал дәрігерлері көлікті болды

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені алдына мал санын арттыру, таяу жылдарда экспортқа шығарылатын ет көлемін 60 мың тоннаға жеткізу міндетін қойып отыр. Сондықтан да елімізде ауыл шаруашылығын 2020 жылдарға дейінгі кезеңде дамытудың кешенді бағдарламасы жасалып, жүзеге асырыла бастады. Мұндай міндеттердің мал тұқымын асылдандырмайынша, салада малдәрігерлік қызметті жақсартпайынша мүмкін еместігі түсінікті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені алдына мал санын арттыру, таяу жылдарда экспортқа шығарылатын ет көлемін 60 мың тоннаға жеткізу міндетін қойып отыр. Сондықтан да елімізде ауыл шаруашылығын 2020 жылдарға дейінгі кезеңде дамытудың кешенді бағдарламасы жасалып, жүзеге асырыла бастады. Мұндай міндеттердің мал тұқымын асылдандырмайынша, салада малдәрігерлік қызметті жақсартпайынша мүмкін еместігі түсінікті.Үкімет соңғы жылдары бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіп, қаржылай қолдау көрсетуді қолға алды. Еліміз егемендік алғаннан кейін ауыл шаруашылығының ажары тайып, ветеринариялық қызметтің кенжелеп қалғаны да шындық. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында сөйлеген сөзінде еліміздегі ветеринариялық қызметтің қазіргі жай-күйіне кеңінен тоқталып, салада алдында тұрған міндеттерді белгілеп, түйінді мәселелерді шешуге бірқа­тар тапсырмалар берген болатын. Республикада ветеринариялық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мақ­са­тында «Ветеринария туралы» заңға біраз өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізілгені мәлім. Осындай өзгерістердің нәтижесінде ауылдық жерде малдәрігерлік қызмет сапасын арттыру үшін маман­дарға коммуналдық төлемнен жеңіл­діктер берілді, олар тұрғын үй алуға және салуға жеңілдетілген өсім­мен несие алатын әлеуметтік сала мамандарының санатына жатқы­зылды, ауылға барған мал мамандарына көтермеақы төленетін болды. Осындай тұрмыстық игілік­тер ынталандырған жас мамандар ауылдық жерлерге бара бастады. Өткен жылы Елбасының «Дип­ломмен – ауылға!» жобасы бойынша 13 жас маман ауылдық округ­терде жұмысқа орналасты. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, осын­шама жас түлектер ауылдық жерлерге баруды ұйғарып отырған көрінеді.

Енді биылдан бастап аудандық және ауылдық жерлердегі респуб­ликалық бюджет есебінен жаңадан құрылған ветеринариялық ұйым­дарды құрал-жабдықтармен жарақтандыру басталды. Жақында ғана ашылған «Анди» ЖШС-інде облыстың аудандық және ауылдық округтеріндегі ветеринария ұйым­дарына автокөліктерді салтанатты тапсыру шарасы өткізілді.

Қалалық, аудандық және ауыл­­дық округтердің ветеринария кәсіп­орындары өкілдеріне су жаңа автокөліктердің кілтін облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов тапсырды. Ол қызметтік көлік иелерін құттықтап сөз сөйледі. Елбасының саланы дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын тілге тиек ете келіп, мұндай игіліктердің ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге алғышарт жасайтынын айтты. Өз жұмыстарын жаңаша жүргізіп, мал ауруларының алдын алу, болдырмау жолында, мал өнімдерінің сапасын арттыру бағытында мол қайтарыммен еңбек етуге тілектестігін білдірді.

Салтанатты сәтте ве­те­ри­на­рия­лық стансаларға 13 «Джип» және дәрілеу қондырғысы орнатылған осыншама «УАЗ», ауылдық округтердегі осындай пунктерге 137 «Нива» автокөліктері табыс етілді.

– Осы автомобильдерді қоса есептегенде 60 түрлі малдәрігерлік құрал-жабдықтар сатып алуға 588 миллион теңгеге жуық қаржы бөлін­ді. Соның 40-тан астам құ­рал-жабдығын қазірдің өзінде алып болдық. Малдәрігерлік стан­­­саларға аудан орталығынан жеке қызметтік ғимарат, ал, пунк­­­терге бөлме бөлінетін бол­­ды. Олар ветеринариялық құрал-жабдықтармен толық жарақ­тан­дырылады. Осының барлығы сайып келгенде, облыстағы мал шаруашылығын дамытуға серпін беретін үрдіс, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің жетекшісі Асанхан Жұмашұлы.

Бұдан басқа қазір облыстың төрт ауданында бес ветеринариялық зертхананың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып қалды. Олар да осы заманғы озық зертхана­лық құрал-жабдықтармен жарақтан­дырылып, жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.