09 Тамыз, 2013

Алтын ұя

483 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Есігін мен имене аттаған мектептің құрылғанына биыл 50 жыл толғалы отыр. ҚазМУ-дің филология факультетін бітіріп, жолдамамен Ақжал елді мекеніне келдім. Алған білімімді шәкірт жүрегіне жеткізгенше асығудамын. Бұл 1974 жылғы 1 қыркүйек еді. Қаумалаған шәкірттер, аяулы ұстаздар қауымы жылы шыраймен қарсы алды.

Есігін мен имене аттаған мектептің құрылғанына биыл 50 жыл толғалы отыр. ҚазМУ-дің филология факультетін бітіріп, жолдамамен Ақжал елді мекеніне келдім. Алған білімімді шәкірт жүрегіне жеткізгенше асығудамын. Бұл 1974 жылғы 1 қыркүйек еді. Қаумалаған шәкірттер, аяулы ұстаздар қауымы жылы шыраймен қарсы алды.

Бірінші тоқсанның қорытындысы менің ісімнің сараланар сәті болды. Оқу ісінің меңгерушісі Шәркен ағайдың: «Ұстаздық жолды дұрыс бастады, келешекте жақсы мұғалім шығады», – деген сөзін ешқашан ұмытпаймын. Сол күннен бастап шәкіртке, ұстаздыққа деген сүйіспеншілігімнің артуына көп еңбектенуге тура келді. Бұл жолда ағалық, апалық ақылдарын айтқан аяулы ұстаздарға мәңгілік қарыздармын. Ол кезде мектепте ер мұғалімдер көп болатын. Ұстаздық жолда ер адамдардың рөлі жоғары екенін әлі де айтып келемін. Мысалы: Мұқатаев Ш., Исатаев Т., Закиров А., Ильясов Т., Әбдіров М., Адамин С., Қыздарбеков Қ., Ибраев А., Әйнеков Ө. керемет адамдар еді.

Өздерінің білімдерімен, ақыл-кеңестерімен, іс-әрекеттерімен, үлгі-өнеге болған ұстаз апайлардың еңбегі де аз емес. Олар: Мұқатаева М., Салина Қ., Күлмағанбетова Г., Тілеуберлина Б., Муталипова З., Тілеуберлина О., Сырғабекова Г., Құсайынова Н., Бакишева М., Аханова Г., Шутенова Р. т.б. болатын.

Биыл менің мектебімнің қанат жайып, сан мыңдаған шәкірттердің қимас мекеніне айналғанына 50 жыл толғалы отыр. Соны ойлағанда осы білім ұясының кешегісі мен бүгінгісі көз алдымнан үздіксіз өтеді. Мектеп 1963 жылы осы Ақжалдағы Школьная көшесінде іргетасы қаланып, қыркүйек айынан бастап шәкірттер қабылданған. 2005 жылдан бері академик, химик Шәрбан Батталова есімімен аталады. Бұл кісі елімізге белгілі үлкен ғылым өкілі болған адам. Осы өңірдің тумасы ол апамыз туралы деректер жинамақ болып Алматы қаласындағы С.Зиманов ағаймен кездесуге бардым. Сонда Салық ақсақал: «Шәрбан өте еңбекқор, қарапайым, зейінді, өжет, өткір жан еді. Сондықтан қарағым Сәруар, сендердің де шәкірттерің осы апаларыңа лайықты болсын», деген жылы сөзін айтқан болатын. Мектебімізге келіп, кездесу өткізген кезде де осы пікірін қайталаған заңгер ғалымның үні әлі құлағымызда тұр.

Сан мыңдаған шәкірт ұшырған мектеп өзінің түлектерін үнемі мақтан тұтады. Солардың бірі – Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Әбдіров. Одан кейін ҚРПМ департамент директорының орынбасары М.Шәйкеновті, экономика ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы Қ.Сармантаевты, Алматыдағы «Алатау» бас­па корпорациясы президентінің кеңесшісі Ө.Баяшев пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Мұқатаеваны атап айтуға болады.

Шәкірттер – мектеп қуанышы, мақтанышы. Олар кейінгі түлектерге үлгі болады. Озат оқушылар туралы сынып сағаттарында, жиындарда айтылып жүреді. Мектептің қабырғасында суреттері тұрған «Алтын белгімен» марапатталған ұл-қыздар республика, облыс, аудан көлемінде еңбек етіп жүр. Көбі шетелдерден білім алып, қазір Алматы қаласында еңбек жолдарын жалғастырып келеді. Олар: Адамина Б., Бакишева Г. Ал үш тілді жете меңгерген Тоғанбекова Ж. білімін Америка Құрама Штаттарында жалғастыруда.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, бұл мектепте айтулы ұстаздар өз өмірлерінің барлық қызықты да қиын күндерін осында өткізіп келеді. Атап айтарымыз, мектептің басшылары болған: Досымханов Н., Арыстанбеков А., Қыздарбеков Қ., Асубаева Қ., Әбдіров М., Адамин С., Нүркеев Д., Богер М., Курлаева Л., Жүнісова С., Жанасбаева Г. сияқты әзиз жандар әр кездері оқушылардың саналы білім, сапалы тәрбие алуларына айрықша көңіл бөлген. Жоғарыда аталған басшылардың ісін жалғастырушы мектеп директоры Исаева А. мен оқу ісінің меңгерушісі Бегимова Г. Елбасымыздың халыққа білім беруге байланысты қойған талаптарын орындап, тер төгіп жүрген жандар.

Ы.Алтынсарин атамыз айтпақшы: «Мұғалім – мектептің жүрегі». Ендеше, осы жолда еңбек еткен аяулы ұстаздардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Осы білім ұясының ыстығына күйіп, суығына тоңып, ұжымның абыройын ойлап жүрген ұстаздар қаншама! Олар: Жанасбаева Г., Бартенова С., Арыстанбекова Р., Абжаппарова Р., Ибажанова Б., Бегимова Г., Махметова С., Жүнісова С., Бекишева Б., Карина С., Алтынбекова М., Құсайынова М., Сейтжапар С. Сияқты жандар. Бұл ар өнегелі өмірлерімен, сапалы білімдерімен, үлгілі тәрбиелерімен шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, оқушылармен балаша тілдесіп, бар білгендерін ортаға жайып салатын педагогтар. Қызығы да, қиыны да шытырман оқиғаға толы ұстаздар өмірлеріне қызыға да тамсана қарайсың. Осы ұстаздар мектептің, алтын ұяның жүрегі десек артық болмас. Өйткені, барлық іс-шаралардың ортасында белсенді қызметтер атқарады. Өмірдің кейбір қиыншылықтары мен қызықтарына шәкірттерін тынымсыз еңбектерімен тәрбиелеуде.

Қазір Елбасының Жолдауы алдымызға жастарға білім, тәрбие беруде үлкен талаптар қоюда. Соған лайықты шәкірттер тәрбиелеу – міндетіміз. Мектеп жыл сайын жас мамандармен толығуда. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», деп Абай атамыз айтқандай, іргетасы қаланғанына 50 жыл толып отырған мектебіміз ұжымының еңбектеріне сәттілік, дендеріне саулық, шығармашылық табыс тілеймін.

Сәруар МАХМЕТОВА,

Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, жоғары санатты ұстаз.

Қарағанды облысы,

Шет ауданы,

Ақжал кенті.