09 Тамыз, 2013

Бұл елде әскердің орны ерекше

275 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркияда «Эргенекон» ісі бойынша әскерилерге сот болды. Осыдан он жыл бұрын әскери төңкеріс жасау әрекетіне қатысы болды деген айыппен отырған 275 адамның 254-і жаза алды. Бас айыпкер – бұрынғы бас штабтың бастығы Ілкер Башбуг өмірлік қамаққа кесілді.

Түркияда «Эргенекон» ісі бойынша әскерилерге сот болды. Осыдан он жыл бұрын әскери төңкеріс жасау әрекетіне қатысы болды деген айыппен отырған 275 адамның 254-і жаза алды. Бас айыпкер – бұрынғы бас штабтың бастығы Ілкер Башбуг өмірлік қамаққа кесілді.

Бұл елден естілген жайсыз хабарға жанымыз ауырады. Оны айтпай, ол жайында пікіріңді білдірмей және тұра алмайсың. Түркілер дүниесі дейтін әлемдегі жетекші елде тыныштық болғаны – бәріміздің көкейімізде жүрген ойымыз. Жетекші елдің халықаралық ауқымда да беделі жоғары болса дейсің. Оның табыстары көңілімізді жадыратады. Жайсыз хабарлар жабырқатады. Ондай хабарлар соңғы уақытта жиілеңкіреп кеткендей.

Әрине, ешкім де өз елінде жай­сыздық болсын демейді ғой. Сөйтсе де, өздерінде болып жатқан оқиғаларға әркім де өзі жауап береді. Сол жайсыздықты болдырмаудың, оның алдын алғандай әрекеттер жасаудың жолын іздестіру қажет-ақ. Осы жаздағы әлемді дүр­лік­тірген Таксим алаңындағы оқиға талай сараптан өтіп, талданды. Миллиондаған адамның алаңға шығуы, бүкіл елді шарпыған қар­сылық әрекеттерінің себептері көңілге қонбайды. Ел басшылығы оны өршітпей-ақ, келісім арнасына қарай бұра алар еді ғой деген пікір көп айтылды. Тағдырлы оқиға болып жатқанда, үкімет басшысы Реджеп Ердоғанның жат елге сапар шегіп кеткені де, қайтіп келген соң, жағдайды күшпен реттегісі келгені де құптарлық қадам емес еді, дейді біраз жұрт.

Күшке басу бүгінгі заманда жақ­сылыққа апармайды. Тіпті әл­сіз көршіңді де күшпен ыңғайға көн­діре алмайсың. Сол көршіңе кө­мек қолын созатындар табылады. Кезінде әжептәуір түсіністік қарым-қатынаста болған Израильге соңғы уа­қытта Анкараның қатқылдау сая­­сат ұстануы оның беделін көте­р­­е қойған жоқ-ау, дейсің. Біраз бұ­рын Палестинаның Газа секторына Израильдің келісімінсіз қайы­рымдылық көмекті «күшпен» жеткізбек болғанда, біраз тү­рік теңізшілері қаза тауып, жағ­дайсыздыққа ұшырады. Енді содан сабақ алмай, Ердоған мырза сол Газа секторына Египет жағынан өзі бармақ болып еді, бұл ел оған рұқсат етпей қойды. Бұл жайында әлем шулады. Елдің беделін түсіретін-ақ қадам. Сол қажет пе еді?

Осының барлығы аптаның басында болған әскерилерге сот жайында хабарды естігенде ойға оралды. Күні кешегі ел ішіндегі аласапыран оқиғаның шуы құлақтан кетпей жатып, екінші бір шудың естілгені құлаққа қатты тиеді екен. Жаман ниетті әрекетті айыптау, оған кінәлі адамдарды жазалау қажет-ақ. Сол жазаланғандардың ақ-қаралығы жайында пікір айта алмаймыз. Ал елде біраз жұрттың бұл жазаның әділ еместігін айтып жатқандары да бар. Бірақ бір нәрсе көңілге қонбайды. Әскерилерді жазалау бұл елде науқанға айналып бара жатқандай. Былтыр ғана әскери төңкеріс жасамақ болды, деп 300-дей әскери адам сотталған еді. Енді осыдан он жыл бұрынғы іс үшін осынша адам сотталып отыр. Сонда бұл не, әділдікті жүзеге асыру ма, жоқ әскерилерді қорқыту ма?

Қорқыту болғанда, ол тым қа­уіпті емес пе? Қаруға жақын адам­дарды жаппай жазалау әзірге жазаланбағандардың қауіптенуін тудырып жүрмей ме? Рас, ел басшылығы мұны да ескерген сияқты. Осы жаппай соттаудан бір-екі күн бұрын ғана премьер-министр Ердоған барлық әскер түрлерінің және жандармерияның басшылығын жаңартып шыққан көрінеді. Бұл әскерилердің ап­тығын басқанымен, ел ішінде жұртшылықтың қарсылығын қазірдің өзінде тудырып отыр. Ал ол асқынып кетсе, жақсы емес.

Жалпы, бұл елде әскерилердің орны бөлектеу. Кешегі Ататүрік заманынан оларға ел тағдырына жауаптылық жүктелген. Елдегі билікке келген саяси күштер ел мүддесінен ауытқып бара жатса, әскерилердің оларды орнына қоятын дәстүрі бар. Бұған дейін төрт рет әскери төңкеріс жасап, билікті өз қолдарына алып, кейін азаматтық күштерге беріп отырған. Ердоған да сондай әрекеттен қорқады деген сөз бар. Бірақ, билікті жазамен ұстау қиын ғой.

 

Қарсылықтан гөрі келісім жолы тиімді

 

Египетте әлі қақтығыс басылған жоқ. Бірақ, келісімге жетудің жолы табылар деген үміт бар. Әскери әкімшілік те, «Мұсылман бауырлар» қозғалысының жетекш ілері де сол жолдың табылғанын қалайтын сияқты. Оған белгілі дәрежеде сырттағылар да ықпал жасап отырғандай.

Тақтан тайдырылған президент Мұхаммед Мурсидің жақтастары әлі де қарсылығын тоқтатқан жоқ. Көше толы «Мұсылман бауырлардың» өкілдері. Қолдарында бұрынғы президенттің портреттері, елдің ұлттық жалауы. Бірақ, бұрынғыдай аласұрған айқай жоқ, көпшілігі жерге отырып алған. Шын мәнінде бейбіт бой көрсету, бейбіт қарсылық деуге болғандай. Сөйтсе де, ұран бұрынғы – демократиялық жолмен сайланған президент Мурсиді қызметке қайтарыңдар дейді.

Сірә, мұны әскерилердің, уақыт­ша үкіметтің қатқыл да парасатты әрекеттерінің нәтижесі деген жөн болар. Олар шеруге шыққандар шектен шығып, әскермен қақтығы­суларын қоймайтын болса, жазаға ұшырайтындарын ескертті. Бұл жай қорқыту ғана емес, іс жүзінде солай болатынын да дәлелдеді. Саяси дағдарыс кезінде бірталай адам құрбан да болды, жараланғандар да көп.

Сонымен бірге, әскерилер алғаш­қы күннен-ақ ешкімнің де сая­си құқықтарын шектемейтіндерін, саяси күштер өкілдерін жаңа үкіметті құруға қатысуға шақырған. Ал уақытша үкімет те сол бағытты ұстанып келеді. «Мұсылман бауырлар» қозғалысын да шақырған. Тіпті, соңғы күндерде бұл қозғалысқа үш тұтқалы қызмет те ұсынылыпты. Бірақ, олар үкіметке кіруден түбе­гейлі бас тартқан көрінеді.

Сол «Мұсылман бауырлардың» да ресми өкілі Гелада әл-Хаддада былай деді: «Біз үкіметті де, бұл билікті де, олардың заңдарын да мойындамаймыз. Олар бізді көшеден қуғысы келді, бірақ шамалары жетпеді. Біз күресімізді жалғастырамыз». Ал бұл қозғалыстың көсемі Мұхаммед Бади мен оның екі орынбасарының ісі күш қолдануға шақырғаны үшін деген айыппен сотқа беріліпті.

Қазір бұрынғы президент Мурсиге байланысты да жұрт­шылық пікірі өзгергендей. Еуро­одақтың сыртқы саясат және қауіп­сіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштонның онымен жолығып, екі сағат әңгімелескені біраз жұртты тыншытқандай. Мурсимен жолыққаннан кейін Африка одағының делегациясы мынадай мәлімдеме жасады: «...президентті құлату әскери төңкеріс емес, халықтық революцияның нәтижесі болды». Мали президенті Умар Конаренің: «Әскердің араласуы бұл елде азамат соғысының алдын алуды көздеді», деген сөзі біраз жұртты парасаттылыққа шақыр­ғандай естілді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Мурсиді биліктен кетіру демократияны қалпына келтіру болды дегені мүлде жаңа баға еді, ол бұл елдегі жағдайға көзқарасты айтарлықтай өзгертті. Ал Египеттің сыртқы істер министрі Нәбіл Фахмидің: «Ол (Мурси) жұрт табынатындай әулие емес» деуінде де біраз сыр бар. Мурсиді ту етіп, алысқа бара қоймайтындарын енді оны жақтаушылар да аңғарғандай. Сонда олар келісім жолына бұрылса екен дейсің. Бұдан «Мұсылман бауырлар» қозғалысы ұтар еді. Бітіспес қарсылық оларды қайтадан тұйыққа тірейді.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».