– Түркі академиясы ғылыми кеңесінің кезекті отырысында төрағалық міндет Қырғызстаннан Әзербайжанға табысталды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Түркі академиясының жарғысына сәйкес ғылыми кеңес төрағалығы Әзербайжан тарапына табысталып отыр. Ғылыми кеңес аясында Түркі тілдес елдер Баку төрінде бас қосып, көптеген мәселе көтерілді. Аталған платформада 2020 жылғы мерейлі даталар бойынша атқарылатын жұмыс, шаруалар реті талқыланып, соның негізінде тиісті шешімдер қабылданды. Соның бірі әрі бірегейі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері деп айтар едім. Түркі кеңесі басшылары негізінде академия дайындаған «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемінің географиясы» оқулықтарын мүше елдердің білім бағдарламаларына енгізу, үйлестіру ісі кеңінен талқыланды. Сондай-ақ түркі әлемінің көрнекті тұлғасы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу басталып кеткені белгілі. Бұл ретте ұлағатты дәстүрлердің жалғасы болған тағылымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылатын болады. Бүгінде Әзербайжандағы қара шаңырақ Баку Ұлттық Университетінде оншақты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Абай орталығы» қазақ тілі мен әдебиетінің, түркі өркениетінің бір саласы қазақ мәдениетінің насихатын сәтті жүзеге асырып келе жатыр. Расында, ғылыми кеңес отырысында студенттердің ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту, кеңейту тұрғысынан көптеген мәселе талқыланды деп айтуға болады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және маман даярлау сапасын арттырудың тиімді тәсілі жайы сөз болды. Біз көзқарастарды, күш-жігерді біріктіруді ескере отырып, ғылым мен білімнің дамуына айтарлықтай оң әсер ете аламыз. Әрине, Түркі академиясы отырысының хаттамасында көрініс тапқан көптеген бастама туралы айтуға болады. Бұл ретте 2020 жылы сәтті болатынына сенімім кәміл. Түркі әлемінің өркениеті бағытында тарихи, әдеби, мәдени және рухани құндылықтарды насихаттауға сүбелі үлес қосып жүрген мемлекеттерге айрықша алғыс білдіреміз.
– Ал хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына қатысты ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ шеңберінде қандай іс-шаралар қолға алынады?
– Ғылыми кеңес хаттамасында түркі әлемінің көрнекті өкілдерінің мерейтойлары аясында жиырмадан астам іс-шара өткізудің толық жоспары белгіленді. Бүгінгі таңда мерейтойды ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында тойлау мәселелері қызу пысықталып, дайындық жұмыстары қарқынды басталып та кетті. Абайдың еңбектерін түркі тілдеріне аудару және басып шығару жөніндегі шаруалар қолға алынып жатыр. Бұдан бөлек халықаралық маңызы бар күндер қатарында Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын, әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Maнас дастанының 1025 жылдығын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы және публицист Нариман Наримановтың 150 жылдығы сынды айтулы даталар есепке алынды.
– Әзербайжандағы білім беру жүйесімен таныстыра отырсаңыз. Мәселен, сіздерде мұғалім мәртебесі қаншалықты қорғалған?
– Мен сізге айтайын, 2012-2015 жылдарға арналған мемлекеттік даму стратегиясында білім беру реформаларына қатысты нақты жол картасы белгіленген әрі оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл стратегия барлық деңгейдегі практикалық жүйені қалыптастыруды қолдайды және нақты мақсаттарды анықтайды. Қоғамдағы мұғалім беделін көтеру арқылы білім беру жүйесін жақсарту шаралары 2015 жылдары басталды деп айта аламын. Бұл – оқыту стандарттарын жүйелі түрде анықтаудағы жаңа көзқарас. Педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсетін студенттердің қатарын көбейту үшін және ел аймақтарында қызмет бастайтын жас мұғалімдердің уәждемесін ескере отырып мақұлданды. Нәтижесінде мұғалім мамандығы сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті кәсіптердің біріне айналуда. Сөзім дәлелді болу үшін нақты дерек келтіре кетейін. 2019 жылғы мәлімет бойынша мектеп бітірушілердің қорытынды емтиханында жоғары балл алған әрбір төртінші түлек бірінші кезекте мұғалім мамандығын таңдаған. Бұдан басқа, жыл сайын Білім министрлігі бүкіл ел бойынша мұғалімдерге арналған бос жұмыс орындарын жариялайды. Орталықтандырылған емтихан тапсыруға былтыр 55 мыңға дейін өтініш берілген. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 17 мың шамасында болатын. Мұның барлығы мұғалім мамандығының сұранысқа ие болып отырғанын көрсетеді. Біз жаңадан қабылданған білім беру жүйесінің нәтижесінде оқытушылардың кәсіби дайындығының едәуір жақсарғанына куә болып отырмыз, бұл бізге оң көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орта білім жүйесіндегі айлық есептік көрсеткіш тағы да көтерілді. Жас мұғалімдерге, сондай-ақ қала орталықтарынан алыс шет аймақтарда жұмыс істейтіндердің әлеуметтік жағдайларын жақсартатын қосымша толықтырулар қабылданғанын атап өткім келеді. Жалпы, аталған мәселелер үнемі қадағаланып отырады және мезгіл-мезгіл қайта қаралады.
– Білім беру жүйесінің сапасын әлі де жақсарта түсу үшін ең маңызды нәрсе не деп білесіз?
– Білім беру жүйесін жетілдіру – өте ауқымды мәселе. Менің ойымша, қазір әр елде білім беру жүйесін үнемі жетілдіруді, жаңартуды қажет етеді. Өйткені ХХІ ғасырда ең маңызды ресурс елдің географиялық орналасуы, табиғи байлығы, әскери әлеуеті емес екенін, негізгі деңгейі адам капиталы екенін барлығымыз түсінеміз. Осы тұрғыдан алғанда әр елдегі адами капитал деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың деңгейі білім беру жүйесі болып табылады. Егер бұл мәселеге философиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, кез келген ел қоғамның жетілуі мен дамуы үшін барлығын жасауы керек. Себебі білім беру жүйесі – қоғамның айнасы. Әзербайжан мемлекеті білім беру жүйесінің дамуына үлкен ықпал етіп келеді. Елде кез келген жастағы азаматтың лайықты, қолжетімді, сапалы білім алуына мүмкіндік беретін кешенді іс-шара өткізілуде. Соңғы 15 жыл ішінде Әзербайжанда шамамен 3300 мектеп салынды. Бұл еліміздегі барлық мектептердің 75 пайызын құрайды. Нәтижесінде миллиондаған мектеп оқушыларына білім беру мүмкіндігі артты әрі бұл тараптағы іс-шаралар жалғасып келеді. Жыл сайын 100 жаңа мектеп салынып, заманауи стандарттарға сәйкес келмейтін білім ошақтары қайта жаңартылады. Сондай-ақ Үкімет жоғары білім беруді дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. 2019 жылы студенттердің мемлекет есебінен білім алуын қаржыландыру мақсатында жоғары білімге қолжетімділіктің бірқатар жүйесі қабылданып, мемлекеттік бюджеттен білім алатын студенттер саны 66 пайызға артты.
– Абай атамыздың қай сөзін мәңгілік жадыңызда тұтасыз?
– Абайды ақын деп қана тар ұғымда қарай алмаймыз. Абай қазақ пен түркі әлемінің көрнекті өкілі ғана емес. Хакім шығармашылығының негізгі желісі – махаббаттан туады. Алланы, адамзатты және әділетті сүюдің бір біріне жаттығы жоқ екенін айтады. Бір таңғаларлығы, оның кең дүние танымы мен мол энциклопедиялық білімі өз заманында ғана емес, бүгінгі қоғам үшін де үлкен маңызға ие болуы өте қызық. Бұл ұлы өнердің уақытпен шектелмейтінін, шекараға бағынбайтындығын көрсетеді. «Адамзатың бәрін сүй, бауырым деп, және хақ жолы осы әділетті» деген хакім барша адамзаттың Абайына айналғанына куәміз.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»