Абай • 11 Ақпан, 2020

Жейхун Байрамов: Абай – адамзаттық алып тұлға

512 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркі әлеміндегі «Абай жылының» Әзербайжан астанасы Бакуде бастау алуы кездейсоқ емес. Жуырда Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер бас қосқан Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті отырысында Түркі әлемінің мерейлі даталар тізімі бекітілген-ді. Сол кезде хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты Әзербайжан Республикасының Білім министрі Жейхун Байрамов мырзамен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.

Жейхун Байрамов: Абай – адамзаттық алып тұлға

– Түркі академиясы ғылыми кеңесінің кезекті отырысында төрағалық міндет Қырғыз­стан­нан Әзербайжанға табыстал­ды. Бұл бағытта қандай жұмыс­тар атқарылмақ?

– Түркі академиясының жар­ғысына сәйкес ғылыми кеңес төр­ағалығы Әзербайжан тарапына табысталып отыр. Ғылыми кеңес аясында Түркі тілдес елдер Баку төрінде бас қосып, көптеген мәселе көтерілді. Аталған платформада 2020 жылғы мерейлі даталар бойынша атқарылатын жұ­мыс, шаруалар реті талқыланып, соның негізінде тиісті шешімдер қабылданды. Соның бірі әрі біре­гейі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері деп айтар едім. Түркі кеңесі басшылары негізінде академия дайын­даған «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемінің географиясы» оқу­лық­тарын мүше елдердің білім бағдар­лама­ларына енгізу, үйлестіру ісі кеңінен талқыланды. Сондай-ақ түркі әлемінің көрнекті тұлғасы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу басталып кеткені белгілі. Бұл ретте ұлағатты дәстүрлердің жалғасы болған тағылымды іс-шаралар кеше­ні жүзеге асырылатын болады. Бүгінде Әзербайжандағы қара шаңырақ Баку Ұлттық Уни­верситетінде оншақты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Абай орталығы» қазақ тілі мен әде­биетінің, түркі өркениетінің бір саласы қазақ мәдениетінің наси­хатын сәтті жүзеге асырып келе жатыр. Расында, ғылыми кеңес отырысында студенттердің ғылым мен білім беру саласындағы ынты­мақ­тастығын одан әрі дамыту, кеңейту тұрғысынан көптеген мәселе талқыланды деп айтуға болады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын ұйым­дастыру және маман даярлау сапасын арттырудың тиімді тәсілі жайы сөз болды. Біз көз­қарастарды, күш-жігерді бірік­тіруді ескере отырып, ғылым мен білімнің дамуы­на айтарлықтай оң әсер ете аламыз. Әрине, Түркі академиясы отырысының хаттамасында көрініс тапқан көптеген бастама туралы айтуға болады. Бұл ретте 2020 жылы сәтті болаты­нына сенімім кәміл. Түркі әлемінің өркениеті ба­ғы­тында тарихи, әдеби, мәдени және ру­хани құндылықтарды наси­хаттау­ға сүбелі үлес қосып жүр­ген мем­лекеттерге айрықша алғыс білдіреміз.

– Ал хакім Абайдың 175 жыл­дық мерейтойына қатысты ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ шең­берінде қандай іс-шаралар қолға алынады?

– Ғылыми кеңес хаттамасында түркі әлемінің көрнекті өкілдерінің мерейтойлары аясында жиырмадан астам іс-шара өткізудің толық жоспары белгіленді. Бүгінгі таңда мерейтойды ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында тойлау мәсе­лелері қызу пысықталып, дайын­дық жұмыстары қарқынды басталып та кетті. Абайдың еңбектерін түркі тілдеріне аудару және басып шығару жөніндегі шаруалар қолға алынып жатыр. Бұ­дан бөлек халықаралық маңызы бар күндер қатарында Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын, әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Maнас дастанының 1025 жылдығын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы және публицист Нариман Наримановтың 150 жылдығы сынды айтулы даталар есепке алынды.

– Әзербайжандағы білім беру жүйесімен таныстыра отырсаңыз. Мәселен, сіздерде мұға­лім мәртебесі қаншалықты қор­­ғалған?

– Мен сізге айтайын, 2012-2015 жылдарға арналған мемлекеттік даму стратегиясында білім беру реформаларына қатысты нақты жол картасы белгіленген әрі оны іске асыру бойынша іс-шаралар жос­пары бекітілді. Бұл стратегия бар­лық деңгейдегі практикалық жү­йені қалыптастыруды қолдайды және нақты мақсаттарды анықтай­ды. Қоғамдағы мұғалім беделін көтеру арқылы білім беру жүйесін жақсарту шаралары 2015 жылдары басталды деп айта аламын. Бұл – оқыту стандарттарын жүйелі түрде анықтаудағы жаңа кө­зқарас. Педагогикалық мамандықтар бо­йынша жоғары оқу орын­дары­на түсетін студенттердің қатарын көбейту үшін және ел аймақтарында қызмет бастайтын жас мұғалім­дердің уәждемесін ескере отырып мақұлданды. Нәтижесінде мұғалім мамандығы сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті кәсіптердің бірі­не айналуда. Сөзім дәлелді болу үшін нақты дерек келтіре кетейін. 2019 жылғы мәлімет бойынша мектеп бітірушілердің қорытынды емтиханында жоғары балл алған әрбір төртінші түлек бірінші кезекте мұғалім мамандығын таңда­ған. Бұдан басқа, жыл сайын Білім министрлігі бүкіл ел бойынша мұғалімдерге арналған бос жұ­мыс орындарын жариялайды. Орта­лықтандырылған емтихан тап­сыруға былтыр 55 мыңға дейін өтініш берілген. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 17 мың шамасында болатын. Мұның барлығы мұғалім мамандығының сұранысқа ие болып отырғанын көрсетеді. Біз жаңа­дан қабылданған білім беру жүйе­сі­нің нәтижесінде оқытушылар­дың кәсіби дайындығының едәуір жақсарғанына куә болып отырмыз, бұл бізге оң көзқараспен қарау­ға мүмкіндік береді. 2019 жыл­дың 1 қыркүйегінен бастап орта білім жүйесіндегі айлық есептік көр­сет­кіш тағы да көтерілді. Жас мұға­лімдерге, сондай-ақ қала орта­лықтарынан алыс шет аймақтарда жұмыс істейтіндердің әлеуметтік жағдайларын жақсартатын қосым­ша толықтырулар қабылданға­­нын атап өткім келеді. Жалпы, атал­ған мәселелер үнемі қадағаланып отырады және мезгіл-мезгіл қайта қаралады.

– Білім беру жүйесінің сапасын әлі де жақсарта түсу үшін ең маңызды нәрсе не деп білесіз?

– Білім беру жүйесін жетіл­діру – өте ауқымды мәселе. Менің ойымша, қазір әр елде білім беру жүйесін үнемі жетілдіруді, жаңар­туды қажет етеді. Өйткені ХХІ ғасырда ең маңызды ресурс елдің географиялық орналасуы, таби­ғи байлығы, әскери әлеуеті емес екенін, негізгі деңгейі адам капиталы екенін барлығымыз түсінеміз. Осы тұрғыдан алғанда әр елдегі адами капитал деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың деңгейі білім беру жүйесі болып табылады. Егер бұл мәселеге философиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, кез келген ел қоғамның жетілуі мен дамуы үшін барлығын жасауы керек. Себебі білім беру жүйесі – қоғамның айнасы. Әзербайжан мемлекеті білім беру жүйесінің дамуына үлкен ықпал етіп келеді. Елде кез келген жастағы азаматтың лайықты, қолжетімді, сапалы білім алуына мүмкіндік беретін кешенді іс-шара өткізілуде. Соңғы 15 жыл ішінде Әзербайжанда шамамен 3300 мектеп салынды. Бұл еліміздегі барлық мектептердің 75 пайызын құрайды. Нәтижесінде миллиондаған мектеп оқушыларына білім беру мүмкіндігі артты әрі бұл тараптағы іс-шаралар жалғасып келеді. Жыл сайын 100 жаңа мектеп салынып, заманауи стандарттарға сәйкес келмейтін білім ошақтары қайта жаңартыла­ды. Сондай-ақ Үкімет жоғары білім беруді дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. 2019 жылы студенттердің мемлекет есебінен білім алуын қар­жыландыру мақсатында жоғары білімге қолжетімділіктің бірқатар жүйесі қабылданып, мемлекеттік бюджеттен білім алатын студенттер саны 66 пайызға артты.

– Абай атамыздың қай сөзін мәңгілік жадыңызда тұтасыз?

– Абайды ақын деп қана тар ұғымда қарай алмаймыз. Абай қазақ пен түркі әлемінің көрнекті өкілі ғана емес. Хакім шығар­машылығының негізгі желісі – махаббаттан туады. Алланы, адамзатты және әділетті сүюдің бір біріне жат­тығы жоқ екенін айтады. Бір таң­­ға­ларлығы, оның кең дүние таны­мы мен мол энциклопедиялық білімі өз заманында ғана емес, бүгін­гі қоғам үшін де үлкен маңызға ие болуы өте қызық. Бұл ұлы өнер­дің уақытпен шектелмейтінін, ше­караға бағынбайтындығын көр­сетеді. «Адамзатың бәрін сүй, бауы­рым деп, және хақ жолы осы әді­летті» деген хакім барша адам­зат­тың Абайы­на айналғанына куәміз.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен

 Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»