Біз осы ретте азаматтарымызды ортақ ымыраға шақырамыз. Жекелеген адамның өзара келіспеушілігі қоғамдық деңгейдегі мәселеге айналып кетпеуі керек. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбеті жақсы істер үшін ғана жиналатынын өсиет еткен. Шариғатымыз адамдар арасына араздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тыйым салады. Бұл заңға да қайшы. Пайғамбар жолын ұстанған мұсылман мұндай амалға әсте бармайтыны белгілі. Байқамастан өзге бауырымызға қиянат жасап қоюдан сақ болғанымыз қайырлы. Алауыздықтан абай болғанымыз абзал. Қоғамдағы тыныштық әрқайсымыздың отбасымыз үшін аса маңызды құндылық екені мәлім. Өйткені ел мен жеріміздің тыныштығы баршамызға аманат.
Алла тағала халқымыздың бірлігі мен берекетін, бейбітшілігі мен амандығын арттырғай. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти