Тағайындау • 11 Ақпан, 2020

Асқар Мамин Жамбыл облысының жаңа әкімін таныстырды

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Асқар Мамин Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі қызметіне ұсынған Бердібек Сапарбаевтың кандидатурасына бірауыздан келісім берілді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Асқар Мамин Жамбыл облысының жаңа әкімін таныстырды

Жамбыл облысының активімен өткен кеңесте А. Мамин Асқар Мырзахметовтің өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, аймақ әкімі лауазымында атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. 

Жаңа әкімді таныстырған Премьер-Министр оның аймақтық және республикалық деңгейлердегі басшылық қызметтердегі жұмыс тәжірибесін атап өтті.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жамбыл облысының дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда өңір басшылығының алдында ауқымды міндеттер тұр. Ең алдымен, идеологиялық жұмысқа және ұлтаралық келісімнің нығаюына, әлеуметтік-экономикалық жағдай мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса назар аудару қажет», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы экономиканың тұрақты дамуын, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың өмір сүру сапасын және табысын арттыру бойынша міндеттерді шешудің маңыздылығын атап өтті.

«Бердібек Машбекұлына басшылық қызметтердегі тәжірибесі мен білімі облыс активімен және мәслихат депутаттарымен бірлесіп, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деді А. Мамин. 

Кездесуде облыстық және қалалық мәслихаттардың хатшылары Бағлан Қарашолақов пен Батырбек Күлекеев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов пен «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұсынған Бердібек Сапарбаевтың кандидатурасына қолдау білдірді және Жамбыл облысының жаңа әкіміне табысты әрі жемісті жұмыс тіледі. 

Бердібек Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1969 жылы «Задаринский» совхозының жұмысшысы ретінде бастаған. 1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары басқармасында экономист болып еңбек етті.

Түрлі жылдары Бердібек Сапарбаев Президент Аппаратында, Министрлер кабинеті Аппаратында, ҚазКСР Қаржы министрлігінде, Кедендік бақылау агенттігі мен комитетінде, Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерді атқарған. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының әкімі, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған. 2019 жылғы тамыздан бастап Премьер-Министрдің орынбасары лауазымын атқарды.