09 Тамыз, 2013

Әбіләзов шетелдің көптеген банкілерін үптеп кетіпті

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мухтар Аблязов-1

Ұзаған сайын қашқын олигарх Мұхтар Әбіләзовтің ақша ұрлау одиссеясындағы алуан қырлы қимылдары біртіндеп айғақ болып жатыр. Оның бұл жолдағы «ерлік істері» Қазақстанның БТА банкісінен ұрлап кеткен 6 млрд. АҚШ долларымен ғана шектеліп қалмапты, осы аралықта сонымен қатар, бірқатар шет мемлекеттердің көптеген банкілерін үдере үптеп, тақырға отырғызып кеткен екен. Бұл туралы БТА банктің өкілі мәлімдеді.

Бұлардың алдыңғы қатарында Британияның HSBC, Standard Chartered, RBS және Barclays деп аталатын қаржы мекемелері тұрған көрінеді. Біздің экс-банкирдің мұндағы әріптестерінен алып кеткен ақшасының жалпы сомасы 500 млн. долларды құрайды. Бұдан басқа, ақ қағазды айғыздай салып, ақшаға айналдыра беретін жерден шыққан жіті қу Мұхтар Әбіләзовтің желісі бойынша түсірілген «Маңғыт, аузыңа саңғыт» сериясының кейіпкерлері болғандар сапында Италияның 8 банкісі де сабылысып жүр. Олардың ішінде былайғы адамның түсіне кірсе де, тісіне тура келе қоймайтын Unicredit, Banca Monte dei Paschi di Siena және Mediobanca дейтін алпауыттары да бар. Бұлар Мұхтардың қармағы ұшына 250 млн. АҚШ долларын өздері барып іліндіріп жібергенге ұқсайды.

Қазіргі күндері Әбіләзовке беріп жібергендері бұларға қарағанда едәуір аз болып көрінетін бірқатар француз банктерінің қожайындары маңдайларының терін бес сүртіп, шүкіршілік айтып отырған секілді. Қанша дегенмен, енді 50 млн. доллар ақша деген бәрібір 500 млн. доллардың дорбасына шақ келе қоймайды ғой. Ал сол елу миллионды біздің «батыр бала» Францияның BNP Paribas, Societe Generale, Credit Agricole және BPCE деген банкілерінен алып кеткен екен. Бұлардың сыртында Швейцарскияның Credit Suisse, немістің Commerzbank және Американың Wells Fargo дейтін банкілері тұр.

Осыларға қарай отырып, бұл жарықтық осыншама елдің осыншама банкілерінен осыншама ақшаны қай уақытта алып үлгере берген деп қайран қаласың. Соларды електен өткізе келіп, бұл Мұхтар Әбіләзов дегенің шынында да нағыз дауасыз алаяқ екен ғой, деген ойға еріксіз келесің.

Құрыш Нұрымбет.