30 Наурыз, 2010

ӘЛІ ДЕ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БАР

722 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қыстың қаһарлы, толассыз бо­ран­ды-шашынды болуы кендіалтай­лықтарды шыңдай түскендей. Об­лыс­тың оңтүстік аудандарында орын алған тасқын су 50 мыңға тарта малды шығынға ұшыратты, 1 мыңға тарта отбасы үй-күйсіз қалды. Жағ­дай өте күрделі, қалың жауған қар­дың әлі “мұрты” да шағылған жоқ. Тарбағатай және Зайсан аудандары­ның бірнеше ауылдарында үйлері жарамсыз болып қалған көптеген жан­дар клубтар мен мектептерде тұрып жатыр. Оларға түрлі жағдай жасалғанымен, адамдар алаңдаулы. Сын сәтте еліміз бен облыс тұрғын­дарынан көмек бола ма деген үміт те жоқ емес. Жақында апаттан зар­дап шеккендерге арналып арнайы есеп-шот ашылды. Өткен жұмада Көлік және ком­му­никация министрлігі “Қазақав­то­жол” РМК облыстық филиалының директоры Серік Ақтановтың бас­тамасымен баспасөз орталығы ашы­лып, ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосты. Бұл өзі ауа райы қолайсыз, табиғаты күрделі Кенді Алтай тұрғындары үшін аса қажет мекеме болатын. Жиынды ашқан Серік Қасымбекұлы біраз жайлардан мағлұмат бере кетті. 2009-2010 жылдың қысындағы қатты аяз, әсіресе, бізге ауыр болды. Себебі, республикалық жолдардың мыңдаған шақырымына біз жауап береміз. Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарынан қатты аяздар басталды. Тіпті кейбір аймақта аяздың күші минус 53 градусқа жетті. Үржар, Көк­пекті, Зайсан, Тарбағатай, Күр­шім, Абай, Қатонқарағай, Зырян аудандарында соңғы 30-40 жылда қардың биылғыдай мол болуы бай­қалмаған. Міне, сондықтан үздіксіз бұрқасын республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында төтенше жағдай қалыптастырды, деді Серік Ақтанов. Көлік жолдары мен қардың тау болып үйілуі салдарынан үлкен дәліз­дер пайда болды. Мәселен, Северное төте жолының екі жағы құз жартас болғандықтан, оны тазалау мүмкін емес. Қазір Зырян, Қатонқарағай бағыттарына айналма жолмен жүріп жатыр. Осы бағыттағы биік тауларда қар көшкіні болуда. Ол да қауіпті. Сондықтан басқа да жолдарды жабуға тура келеді. Қыста 122 бірлік жол техникасы ұйымдастырылды. Басқа облыстардан 26 қар тазалау техникалары жіберілді. Оның ішінде Ақмола облысы бір бульдозер мен бір автогрейдер, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары барлығы 26 техника жіберіп, сын сәтте қайырымдылық қолдарын созды. Шаруа қожалықтары мен жол мекемелері 60 техника жіберіпті. 3420 шақырымға созылатын жолдың бойын қардан тазарту, 2636 су жүргізетін құбырларды ашу және 256 көпірді дайындаумен шұғылда­нып жатырмыз. Бүгінге дейін 1210 су жүретін құбырлар, 256 көпір дайын­дықтан өтті. Алайда, жексенбіден бастап ауа райы суытып қана қоймай, барлық аймақтарда қатты бұрқасын соға бастады. Аяздың түсуі тасқын­ның алдын алғандай болды. Бірақ күн жылынса солтүстік жақта да тасқын су бола ма деген қауіп жоқ емес, — дейді Серік Қасымбекұлы. “Менің қалам” атты қоғамдық қор тасқыннан облыс бойынша зардап шеккендерге арнап арнайы есеп-шот ашты. Қолұшын бергісі келетіндер төмендегі есеп-шотқа қаржы аудара алады. “Мой город” РНН 181600241871, ИИК 000700713, БИК 190901703 АО “Kaspі Bank”  КВЕ 18 “тасқыннан зардап шеккендерге” деген белгімен. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.