Кеше Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановтың қатысуымен аталған ведомствоның дәстүрлі брифингі өтті. Онда екі мәселе төңірегінде әңгіме қозғалды.
Кеше Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановтың қатысуымен аталған ведомствоның дәстүрлі брифингі өтті. Онда екі мәселе төңірегінде әңгіме қозғалды.
«Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығынан келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 2013 жылғы 8 тамызда Массачусетс штатының Ворчестер жоғарғы соты Қазақстаннан асырап алынған екі балаға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстың көптеген тармақтары бойынша айыпталушы Джозеф және Линда Мэйотты кінәлі деп таныды», деді алғашқы мәселе төңірегінде баспасөз хатшысы. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Д. Мэйотт тұтқындалған, ал оның зайыбы ауруханадан шыққаннан кейін тұтқындалмақ.
«Соттың үкім шығару күні 22 тамызға белгіленген. Бұл мәселе ҚР СІМ-нің қатаң бақылауында тұр. Жаңа мәлімет келіп түскен жағдайда, қосымша хабарлайтын боламыз», деді өз сөзінде Н.Айтмаханов.
Брифингте көтерілген екінші мәселе, Қазақстан Республикасының азаматтары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа қатысты болды. Баспасөз хатшысының айтуынша, Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығының ақпаратына сәйкес, 2013 жылғы 8 тамызда Федералды Үлкен әділқазы (Grand Jury) қазақстандық азаматтар Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа қатысты айып тағуды қолдаған. Айып екі тармақтан тұратын көрінеді. Біріншісі – тергеуге кедергі келтіру мақсаты бойынша алдын ала келісім, екіншісі – тергеуге кедергі жасау, қылмыскерге көмек көрсету және арандатушылық.
«Аталған айыптар бойынша олар 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін (1-тармақ бойынша 20 жыл, 2-тармақ бойынша 5 жыл). Сонымен қатар, сол жазаны өтегеннен кейін кезекті 3 жыл бақылауда болып, 250 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл жазасы кесілмек. Сот отырысы 13 тамызға көзделген, онда айыпталушылар (А.Тәжаяқов пен Д.Қадырбаев) өз кінәларын мойындамай, басқа іс-жүргізу формальдылығы сақталатын болады деп күтілуде. Айыпталушылар өз кінәларын мойындамағаннан соң, сот үдерісі барлық жағдайлармен танысу фазасына және жекелеген дәлелдер бойынша наразылық білдіруге көшетін болады. Аталған үдеріс дәстүр бойынша айтарлықтай ұзақ уақытты талап етеді, сондықтан белгісіз уақытқа созылуы мүмкін екендігін атап өткіміз келеді», деді Н.Айтмаханов.
Баспасөз хатшысы, сондай-ақ, еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені бақылауда ұстап отырғанына, Бас консулдықтың қызметкерлері біздің азаматтарымыздың ата-аналарымен және адвокаттарымен тұрақты түрде байланыста екеніне тоқталып өтті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».