Аймақтар • 12 Ақпан, 2020

Жетісуға қызығушылар жетерлік

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысының отандық туризм саласындағы алатын орны ерекше. Табиғаттың таңғажайып сыйына бай өлкенің сұлулығына тамсанып, шипалы су мен саф ауадан жанға дәру іздеген адамдар қатары да жыл сайын артып келеді. Яғни Жетісуға келуші туристер саны өткен жылы 2 млн адамнан асыпты және облыс аумағына алғаш аяғы тиген адамдардың арасында алыс шетелдіктер көбейген екен.

Жетісуға қызығушылар жетерлік

 

Әдетте, облыстың туристік әлеуетін Алакөл мен Балқаш көліне қатысты бағалауға бейілміз. Бірақ өңірдегі қысқы туризмнің дамып отырғанын айтпай кету әділетсіздік болар еді. Облыста қысқы демалыс нысандары орналасқан Еңбекішқазақ, Сарқан, Талғар, Кеген, Ұйғыр аудандарының саланы өркендетуге қосатын үлесі мол екен. Әсіресе өңірдің оңтүстік бөлігінде орналасқан Еңбекшіқазақ ауданына былтырдың өзінде 76 мыңнан аса турист демалуға келген. Ауданда 10 қонақүй, 3 демалыс үйі, 3 сауықтыру лагері, 2 аңшы үйі және 2 демалыс орны меймандар үшін жұмыс істеп тұр. Биыл қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризм саласындағы мамандар үшін тегін сабақтар өткізілуде. Демалушылар табиғи қорықтарға, мұражайларға, археологиялық ескерткіштерге барып, шағын хайуанаттар бағын аралай алады. Бұл мақсатта ауданда 12 туристік бағыт белгіленген.

 Жалпы, экономиканың дамуында туризмнің алар орны ерекше. Осы орайда Сарқан ауданындағы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесінің 11 экологиялық және мәдени-тарихи туристік бағыты бар. Былтыр осы бағыттар арқылы 1500 мейман жүріп өтіп, әсем табиғат аясында демалып қайтқан. Ауданның мөлдір суы, жұпар исі әрбір жанды еріксіз бау­райтыны анық. Сондықтан Балқаш көлі жағалауында да демалушылар саны күннен-күнге артып келеді. Тек өткен жылдың өзінде 17 демалыс аумағында 35 мың турист демалып қайтқан.

Мұнан бөлек, Жетісудағы жерас­ты суынан шипа іздеушілер қатары өсіп отыр. Әсіресе ыстық суы бар демалыс орындарына келетін туристер саны да жыл сайын көбеюде. Қазіргі таңда Ұйғыр ауданында 51 демалыс орны жұмыс істейді. Ыстық қайнардың суы минералды заттарға бай әрі емдік қасиетке ие. Жүрек-қан тамырлары ауруларына ем болатын суға шомылу үшін былтыр 80 мыңға тарта турист ыстық суы бар демалыс орындарына барған.

Ал Талғар ауданында бүгінгі таңда 28 туристік нысан бар. Биыл тағы біреуі ашылады деп күтілуде. 2019 жылы 85 мыңнан астам мейман аймақтың тұмса табиғатын көріп, демалып қайтқан. Оның бір мыңы – шетелдік туристер. Биыл шетелден келген қонақтар санын 1050 адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауданда қысқы туризмді дамыту бағытында «Oi-Qaragai – Lesnaya Skazka» таулы курорттық-қонақүйі демалыс орнын одан әрі дамытуға бағытталған «Апорт-Ақтас» тау шаңғы курортының құрылысы жүріп жатыр.

Жетісудағы тау туризмін дамытуда «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық паркінің де алатын орны ерекше. Әлемдегі таңғажайып сұлулықты бір өзіне жинаған жалғыз көл Көлсайды тамашалау үшін былтыр 3 мыңға жуық турист келген. Бұнда демалуға келгендер айнадай көлдің айдынын, тыныштығы мен әсемдігін, ғажайып таулары мен көз тартар орманын қайта тамашалауға ынтық болып тұрары ақиқат. Сондықтан да әсем жерге демалуға келген қонақтар үшін көл жағасында 12 қонақүй бой көтеріп, сапалы қызмет көрсетуде.

– Туризм – табыс көзі ғана емес, қазақ мәдениетін әлемге танытудың да бір жолы. Біз өз тарапымыздан туристік аймақтардың инфрақұрылымын жасақтауға көңіл бөліп отырмыз. Алакөл жағалауы бұрын қандай еді, қазір қандай? Демалушылар саны жыл са­йын көбеюде. 2019 жылы туристер саны 2 млн адамға жетті. Жалпы, 2025 жылы Алматы өңіріне келетін болжамды туристер легі 4 млн адамға жетеді, соның ішінде Алматы облысының нысандарына ғана 3,5 миллион адам келеді деп күтілуде. Мұнан бөлек Алматы өңірінің тау кластерін дамытуға аса мән берілуде. Инвестициясының жалпы көлемі 111 млрд теңгені құрайтын Түрген шатқалындағы «Долина-3» тау-шаңғы курорты және «Апорт Ақ-Тас» көпсалалы тау-шаңғы кешені жобаларын іске асыру жоспарланған. Тау кластері аумағында жылына 1,5 млн туристке қызмет көрсету жоспары тұр, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы