10 Тамыз, 2013

Жүрек тазалығын ту еткен тұлға

636 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Зейнолла ишанды өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялылары жақсы білді

Қостанай облысы мен Ресейдің шекаралас Троицк қаласын Үй өзені бөліп тұр. Әудем жер ғана. Қостанай облысы, әсіресе, қол созым жердегі Қарабалық ауданы көршілермен араласып-құраласып жатады. Рухани байланыс үшін кейде саясат та, шекара сызығы да кедергі болмайды. Биыл осы қалада үлкен мерейтойлар аталып өтті.

Зейнолла ишанды өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялылары жақсы білді

Қостанай облысы мен Ресейдің шекаралас Троицк қаласын Үй өзені бөліп тұр. Әудем жер ғана. Қостанай облысы, әсіресе, қол созым жердегі Қарабалық ауданы көршілермен араласып-құраласып жатады. Рухани байланыс үшін кейде саясат та, шекара сызығы да кедергі болмайды. Биыл осы қалада үлкен мерейтойлар аталып өтті.

Ислам әлеміндегі ірі тұлға Зейнолла ишан Расулевтің туға­нына – 180, Троицк қаласы ірге­тасының қаланғанына 270 жыл толды. Троицк ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында экономикалық, мәдени, саяси орталық болды. Мұнда Азиядан келетін керуен тоқтайтын. Ақша сарайымен де қаланың даңқы шыққан болатын. Бай көпестер салдырған үйлердің сәнді архитектурасы осы күнге дейін сақталған. Атақты көпестер ұрпағы Яушевтердің салдырған үйлерінде қысқы бақ жайнап тұрар еді. Қалада біздің халқымыздың да бекзат тарихы жатыр. Троицкіде қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» 1911 жылы жарық көріп, ол 1915 жылға дейін айына екі рет шығып тұрды. Алаш арыстарының бірі, журналист, аудармашы, қоғам қайраткері Мұхаметжан Сералин редакторлық еткен журнал қазақ даласын оқу-білімге, отырықшылыққа үндеді. Қоғамдық сананы оятуға зор ықпал етті. Оған Шәкәрімнен бастап, халқының қамын ойлаған зиялылардың көпшілігі мақала жазып тұрды. Олардың арасынан Ахмет Бай­тұр­сынов, Сәкен Сейфуллин, Бейім­бет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Сәбит Дөнен­таев, Бернияз Күлеев, тағы бас­қа қазақ әдебиетінің белгілі қайрат­керлерін кездестіруге болады. Биыл көктемде «Айқап» журналы басылған баспахана үйінің қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. Қазақ драма театрының іргетасын қалаған Серке Қожамқұлов пен Қапан Бадыров Троицкідегі татар жастарының театрында алғашқы шығармашылық жолын бастады. Атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлы Троицк қаласында өнер көрсеткен, көнекөздердің айтуынша, атақты балуан қажылыққа да осы қаладан аттанған көрінеді.

Троицкіде 1861 жылы «қыр­ғыз балаларына арналған» ал­ғаш­қы мектеп ашылды. Ол Пат­ша үкіметінің саясатымен дала­лық­тардан төменгі құрамдағы шенеуніктер дайындауды мақсат тұтты. ХХ ғасырдың басында Троицк қаласындағы гимназия, қалалық училищелерде, мұсылман мектептерінде қазақ жастары да білім алды. Көпес Яушевтердің «Дарельмугаллимат» атты әйел­дерге арналған мұғалімдер семинариясында Атбасардан, Қос­танайдан, Қызылжардан қазақ қыздары келіп оқыды.

Қала халқының жартысына жуығы мұсылман болғандықтан, ХХ ғасырдың басында Троицкіде сән-сәулеті жарасқан жеті мешіт қызмет етті. Жеті мешіттің жанында да медресе жұмыс істеді. Солардың арасындағы ең белгілілері «Расуля» мен «Ахун Рахманкули» ме­дреселері болатын. Онда көптеген қазақ бала­лары да білім алды. Мы­са­лы, «Ахун Рахменкули» ме­дре­сесінде қазақ поэзиясының ірі өкілі Сұлтанмахмұт дәріс ал­­ды. Троицкідегі №5 мешітті және соның жанындағы «Расуля» медресесін Зейнолла ишан Расулев басқарды. Онда діни сабақтармен қатар гуманитарлық, жаратылыс­тану және техникалық пәндер де оқытылды. Медресе шәкірттері жан-жақты білім алып шықты.

Ислам әлеміндегі ірі тұлға Зейнолла Расулевті өткен ғасырдың басында қазақ жұрты да жақсы білді. Зейнолла ишанның жүргізген жұмыстарының арқасында Троицк ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде білім және діни орталыққа айналды. Зейнолла басқарған «Расуля» медресесінің атағы алысқа кетеді. Ол туралы француз тарихшысы Александр Берингсен: «Мұсылман әлеміндегі ең үздік академияның бірі» деп жазды. Бұл діни оқу орнында оқып, Зейнолла ишанды ұстаз санағандардың ішінде башқұрт, татар, қазақ халықтарына бірдей тел ақын Мифтахитдин Ақмолла да бар. Ол Зейнолла ишанның шәкірті болады. Өлеңдерін уытты тілмен жазып, шындықты ашып айтатын а қын қарақшы башқұрттар қолынан жазатайым қаза тапқанда, Зейнолла хазіреттің өзі оны Миасс қаласының жанындағы Сар­ласан деген жерге жерлеп, басына құлпытас орнатады. Бұл Зейнолла ишанның зиялылығын, адамгершілігін және халықтың әдебиеті мен мәдениетінен мол хабары бар тереңдігін де білдірсе керек. Мұны айтып отырған себебіміз, Ақмолланы қазақ даласы жақсы білген. Халықты оқу-білімге шақырған, өз кезіндегі жәдитшілік ағымды жақтап, оның көрнекті өкілі Ш.Маржаниді дәріптеген ақын шығармаларының қазақ ақындарына да ықпалы тиген. Оның қазақ зиялыларына жазған өлеңдері де бар. «Қорғанбекке» деген өлеңінде:

«Қорғанбек, жоқ екен

бір ақыл-айлаң,

Айдаттың Ақташты ұстап –

халық қайран.

Қолыңнан қос ағаңды

ұстап бердің,

Тиеді енді кімге сенің пайдаң?» дейді. Мұндағы Ақташ дегені – Ахмет Байтұрсыновтың әкесі Бай­тұрсынның ағасы Ақтас. Торғай қазақтарына тізесі батқан Ояз Яковлевтің басын жарып, Сібірге айдалатын ағайынды Шошақовтардың ісін айтып отыр ақын. Ахаң Семей түрмесінен анасына өлеңмен жазған хатында: «Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп, Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам» деп осы оқиғаны меңзеген еді. Көнекөздер Ахметтің өзі де Зейнолла ишанды білгенін айтады. 1897-1898 жылдары бүгіндері Әулиекөл атанған елді мекендегі болыстық мектепте қызмет істеген жас бозбала орманшының қызы Александрамен көңіл косады. Екі жастың махаббатына олардың әртүрлі дінде болғандығы кедергі бола алмайды. Александраға мұсылман дінін қабылдату үшін Ахмет Троицкідегі Зейнолла ишанға келген дейді. Хазірет орыс келінді мұсылман дініне өткізіп, жаңадан Бәдрисафа деген ат беріп, екі жастың некесін қиған дейді көне әңгімені бүгінге жеткізушілер. Ахаң мұсылман ғұрыптарын үйрену үшін Бә­дрисафаны Зейнолла ишан басшылық жасаған 5-ші мешіт пен оның медресесіне екі айға қалдырып кетсе керек. Бұл туралы Ахаң өмірін зерттеген белгілі журналист марқұм Байтұрсын Ілияс жазған болатын. «Ахаң Зейнолла ишанды білген, мұндай ірі тұлғаны Ахаңның білмеуі мүмкін емес. Ол білген соң да Бәдрисафаны Троицкіге апарған ғой», дейтін еді Байтұрсын аға. Кешегі 2003 жылы тоқсаннан асып отырған Мария Бакирова қария: «Арбаға сарықтарын (қойларын) салып алып, судың арғы жағынан (қазақ даласы мен Троицкіні бөліп тұрған Үй өзенін айтады) Зейнолла ишанға қазақтар ағылып келіп жатар еді. Ишанның үйі үлкен болды, олар түрлі шаруамен келеді, емделеді», деген еді. Ал 2011 жылы Киевтен шыққан «Макалат Зайнийяһ» деген кітаптың алғысөзінде: «Шейх Зейнолла мешітке келушілерге арнап қонақ үй салдырды. Оның бірінші қабатын кітапхана етіп, жұмысын өзінің мүридтеріне тапсырды. Шейхтың қоғамдық қызметі таңғы 8-ден оның ақыл-кеңесін немесе көмегін керек еткен мүридтері мен оны іздеп келушілердің шақыруынан басталатын. Самаурын оттан түспейтін. Мол жайылған дастарқаннан күні бойы кедей де, бай да, бала да, ересек те дәм татып жатар еді. Ал шейх демалысты білмейтін, күніне бірер-жарым сағат қана тынығып алатын. Таңертең адамдарды қабылдағаннан кейін Зейнолла балаларды оқыту үшін сабаққа кететін. Ол Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен, Қасиетті Құранның тәпсірлерінен және басқа да негізгі ғылымдардан сабақ оқитын», деп жазылған. Мүмкін Зейнолла ишанның бір қонағы жас Ахмет те болған шы­ғар. «Расуля» медресесінде қазақ­­тың белгілі ақыны Әбубәкір Кердері, ақын, журналист Әкрам Ғалымов және тағы басқалар оқыған. Оқымысты дін өкілінің «Айқап» журналының белсенді оқырманы болғаны да анық.

– Сұлтанмахмұттың сауатын ашқан Нұрғали молда Тау­ша­байұлы Зейнолла ишаннан дәріс алған деген ауызша жеткен дерек бар. Біздің көптеген арыстарымыз сауатын ауыл молдаларынан ашты. Ол кез үшін мұның әлеуметтік ілгерілеуімізге ықпалы зор болған. Сондай үлкен ұстаздың алдын көрген Нұрғали молданың да діни білімі терең болған деседі, – дейді филология ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес. – Сұл­­­танмахмұттың өзі Зейнолла ишанның медресесінде оқымаса да, Троицкіде онымен таныс болуы, көруі әбден мүмкін.

Башқұртстандағы өз ауы­лынының мешітінде және Троицк медреселерінде оқыған, одан әрі өз бетінше ізденіп, сол кездегі жергілікті ислам білімдарларынан дәріс алған Зейнолла ишан 1869 жылы қажылық парызын өтейді. Сол жолы Ыстамбұлға соғып, діни тұлғалармен кездеседі. Білімі тереңдей түседі. Елге келген соң ол Мәуліт күнін мереке ретінде атап өтуді, Алланың атына дауыстап мадақ айту сияқты басқа да діни шаралард ы тұңғыш өткізеді. Оған Патша өкіметі «адамдарды соңына ертіп кетті», деп сенімсіздік танытып, Ресейдің ішкі облыстарына жер аударады. Ол кезде өкімет мұсылман оқымыстыларының аузын аштырмай, төмендетіп ұстау үшін кез келген себепті пайдаланатын. Патша өкіметі тарапынан болатын осындай әділетсіздіктерге қарсы Зейнолла ишан: «Біздің халықтың төзімі өзінің діни сенімі секілді өте күшті. Тартқан тақсіреті үшін Жаратқан ием жарылқайды. Мүмкін ол күнді мен көре алмас­пын, бірақ шындықтың сәулесін ешнәрсемен бүркемелей алмайтын күн туарына сенімім кәміл», деп жазған екен.

Қазір Зейнолла ишанның осы сөзі ақиқатқа айналды. Оның бүкіл саналы ғұмырын өткізген, діни қызмет еткен жері Троицк қа­ласында өткен жылдан бері «Расулев оқулары: Ислам Ресейдің тарихы мен бүгінгі өмірінде» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді. Оған Ресейдің Урал өңірі мен Башқұртстаннан дін өкілдері, мешіттер имамдары мен ғалымдар жиналады. Оған екі жыл бойы Ресейдің Жоғары муфтиі Талғат Таджуддин де келіп қатысып жүр. Биылғы конференцияда ислам дінінің қазіргі қоғамдағы орны, жас ұрпақты дәстүрлі емес, жат діни ағымдар ықпалынан қорғау мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Онда сөз сөйлеген Талғат Таджуддин алдымен Зейнолла хазірет туралы айтып өтті.

– Біз Зейнолла хазірет ұстанған сопылық ағымды қалай түсінеміз? Бұл діннің ақиқаттығы және дінге деген шынайылық деген сөз. Егер кез келген істе шынайылық болмаса, ол жерден жақсылық пен игілік күтудің өзі бекер. Зейнолла хазіретті діни тұлғаға көтерген ерекшелігінің де өзі сол, ол адамдарды шынайылыққа, адалдыққа, Аллаға жүрек тазалығымен сенуге үйретті, –деді Ресейдің Жоғары муфтиі Талғат Таджуддин.

«Расулев оқуларында» діннің адамзат қоғамындағы ұлы мәдениет екендігі сөз болды. Мәдениет ұғымы өнер, халықтардың салт-дәстүрлері, бірлігі сияқты кең ауқымды қамтиды. Адамзат қоғамы, өркениет адас­пас және әлем амандығы үшін де Зейнолла ишан қызмет еткен сұлулықтың төресі – жүрек тазалығы баршаға керек.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ-ТРОИЦК-ҚОСТАНАЙ.