Осы орайда Көксу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев арнайы хабарласып, өңірдегі қылмыспен күрес және мал ұрлығының ашылуы жайында жаңа деректерді жария етті. Мәселен, жыл басынан Айнабұлақ, Көксу бекеттері және Балпық ауылдық округі аумағында жасалған мал ұрлығы жедел ашылған екен. Қазір қолға түскен қылмыстық топ мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу-тексеру амалдарын жүріп жатыр. Жалпы, Көксу ауданында мал ұрлығының алдын алу жұмыстары мен барымташылардың жолын кесу жұмыстары күшейтілген.
-Қылмыс санын азайту үшін заңдар қатайды. 2019 жылдың соңында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы жетілдіруге арналған заңға қол қойды. Кейбір қылмыстарға жаза ауырлады, айыппұлдар өсті. Мал ұрлығына қатысты бөлек бап болады. Енді бұл қылмыс бойынша «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама болмайды. Ал жазасы күшейтіліп отыр. Жазаның күшейтілуі ұрлықтың жолын кесуі тиіс, деді полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.
Сондай-ақ аудан орталығында қылмыстың алдын алу мақсатында «Мал ұрлығы» «Пәтер ұрлығы» деген атаумен профилактикалық шаралар өтіп жатыр екен. Мұнда полиция қызметкерлері тарапынан түнгі тексеру, бақылау жұмыстары күшейтілген. Нәтежесінде қаңтар айында тіркелген қылмыстың басым көпшілігі жедел ашылған. Ауданның бас полицейі келтірген деректерге сәйкес, биыл қылмыстық оқиға дерегі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге азайып отыр. Мәселен, 2018 жылы болған қылмыстың 81 пайызы ашылса, бұл көрсеткіш 2019 жылы 89 пайыз болған.
Жалпы, тәртіп сақшылары қылмысты ашумен ғана емес, оның алдын алуға да мән беруі тиіс. Ол үшін полиция мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты жариялы болуы шарт. Осы мақсатта аудандық полиция бөлімінде ашылған фронт-кеңсе тұрғындарға заңгерлік көмек көрсетіп отыр. Бұл жерге тұрғындар азаматтық алу, айыппұлды анықтау, қару-жарақ ұстауға рұқсат алу сияқты сұрақпен жиі жүгінеді екен.
-Полиция жұмысына қатысты айтылған сын қызметкерлердің жұмысын бағалауға, кеткен кемшіліктерді түзетуге оң ықпал етеді. Жалпы, қылмыстың алдын алу барысында біз үнемі бұқараға арқа сүйейміз. Сондықтан да тұрғындар назарына өткір мәселені ұсынып, қолдау күтеміз. Мысалға, мал ұрлығын дер кезінде ашу полиция қызметкерлеріне көп қиындық туғызады. Көп жағдайда тұрғындар ірі қараны ұзақ уақыт қараусыз жібереді де, малдың қай уақытта жоғалғанынан бейхабар болады. Полиция қызметкерлері өз тарапынан төрт түлікті малды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Тіпті, мүмкіндік болған жағдайда мал басына электронды сырға орнатуды тәжірибеге енгізген дұрыс. Сондай-ақ пәтер ұрлығының тамырына балта шабу мақсатында көше мен үй ауласына бейнебақылау камераларын орнатуға да көңіл бөлу керек, - дейді Көксу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.
Алматы облысы