Аймақтар • 12 Ақпан, 2020

Алматы облысы жасөспірімдерді жәбірлеу бойынша алдыңғы орында тұр

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік пен балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны бойынша алдыңғы орында тұр.

Алматы облысы жасөспірімдерді жәбірлеу бойынша алдыңғы орында тұр

Дерек бойынша, өткен жылы елімізде кәмелетке толмағандардың құқын қорғауға қатысты 2098 қылмыстық іс тіркелсе, оның 9 пайызы жыныстық жәбірлеуге байланысты болған. Бұл туралы жақында Nur Otan партиясы өткізген қоғамдық тыңдауда қоғам белсендісі Динара Закиева мәлімдеген еді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жасөспірімдерді жәбірлеу оқиғалары Жамбыл, Қостанай және Алматы облыстарында жиі орын алады екен. Ал, дәл осы сипаттағы қылмыс үлесі Жетісу жерінде 56,1 пайызға жетіпті.

Өкінішке қарай, кәмелетке толмаған қыздардың зорлануы бойынша тіркелген қылмыс саны да Алматы облысында көбейіп отыр. 2019 жылы 103 оқиға тіркелген. Осыған ұқсас жағдай жыл басында Алакөл ауданында болған еді. Осы ауданға қарасты Лепсі ауылындағы орта мектептің 8 класс оқушысын өгей әкесі бірнеше ай бойы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Қыз баланың бойындағы өзгерісті байқаған мектеп мұғалімдері оқушы жайында психолог пен жасөспірімдер жөніндегі уәкілге хабарлаған екен. Жеке әңгімелесу кезінде 8 класс оқушысы өзін өгей әкесінің жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегенін айтқан. Дәрігердің тексеруінен кейін қыздың жүкті екені анықталған. Оқиға бойынша Алакөл ауданының полициясы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні тереуге алған болатын. Тергеуден кейін өгей әкені ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, үйіне жіберіпті. Істің насырға шапқанын түсінген зорлықшыл азамат сол күні өзіне қол салып, асылып өлген.

Сондай-ақ облыста балиғат жасына толмаған қыздар арасындағы жүктілік оқиғалары да жиілеп кетіпті. Қоғам белсендісі Динара Закиева келтірген дерек бойынша, өткен жылы ерте жүктілікке қатысты 623 оқиға тіркеліпті.