Жалпы алғанда, халықтың толғаныс-тебіренісі, қайғы-мұңы қоғамның әрбір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімдімін. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Үкімет комиссиясының төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев (бүгінгі күні Жамбыл облысының әкімі) және А.Мырзахметов (Жамбыл облысының экс-әкімі) комиссия мүшелерімен бірге Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе шекара бақылау-өткізу бекеттерінде болды. Сонда елімізге Қырғызстаннан қайта оралып жатқан адамдардын ұзақ-сонар легіне куә болдық.
Бұл, әрине қақтығыс орын алған ауылдарда тыныштық орнап, қалыпты тіршілік қайта басталғанының басты белгісі еді. Бүгінгі таңда ауылдардағы барлық әлеуметтік нысан, сауда орындары мен дәріханалар қалыпты жұмыс істеуде. Өңірде жағдай тұрақты, бақылауда. Комиссия мүшелері Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасыларында болып, көңіл айтып шықты.
Б.Сапарбаев өз сөзінде отбасы мүшелеріне қауіпсіздіктің қамтамасыз етілгенін, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін баса айтты. Сонымен бірге Комиссия мүшелері қайтыс болғандардың жерлеу рәсіміне де қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Басқа да атқарылған іс-шаралар барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен айтылып, жариялануда.
Алайда Жамбыл облысында болған бұл келеңсіздіктер тәуелсіз еліміздің мызғымас бірлігіне ешқандай нұқсан келтіре алмайды. Біз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек.
Қазақстан осы уақытқа дейін, әлемдік қоғамдастық арасында, ауызбіршілігі мен ынтымағы, бейбітшілігі мен татулығы жарасқан тәуелсіз ел болып танылды. Елдегі ұлтаралық ынтымақ пен берекелі бірлікке, дінаралық татулыққа әлем жоғары баға беріп отыр. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген қазақтың барлық тарихы бірлікті, ынтымақты насихаттайды. Алайда өкінішке қарай, жастар тәрбиесінде жіберіп алған олқы тұстарымыз да көп сияқты. Сонымен бірге Қордайдағы оқиға, меніңше, еліміздегі ұлттардың қарым-қатынасы мен жастар тәрбиесіндегі мемлекеттік идеологияның кемшіндігін көрсетті. Сол себепті аға буын өкілдері, құзырлы органдар өз міндеттерін орындау барысында ұлтаралық қарым-қатынасқа аса мән беріп, ынтымақтастық пен бірлікті ту етіп ұстап, жастар тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуі тиіс.
Әрине осы оқиға кезінде орын алған заң бұзушылық әрекеттердің себебін арнайы ведомствоаралық тергеу тобы, сарапшылар, басқа да құзырлы органдар анықтайды және ол өз кезегінде ресми түрде жарияланады деп ойлаймын. Қордайда орын алған жайт қоғамдағы құндылықтардың мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді. Еліміздің әлеуметтік экономикасының даму барысында, достық, бейбітшілік және тұрақтылықтың маңызы зор. Сол себепті Елбасымыздың, Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыруда, арандатушылыққа ермей, сабыр сақтап, ынтымағымыз бен бірлігімізді жоғалтпайық, ағайын!
Абдалы НҰРАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты