Абай • 14 Ақпан, 2020

Ұлылар тойынан ұлағат күтіледі

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абайдың 175 жылдық және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындық және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Ұлылар тойынан ұлағат күтіледі

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғын мерекелеудің бастапқы салтанатты рәсімдері Нұр-Сұл­тан мен Алматы қалаларында басталғанына назар аударды.

«Ұлы тұлғалардың мерейтой­лары өткен айда салтанатты жағдайда ашылды. Атап айт­сақ, 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қала­­сындағы «Астана Опера» театрын­да Абайдың 175 жылдық мерей­тойы өзіндік мазмұнымен, сон­дай-ақ 29 қаңтарда Алматы қа­ла­­сындағы Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық универ­си­тетін­де өткен жиында әл-Фара­би­дің 1150 жылдық мерейтойын тойлау бас­талды», деді Қ.Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы ұлы ойшылдар Абай мен әл-Фарабидің ұла­ғатты мұраларын зерделей келе, олардың ізгілік идея­лары­ның түпкі негізі елдің бірлігі мен ынтымағымен үндесетініне тағы да көз жеткеніне тоқталды.

Комиссия отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы мен «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жаңа міндеттерге, соның ішінде мерейтойлық іс-шаралар бағдар­лары нақты белгіленуіне ерекше екпін берді. Мемлекеттік комиссия мүшелері мен мемлекеттік органдар Абай мен әл-Фарабидің рухани мұраларын насихаттау барысында зиялы қауым мен отандастарымыздың бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған пікірлері мен ұсы­ныстарын ескеруі тиіс.

«Біздің ендігі мақсатымыз Мем­­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың халыққа Жол­­­дауында атап өткеніндей, әл-Фара­бидің 1150 жылдық, Абай Құнан­байұлының 175 жыл­­­дық мерейтойларын, ғұла­ма тұл­ғаларымыздың ең­бек­­­терін халық арасында ысы­­рап­шыл­дыққа жол бермей кеңінен дәріптеуіміз керек. Мем­лекет басшысының таяуда жарық көрген «Абай және XXI ға­сырдағы Қазақстан» атты мақа­ласында белгіленген келелі мін­дет­терге орай, мемлекеттік комис­сия жұмысының жауапкер­шілігі одан әрі арта түсті деп ойлай­мын. Аталған мақалаға баспа­сөз бетінде үн қосқан зия­лы қауым өкілдері мен отандас­тарымыздан Абай мұрасын на­си­хаттауға байланысты көп­теген ұсыныс келіп түсті. Жұртшылықтың бұл ұсынысын барша орталық және жергілікті атқарушы органдар жұмыс барысында қаперге алуы тиіс», деді Қ.Көшербаев.

Жиында мерейтойды өткізу­дің жалпы республикалық жоспарлары оңтайландырылып бекітілгені, қазіргі таңда оның жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Сондай-ақ Қ.Көшербаев өткен аптада Қордай ауданында орын алған жағдайға байланысты қайтыс болғандардың отбасыларына және туған-туыстарына көңіл айтып, ерен тірлікті, еге­мен бірлікті, татулықты ту ет­кен халқымыздың ынты­мақ-бірлігінен айрылмауын тіле­ді. Осы орайда, Абай мен Әбу На­сыр әл-Фарабидің де ұрпаққа мұра етіп қалдырған жауһар ой­лары­ның түпкі негізі елдің бір­лігін сақтауға арналғанын еске салып өтті.

«Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» аманатын айт­са, әл-Фараби «Нағыз ба­қыт­­қа кенелтетін іс адамдарды бір-бі­ріне көмектесу үшін бірік­тіре­тін қала – қайырымды қала. Ал бақытқа жету жолында бір-бі­рі­не қол ұшын беретін қоғам – қайы­рым­ды қоғам» деп өсиетін қал­дыр­ған», деді Мемлекеттік хатшы.

Отырыста Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлованың, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов­тің, Сыртқы істер министрі Мұх­­тар Тілеубердінің, Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­верситетінің рек­торы Ерлан Сыдықовтың, Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлт­тық универ­ситетінің ректоры Ғалым­қайыр Мұтановтың есептері тыңдалды.

Жиын соңында орталық және жергілікті атқарушы органдарға мерейтойлық іс-шараларды өткізуде ысырапшылдыққа жол бермеу, оларды жоғары идеялық және нақты құндылықтармен қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.