Сапар барысында Президент Қ.Тоқаев конференция аясында өтетін панельдік пікірталасқа қатысады. Сонымен қатар әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп күтілуде.
Ертең аймақтық қауіпсіздік сұрақтары талқыланатын пікірталасқа қатысып, «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жиынға Мемлекет басшысы ретінде бірінші рет қатысып отыр. Бұған дейін 2015, 2017, 2018, 2019 жылдары Сенат Төрағасы ретінде қатысқан болатын.
56-басқосуды Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ашады деп күтілуде. Сонымен бірге Нидерланд, Дания, Греция, Украина, Әзірбайжан мен Түркия Президенттері, 100-ден астам саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері келеді деп жоспарланған.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылайды.
Мюнхен, Германия