«ФАРАБИ» көп томдығының қазақ тілінде жарық көрген І томы «Қайырымды қала», ІІ томы «Философиялық трактаттар», ІІІ томы «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», ІV томы «Музыка туралы үлкен кітап», V томы «Ғылым туралы кітап», VI томы «Ой-сана туралы кітап», VІІ томы «Ұстаздың оралуына» арналады.
«Әбу Насыр әл-Фараби – ұлы ғұлама! Ұстаздың шығармалары ұлтының жан жүрегіне жетіп, ақылына терең сіңіп, өлмейтін, өшпейтін, ұрпақтан ұрпаққа тарар асыл һәм киелі құндылығы болып қалады» деген тұжырымды ойларын жазушы Р.Сейсенбаев кітап мұқабасына жазыпты. Жазушының айтуынша, әл-Фараби – әулие тұлға. Еңбектерін бірден оқып кету мүмкін емес. Десек те, жас буынға лайықталып жарыққа шыққан еңбектер оқуға ыңғайлы, түсінікті етіп жинақталған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп жасалған еңбекке ұзақ жылғы жұмыстың жемісі. Алғысөзін Президент Қ.Тоқаев жазған бұл еңбекке шетелдердің көптеген ғалымдарының еңбектері жиналды.
Жинақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша Халықаралық «Абай» клубының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Әлем халықтары әдеби университетінің қолдауымен жарық көрді.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
АЛМАТЫ