Президент • 15 Ақпан, 2020

Мемлекет басшысы Ауғанстан Президентімен кездесті

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев  қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясында өткізіп жатқан екіжақты кездесулерін жалғастыруда. Бұл жолы Мемлекет басшысы Ауғанстан Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен кездесті.

Мемлекет басшысы Ауғанстан Президентімен кездесті

Президенттер бұл кездесуге қуанышты екенін жеткізіп, екіжақты серіктестік мәселелерін талқылауға кірісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанның жақсы серіктес екенін айтып өтті.

«Біз шекаралас көрші болмасақ та, қарым-қатынасымыз жақсы. Ауғанстандағы өкілдігіміздің арқасында еліңіздегі экономикалық тұрақтылықтан хабарымыз бар. Помпео мырзамен Қазақстанда кездескенімізде де аймақтағы мәселелер туралы сөйлескен едік» деді Мемлекет басшысы.

Тараптар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы тауар айналымы 2019 жылы 308,1 млн АҚШ долларына бағаланды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 402,6 млн АҚШ долларына тең болған. Ауғанстанға Қазақстаннан негзінен ұн, бидай, табиғи газ тасымалданады. Ал біздің елге жеміс-жидектер мен картоп әкелінеді.

Сонымен қатар екі ел арасындағы білім бағдарламасы негізінде 1000-ға жуық ауған студенті Қазақстанда білім алды. 2018 жылы бұл бағдарлама қайта қолға алынып, нәтижесінде былтыр 31 студент Қазақстанға оқуға келді.