Қоғам • 17 Ақпан, 2020

Сырқаттар мұңын шақты, дәрігерлер жауаптан қашты

657 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Аурудың жақсысы жоқ. Алайда адам тәніне жабысатын күллі дерттің ішінде біз ерекше бөле-жарып, қорқа қарайтын бір қауіпті ауру бар. Ол – обыр. Ел бұл аурудың атын да атамайды, «жаман ауру» деп сыбырлап қана айтады. Қостанай облысы обыр дерті ең көп тараған өңірдің бірі. Республика бойынша үшінші орында тұр.

Сырқаттар мұңын шақты, дәрігерлер жауаптан қашты

Өкінішке қарай, қауіпті дерт­ке ұшыраған науқастар дер ке­зін­де ем алудың орнына, түрлі бю­рократиялық кедергілер мен денсаулық сақтау саласындағы шикіліктердің құрбанына айналып, жүйкесін тоздырып жатады. Тіпті жанын шүберекке түйіп, үміт арқалап алдына әрең жеткен науқастан пара дәме­тіп, заңсыз емпұл беруге итер­ме­лей­тін жағдайлар да жоқ емес. Ел ішінде арагідік дәрігерге деген өкпе-реніш айтылып қа­ла­­­тыны да осыдан. Мәселен, об­лыс­та онкологиялық диспан­сер­ге барып, дәрігердің қа­был­­­дауына кіру, қаралып әрі қа­рай ауруханаға жатып ем алу не­месе тегін дәрі-дәрмекке уа­­­қытында қол жеткізу үлкен про­­б­лемаға айналып отыр. Бұл мә­се­ле Қостанайда өткен ашық жи­ын­да көпшілік талқысына түс­ті. Денсаулық сақтау сала­сын­­­да қордаланып қалған өзге де түйткілді мәселелер сөз бол­ған басқосуға мүдделі сала бас­шы­­­лары, облыстағы арна­йы мони­торинг топтың мүше­лері, «Қос­танай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менед­жер­ле­рі, өңірдегі медициналық меке­мелердің бас дәрігерлері, онко­логиялық диспансерде тір­кеуде тұрған науқастар бар – барлығы 60 шақты адам қатыс­ты.

 3 жылда 16 қылмыс...

Жиынды Сыбайлас жемқо­р­лыққа қарсы күрес агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Қуаныш Бектасов ашып, көпшілікке денсаулық сақтау са­ла­сындағы тұрмыстық корруп­ция­ны жою және азаматтарға ла­йықты медициналық қызмет көр­сету үшін жасалып жатқан игі шаралар жайында баян етті. Департамент басшысының айтуынша, 2017-2020 жылдар аралы­ғын­да біреудің мүлкін заң­сыз иелену, жемқорлық, қыз­мет­тік лауазымын асыра пайдалану деректері бойынша 16 дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бүгінде 3 млн теңгеден астам қазына қаржысын қолды еткен Арқалық қаласындағы мамандандырылған сәбилер үйінің бас дәрігеріне қа­тыс­ты сотқа дейінгі тергеу жү­ріп жатыр. Бас дәрігер 2019 жылы тоғыз ай бойы жетім бала­лар­ға арналған азық-түлік және бас­қа да материалдық тауарларды заңсыз иемденіп отырған.

Лауазымын асыра пайдаланып, пара алып тұтылған ақ халаттылар да аз емес. Мәселен, былтыр облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері мен оның орынбасары мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтып алған жеке кәсіпорын директорынан пара алған. Олар медициналық реагенттер мен реактивтерді диспансерге кедергісіз өткізіп, оған уақытында ақша төлеу үшін кәсіпкерден 4 млн 400 теңге талап еткен. Пара алып жатқан жерінде ұсталған дәрігерлердің бірі 4 жылға, екіншісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

 Қоғамдық бақылау нәтижесі көңіл қуантпайды

Соңғы жылдары мемлекеттік меке­ме­лердің жұмысын бақы­­лай­тын қо­ғамдық инсти­тут­тар­дың белсен­ділігі артып келеді. Аталған жиында «Ха­лық» республикалық қоры­ның президенті Алдан Мен­ке­ев жасаған баяндама осы­ның ай­қын дәлелі. Қоғам бел­сен­дісі онкологиялық диспансер тө­ңі­ре­гіндегі жемқорлық тәуе­ке­ліне қатысты әлеуметтік сауалда­ма жүр­гізіп, біраз мәселені зерде­леп­ті. Ол көпшілік назары­на өзі да­­йындап келген бейнебаян­ды ұсынды. Смартфонға жазы­лып алынған бейнебаянда бел­сен­ді таңғы 7.30-да онколо­гия­­лық диспансерге барып, ке­зек күтіп отырғандармен әңгі­ме­ле­се­ді. Әңгіме барысында мынадай мәселенің беті ашылады: бірін­ші­ден, кезек күтіп отыр­ған­дар­дың дені егде жастағы адамдар; екіншіден, олар таңғы сағат 6-да келіп, кезекке тұрып, есіктің ашыл­уын күтеді екен. Сағат 8.30-да диспансер есігі ашылған соң, нау­қастар терминалдан талон алып, тіркеу бөліміне тағы да кезекке тұрады. Тіркелгендер одан кейін екінші рет талон алып, дәрі­гердің қабылдауына кезекке тұра­ды. Бірақ 25 адамнан кейін қа­былдау тоқтап, қалғандары үйіне қайтуға мәжбүр болады. Нау­қас­тар­дың біреуі 3 апта бойы кезек күтіп, дәрігер есігін аша алмай жүргенін ашына айтып жатыр. Екінші кейуана қаланың бір бұрышынан келгенін, егер сағат 7.30-дан кешіксең, мұнда кел­мей-ақ қойған дұрыс екенін, талон алғанның өзінде дәрігер қабылдауына кірудің қиындығын айтып мұң шағады.

Бұдан кейін белсенді жиынға қатысушыларды өзінің әлеуметтік желі арқылы жүргізген сауалдама қорытындысымен таныстырды. Оның инстаграм парақшасына жұрт қалдырған ренішке толы жазбалардың мазмұны мынаған саяды: «диспансерге кезекке тек дүй­сенбі күні сағат 8.30-дан 9.00-ге дейін ғана жазылу мүм­кін­­дігі бар. Онда да екі апта бұ­рын жазылу керек». «Кезекке жа­зы­ла алмағандар таңғы 5-те тұ­рып, қараңғыда қақаған аязда кезекке тұруға мәжбүр. Дәрігер сағат 10-ға дейін 10 адам қа­былдайды, қалғаны келесі күнге қалады». Біреу ота жасату үшін дәрігердің қолына 80 мың тең­ге ұстатқанын жазса, енді біреу «дәрігерге 3 мың теңге берсең, кезексіз қабылдайды» деген кеңес береді. Бұдан өзге тір­кеу бөліміндегі мамандардың науқастармен дөрекі сөйлесетіні, ауру­ханаға жатып емделуге қол жеткізудің өте қиындығы, керек кезінде тегін дәрі-дәрмек алудың мүмкін еместігі туралы жазбалар да бар.

 Дәрігерлер тақырыпты басқа арнаға бұрып жіберді

Алайда желдің қайдан, қалай соғатынын алдын ала білсе керек, денсаулық сақтау саласының өкілдері де жиынға дайын­дықпен келіпті. Олар да өзде­рі­не алғыс жаудырып, ізгі тілек біл­дірген он шақты адамды бей­не­камераға жазып алыпты. Көп­ші­лік мұны да көрді.

– Өткен жылы обыр дертімен 2447 адам тіркелді. Облыс бойын­ша жалпы саны 13 мыңға жуық адам есепте тұр. Науқастардың көбі 60-75 жас аралығында. Онко­ло­гиялық ауруханада 54 дәрігер жұмыс істейді. Олардың 80%-ы бірінші, жоғарғы санаты бар білікті де тәжірибелі мамандар. Мүмкіндігінше емдеп, ота жасап жатыр. Сондықтан оларды қаралау қисынсыз. Кезінде мамандар аз еді. Жыл санап жағдай жақсарып келеді. Биылдың өзін­де 7 маман келді. Оларға үй беріл­ді. Ал қоғам белсендісі көр­сет­­кен бейнематериал мен са­уал­­дамаға қатысушылардың бірде-бірінің аты-жөні көрсе­тіл­меген. Сондықтан бұл біздің тарапымызға айтылған негізсіз айып, домалақ шағым болып табылады. Бүгінге дейін ресми түрде ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Ал енді кезек күту мәселесіне келсек, бізде қазір радиолог дәрігерлер жоқтың қасы. Сондықтан науқастар ауруханаға жату үшін кезек күтеді. Бұған біз дәл қазір ештеме істей алмаймыз. Осыдан 20 жыл бұрын 6 мың науқасты 10 радиолог емдейтін. Қазір 13 мыңға жуық науқас бар. Диспансерде 4-ақ радиолог жұмыс істейді. Сәулемен емделетін науқастардың ұзақ кезек күтіп қалу себебі осы. Біз емтөсек санын да көбейте алмаймыз. Өйткені стационарда жатып емделу көп уақытты қажет етеді. Мен барлық жағдайды түсінемін. Шешілмей жатқан қыруар шаруа бар, оны да жақсы білемін. Бірақ оны толық шешіп тастауға шама жоқ, – деді онкологиялық ауру­ха­­наның бас дәрігері Максим Бобошко.

Одан кейін сөз алған облыс­тық денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Вячеслав Дудник бар мәселенің қаржыға келіп тіреле­ті­нін жеткізді. Оның айтуынша, дамушы елдер меди­ци­наға ішкі жалпы өнімнің 5 пайызын, ал дамыған елдер 7 пайызын бөледі екен. Мәселен, Франция ІЖӨ-нің 12 пайыздан астамын денсаулық сақтау саласына жұмсайды.

– Елбасы былтыр білім, ғы­лым, денсаулық саласына 10 пайыз бөлуге қол жеткізуді тап­сыр­­ды. 10 пайызды үш салаға бөл­се­ңіз­дер, медицинаның енші­сіне 3-ақ пайыз тиеді. Меди­ци­наны дамытудың таяуда қабыл­дан­ған жаңа бағдарламасы мұны 5 па­йыз­ға жеткізуді көздеп отыр. Біз қазір осы бағыттамыз. Кез кел­ген саланың жақсы болуы үшін қаржы мен кәсіби мамандар керек. Бізде жо­ғ­ары бі­лікті кәсіби мамандар бар. Қал­ған мүмкіндіктер жыл санап жасалып жатыр. Облыс әкі­мі­нің қолдауымен облысқа 265 жас дәрігер келді. Ауылға 92 дәрігер орналасты. Биыл өңір­дің денсаулық сақтау саласына 50 миллиард теңге қаржы бө­лі­ніп отыр. Екінші тоқсанда мұның үстіне тағы 7 миллиард теңге қосы­лады. Дәрі-дәрмек сатып алуға 5,8 миллиард теңге қарас­ты­рылған. Мен өзім онкологияда 20 жыл жұмыс істедім. Сіздер онколог-хирургтің жұмысы қан­дай екенін білесіздер ме? Ол 8.30-да жұмысқа келеді. 30 минут пала­таларды аралап, науқас­тарды бір шолып шығады. Одан кейін опера­ция үстеліне кетеді. Бірінші ауыр ота жаса­ла­ды. Ол таңғы 9-дан 13.00-ге дейін созылады. Бір сағат ас-су ішіп алып, сағат екіде екін­­ші отаға кіріседі. Таңғы 9-дан кеш­кі 17.00-ге дейін ота үстелінің ба­сында тізе бүкпестен жартылай е­ңке­йіп тұрады. Былтыр онко­дис­пансер 8 жарым мыңнан астам адамды қабылдады. Оның ішін­де 1600 адамға ота жасалды. 6 мың адам химиялық терапия алды. 800 адам сәулемен емделді. Сәулемен ем алатын бір адамға кем дегенде 30-40 күн кетеді. Қоста­най онкологиялық есепке тіркел­гендер саны бойынша рес­пуб­ликада бірінші орында тұр. Бұл – біздің мамандар жақсы ем­дей­­ді деген сөз. Бізде есепте тұр­­­ғандардың 72 пайызы, яғни 7 мыңнан астам адам ем қонып, тәуір болып келеді, – деді В.Дудник.

«Дәрігерлердің кәсіби шебер­лі­гіне шүбәміз жоқ. Алайда облыс­тық онкодиспансерге сонау 480 шақы­рым қашықтықта жатқан Арқа­лықтан, 216 шақы­рым шал­ғай­­да жатқан Жіті­қа­радан ат ар­ыл­­­тып жеткен нау­қастар апта­лап кезекке тұрып дәрігердің есі­гі­­нен де сы­ғалай алмай кетеді екен. Бұ­ған не дей­сіз?» деген жиын төра­ға­сы­ның сауалына бас­қар­ма бас­шысы: – Бұған жауап бе­руге дайын емеспін. Мен күн тәрті­бі­мен та­ныс емеспін. Өзім жиын­ға ке­ші­гіп келгендіктен, маған дайындап қойған баяндама­ны ашып көрген де жоқпын, – деді.

 Мәселенің түйіні шешілмей қалды

Қолдаушы тарап дәрігер мәр­те­бе­сі туралы заң қабылдану ке­рек деген бастама көтерді. Осы­лайша күн тәртібі бойынша кө­те­ріл­ген негізгі мәселе көлеңкеде қал­ды.

Жиынды ұйым­дас­ты­ру­шы­лар­дың өздері бір сәт не істерін білмей қалғандай болды. Абды­рап қалған көпшілікті бұл тығы­рық­тан «Жас атамекен» жас кә­сіп­­керлер клубының жетекшісі За­рина Көкжанова алып шықты. Кә­сіп­кер бұған дейін аталған мә­се­­леге қатысты 30 мың адаммен сөй­­лесіп, науқастар мен олардың туыс­тарының өмірін жеңілдететін ұсыныс-тілектерін жинаған. Обыр мәселесін дәрігерлер де, ше­неу­ніктер де жеке дара шеше ал­майтынын айтқан З.Көкжанова барлық тұрғындардың басын қо­са­тын ортақ платформа жасау керек деген ұсыныс тастады. Оның айтуынша, науқас азаматтар өз құқықтарын білмейді. Бұл бағыт­та тиімді түсіндіру, ақпарат тарату жұмыстары жүру қажет.

Нақты бір тоқтамға келе алма­ған қос тарап алдағы уақытта тағы бір кездесіп, мәселенің шешімін іздеп табуға талпынып көру керек де­ген шешім қабылдады.

 

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ,

журналист

 

ҚОСТАНАЙ