Руханият • 17 Ақпан, 2020

Ұлағатты ұстаз ұстыны

439 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық мәслихатының шешімімен аудан орталығының бір көшесіне еліне елеулі, халқына қалаулы болған, ұстаздық қызмет жолында бар-пәрменімен қызмет еткен Нұрмақ Жүністің есімі берілді.

Ұлағатты ұстаз ұстыны

Солтүсік Қазақстан облысының ежелгі бір пұшпағы – Қызылту ауданы, 1928 жылдың 17 қаңтарында құрылды. Бұрынғы Кішкенекөл, Шүмектікөл, Боқбасар секілді шағын-шағын көлшік­тердің басында мөлдір суын шопылдатып, су астында асыр салған балығын қолмен аулап, ана-апаларымыз басында кір шайқап, алаша жуғанын көрген, бүгінде жетпіс қайдасың деп төбесіне көтеріліп бара жатқан біздердің қасиетті мекеніміз содан бері небір өзгерістерді бастан өткерді. Бүгінде аудан атауы Шоқан Уәлиханов болып өзгерген. Сол­түстік және солтүстік шығысында Ресей Федерациясының Омбы облысымен, шығысында Павлодар, батысында Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар, оңтүстік шығысында Ақмола об­лысының Еңбекшілдер ауданымен шек­тесіп жатыр. Көліктегілер төтелей дала жолымен бір жарым-екі сағатта Бура­байдың тура төбесінен шығады. Жалпы бұл ма­қала арқылы айтпағымыз, осындай аудандардың негізін қалап, жоқтан бар жасап, бүгінгі әлеуеті зор ел қата­рына қосуда өзіндік ізі мен қолтаңбасы қалған аға ұрпақтың еңбегін жастар санасында жаң­ғырту. Ел де, қалың қара халқы да небір нәубетті бастан өткерді. Ірі байлар тәр­кіленіп, малы тартып алынды. Кедей-кеп­шікке тиген мал-мүлікті жақсылық нышаны деп қабылдады. Алайда, әпербақан саясаттың зардабынан асыра сілтеушілік орын алып, біразы «халық жауы» атанып жер аударылды.

Одан беріде шаруашылықты күйрете қиратқан зұлым соғыс зардабын қалпына кел­тіріп үлгермей жатып, ауыл-төбенің қара­барқын топырағына шынжыр табанды трактормен түрен тартылып тың игеру басталды. Осылай аудан халқы жанталаса тырмысып бір науқаннан біріне көшіп, соң­ғы онжылдықтарда ғана мамыражай тіршілік кешуде.

Міне, сол ауданның алғашқы қазы­ғын қағып, жүздеген тұңғыштардың қата­рын­дағы ерен еңбектің басы-қасында жүр­гендердің бірі, бүгінде елімен қайта қауы­шып отырған – Нұрмақ Жүніс.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы. Ұс­таз еңбе­гін жыл мезгілінің табиғаттағы ерек­шелегімен ұқса­туға болады. Мұғалім, көктемдегі тіршілік секіл­ді, шәкіртіне – жас тал тамырына нәр беріп, қуат­тандырып, оны білім жолына жетектейді. Білім беру ісінде ұстаз қыстың ызғарына, небір бо­рандарға төтеп беріп, жаздың шіліңгір ыс­тықтарына күйеді. Бірақ күз мезгілі келгенде еккен егіннен жемісін татып, қырманы алтын дәнге толғандай, арманы орын­далып, төбесі көкке жетіп, балаша қуанады. Мақаланың басты кейіпкерінің өткен жолын саралай отырып, осылайша ой толғаймыз.

Шын мәнінде, ұстаздық қызметіне адал­дығын Нұрмақ Жүніс білімімен ғана емес, жанкешті ерен тірлігімен де дәлелдеді. Ол қатардағы ұстаз ғана емес, басшы ретінде шалғайдағы Қызылтудың ен түбінде жат­қан кезіндегі қазақы Шапай, Қайрат, Жас­қайрат секілді елді мекендердегі қай мек­тептің де әр кірпіші мен тасын арқалап тасып, өз қолымен қалаған жан.

Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі – терең білім болса, екіншісі – үл­кен жүрек. Осының екеуі де бағамдай біл­сек, Нұрмақ Жүністің бойынан табылды.

Қызылту төңірегіндегі ұстаздардың ұс­тазы атанған Нұрмақтың атажұрты да, нағашылары да ел билігіне қатысқан, ба­рын бөліскен әділ бай болған. Атажұр­ты Атбасар ауданының Қаратомар, Сәт­пек ауылының тұрғындары бертінге дейін, оның атасы қазған құдығын, жай­қа­лып жатқан жайлауын Жүніс атаның қоны­сы деп келді. Нұрмақ әкесінен небәрі он алты жасында айырылып ерте есейеді.

Жасынан зерек ол сұрқия заманда орыс­ патшасының жарлығымен Атбасарда орын алған жас балаларды қара жұмысқа жегу­ге әскерге алмақ болғандармен алысып, таяқ та жеді. Нұрмақ Жүнісұлы 1898 жылы Атбасар төңірегіндегі 16-шы (Қара­томар) ауылында дүниеге келген. Ат­басар ревкомы Сабыр Шәріповтің бас­тауымен сауатсыздықты жоюға араласты. Атбасардағы оқытушылар курсын, одан соң Қызылжар педучилищесін, тағы да Көк­шетаудағы педтехникум жанын­дағы кадр­лар білімін жетілдіру курсын тәмам­дайды.

1921 жылдан еңбек жолын бастаған Нұр­мақ Жүніс осы Қызылту ауданында, оның орталығы Қулыкөлде орта мектеп­ке директор болған. Ол Кішкенекөл орта мектебін халық мектебі дәрежесіне кө­терді. Өмірінің соңына дейін ұстаз, мектеп директоры, аудандық оқу ағарту бөлі­мінің меңгерушісі болған. Атап айтсақ, 1933 жылы Кішкенекөл орта мектебінде мұ­ғалім, 1939-1942 жылдары Жасқайрат ауылдық мектебінің директоры, 1942-1948 жылдары Қызылту аудандық оқу бөлімін басқарады. Ал 1948-1952 жылдары Шапайдағы Папанин, 1952-1955 жыл­­дары Маленков, Ұялы ауылдық мек­тептерінің директоры қызметін ат­қарған. Білім ошағы жоқ кішкентай ауыл­дардың бәрінде тікелей араласуы­мен мектептерді ашып отыруы, аңыз іспеттес. Осы аймаққа есімі кеңінен та­нымал республикаға еңбек сіңірген мұ­ғалім Сабыр Мәліков Нұрмақ Жүністің сүйеніші, тірегі бола білді.

Тәжірибелі, іскер маман ретінде оны білім алмақ түгілі, тізе бүгіп жайғасатын орны да жоқ, ат тұяғы баса бермейтін шал­ғайдағы ауылдарға жиі ауыстырып отыр­ды. Ол кезде дүниенің бәрі қат, әр­ сом түгілі тиын үшін қатаң сұраныс бар, «былай тартсаң, арба сынады, былай тарт­саң, өгіз өледі» дейтіннің заманын­да еңбек ету оңай болмады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы орайда, Нұрмақ Жүністің ас­танада тұрып жатқан қызы Роза Нұр­маққызының әкесімен қатарласа елге қыз­мет еткен қайраткер анасы Мағрипа Мұхам­бетәліқызы рухына бағыштаған «Сөнбейді жақ­қан шырағың» атты кітабынан үзінді келті­релік.

«...1948 жылы аудандық атқару коми­те­тінің ұйғарымымен әкеміз Нұр­мақты үшін­ші ауыл Шапайдағы Папанин мектебіне директор етіп жібер­­ді. Мектеп жоқ. Оны са­лу үшін жаз бойы құрылыс материалдарын сырттан өзі басы-қа­сында жүріп тасумен болды. Нәр татпай аш құрсақ жүрсе де бар ойы мектептің құрылысын тезірек аяқтау. Соңынан көп ұзамай отбасымыз Сіле­ті өзенінің жағасындағы қора-қопсысы жап­сарлас екі бөлмелі үйге көшіп келді. Таң қылаң­дағаннан тұрып кететін әкені көр­мейміз.

Не керек, күндіз-түні саз балшықты белшесінен кешіп, Арқаның суық желінің өтіне, жаңбырлатқан көктемнің өңменнен өтетін ызғарына бой бермей еткен еңбегі зая кетпей, бір қабатты мектеп сол жылы жа­ңа оқу жылына дайын болды. Қарбалас істегі әкем Нұрмақ тағы да Көкшетаудың Бұлан­дысынан жетіспей қалған қосымша заттарды әкелуге кеткен...

Бірде даладан жүгіре кірген мектеп кілт­шісі Құрман анам Мағрипаға бірдеңе деп сыбырлағаны сол еді, ол көзі шарасынан шыға тез киіне бастады. Кейін білдік, арғы жағаға түнделетіп жеткен жүргізуші тәуекелге бел буып, тура өзеннің ортасымен өтем дегенде мұз ойылып, көлік суға батып кете жаздаған. Кейін құтқарушы құрдастары, «Нұрекеңнің ажалы алыс екен» деп әзілдесетін.

Одан кейін де Ұялыдағы Маленков, Жас­қайраттағы мектептердегідей бейнет­ті шаруа күтіп тұрды.

Осылайша әкем Нұрмақ жазғытұрым бас­талысымен мектеп салу «әуенімен» аяқ-қолы жерге тимей аудандық қаржы, оқу бөлімдерінің табалдырығын тоздырып, ашпаған есігі қалмады ғой деп ойлаймын. Үйден гөрі түзде жиі түнейтін. Бұлан­ды, іргелес Омбыдан қарадүлей суық, қар аралас жаңбыр астында қала­тынына қарамастан құрылыс заттарын жеткізетін әкем есіктен кіргенде үсті-басы малмандай су, тісі-тісіне тимей діріл­деп-қалшылдап келетін. Бала болсам да қатты жаным ашып аяйтын едім. Сол көріністер күні бүгінге дейін көз алдымда.

Соғыстың алдында да, сондай қиын­дық­пен ауданның Қондыбай колхозында мектеп-интернат салғызғанын біреу білсе, бі­реу білмейтін болар.

Мұғалім қашан да саясаттың жауын­гері ғой. Дүркіреп сардалаға түрен түс­кенде жан-­жақтан жеткен сан алуан ұлт өкілдерін ды­мы жоқ Ұялы ауылында жайғастырып, ас-суын қамдау да сол кез­дегі партия ұйы­­мының хатшысы Нұр­мақ Жүніске жүктелді.

Көп ұзамай жанкешті еңбегінің зейне­тінен гөрі бейнеті мол болған әкемнің нау­қасы меңдеп, біржолата төсек тартып жатып қалды.

Талай жылғы төгілген тер, жанын жеп жаса­ған іс, жүйкені жұқартар, шырмауықша шырмалған небір жағдай­лар қойсын ба. Ақыры көп ұзамай аяу­лы әкемізден айы­рылдық. Мыңдаған шәкірттерінің алғысын арқалаған әке, алыстап ұзай берді...».

Өз заманында Нұрмақтың үйі өнер ордасы болды. Қызылтулық өнер саңлақтары ән-жырларымен қоса, «Едіге батыр», «Қыз Жібек», «Арқалық батыр», «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» секілді сахналық қойы­лымдарды назарға ұсынып, халықты рухани сусындатты.

Нұрмақ Жүністің өзі де, зайыбы Мағ­рипа Мұхам­бетәліқызы да керемет әнші, небір ұлттық саз аспаптардың құлағында ойнаған. Соғыстың алдында Мағрипа ана Қызылжар және Алматыда өткен ән байқауында алдыңғы жүлденің бірін жеңіп алып, елге сол кездері көптің қолы жете бер­мейтін патефонды саз табақшаларымен қоса құшақтап оралады. Тағы бірде Ал­матыда өткен Қазақстанның екінші съезіне делегат болып қатысып, қазақтың жыр алы­бы абыз ақын Жамбыл Жабаевтың батасын алды.

Екінші дүниежүзілік соғыста бел шеш­пей ел аралап, майдан тылына азық-түлік жөнелтіп, арасында ән айтып қамкөңіл жандардың рухын көтеріп отыр­ды. «Мағрипаның орындауындағы «Ақбөпе», «Сұржекей», «Қанатталды», «Аққұм» әнімен әсерленген қауым дуылдасып тарасатын» деп еске алады онымен қатарлас қызмет атқарған менің анам Бәтиқа Тұрсынғожина (Омарова).

Мағрипа ана әрі ұстаз, әрі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызмет­терін де атқарды. Ең бастысы, Мағрипа ана бір қолдың саласындай өмірге әкелген бес перзент есімі бүгінде елге ерекше таныс дер едік. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әке мен ананың жолын қуған тұңғыш қызы, ұстаз Зекеннің өмірі ұзақ болмағанымен зайыбы құрметті ел азаматы Мұса Иманбаевпен тату-тәтті өмір сүрді.

Тағы бір ұлы, мамандығы энергетик Абы­лайханы Талдықорған облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етіп жүргенде қайтыс болды.

Сәкені – Сәкен сері Жүнісов Қа­зақ­­стан­ның халық жазушысы, ҚР Мем­лекетік сый­лығының иегері, әдебиет зерттеушісі, дра­матург. Сәкен сері әлемі – бізді биік ой­лар­ға жетелейтін сурет­кердің ұлт биігіне көтерілген әлем. Жерлестерінің құрметімен осы Солтүстік Қазақстан облысыдағы Қы­зыл­ту, бүгінгі Уәлиханов ауданындағы Мә­дениет сарайы қазірде Сәкен сері атында тұр.

Ал Орал Нұрмақұлы Жүнісов белгілі кинорежиссер. Бүгінде Алматыда тұрады. 40-тан астам фильмдердің авторы, оның көбі халықтың этнографиялық салт-дәс­түріне арналған.

Роза Нұрмаққызы Жүніс Астана қала­сында тұрады. Ағасы өзін еркелете, «Сәкен серінің Розтайы» деген атына сай, оның мұраларын жинақтап, сақтап, барынша насихаттаушысы бола білді. Роза Жүністің де негізгі мамандығы ұстаз. Журналистер ода­ғының мүшесі.

Міне, «Нұрмақ Жүніс кім болған?» деген сауалға жауап осы. Ұстаздың еңбегі жанды, оты өшкен жоқ, ұрпағы өрбіді, елі болса ер есімін жаңғыртты. Ғасырлар бойы өзінің кіндігінен тараған бала, немере, шөбере, немене... Оған қоса мыңдаған шәкіртінің дүрсілдеген жүрегінің түкпірінен оның есімі мәңгі өшпек емес.

 

Майра ШӨКЕН,

Қазақстанның құрметті журналисі