Басылым басшылары • 17 Ақпан, 2020

Басылым басшылары - Кеңесбай ҮСЕБАЕВ (1914-1995)

750 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

К.Үсебаев Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында дүниеге келедi. Жетiм балаларға арналған интернатта тәрбиеленедi. 1934 жылы қызылорда қаласындағы жетiжылдық мектептi бiтiредi. Одан кейiн мектепте мұғалiм болады. Қармақшы аудандық «Қызыл ту» газетiнде қызмет iстейдi. 

Басылым басшылары - Кеңесбай ҮСЕБАЕВ (1914-1995)

1935-1938 жылдары Алматыдағы Коммунистiк қазақ журналистикасы институтында оқиды. Оқуды бiтiргеннен кейiн Қарағанды облыстық «Советтiк Қарағанды» газетiне жiберiледi. Мұнда ол 1938 жылдан 1946 жылға дейiн әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерiн атқарады.

1946-1949 жылдары ҚКП Орталық Комитетi жанындағы Жоғары партия мектебiн бiтiредi. 1949-1953 жылдар аралығында Ақмола облыстық газетiнiң редакторы болады. 1953-1955 жылдары қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанындағы Радиохабарлар жөнiндегi комитет төрағасы, ал 1955 жылдан 1959 жылға дейiн «Социалистiк Қазақстан» газетi редакторының орынбасары қызметiн атқарады.

1959-1960 жылдары К.Үсебаев республика Министрлер Кеңесi жанындағы информациялық агенттiктiң (қаз­ТАГ) директоры болды. Ал 1960 жылы республикалық «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң редакторы болып тағайындалды. Бұл қызметтi ол 1969 жылға дейiн атқарды. 1969 жылдан 1975 жылға дейiн қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанындағы Телевизия және радиохабарлары жөнiндегi комитет төрағасы болды.

Ол бiрнеше рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне мүше, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы болды.

Елiмiзге сiңiрген еңбегi үшiн К.Үсебаев Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгiсi орденiмен марапатталды, «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi» атағы берiлдi.