Абай • 18 Ақпан, 2020

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек...

1439 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ойды ой қозғайды... Қозғалған ой тұманының бастау көзіндей бүлкілдеп жаңа бір көздері ашылады. «Egemen Qazaqstan» газетінің 21 қаңтардағы санында жарық көрген Дархан Қыдырәлінің «Ақылға сәуле қонбаса...» деген мақаласын оқыған соң заманымыздың тасын өрге домалатар зиялы жастарды тәрбиелеу жолында Абайдың өсиет сөздеріне қайта бір үңіліп, жаңаша байлам тапқандай болдық.

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек...

Абай өлеңдерін әбден кемеліне келген шақта, 40 жастан бастап қана өз атынан жариялай бастаған. 40 жас – кемел кезең, «акме жас» саналады. Мұның да үлкен мәні бар. Абай оған дейін де өлең шығарып, халық арасында билік айтқан, шешендік ойларымен бөліскен. Бірақ осы араға дейін Абай көп ізденумен, білім жинаумен болған. Абай өз заманының зиялысы ретінде өзі өмір сүріп отырған қоғамдық ортаны тәрбиелеген. Оған дәлел Абайдың ақындық ордасының болуы, өнерлі жастарды жанына жинап, оларға бағыт беріп отыруы.

Зиялылыққа ұмтылу, зиялы болу бүгінгі заман жастары үшін мұратқа айналуы керек. Жастар саналы түрде маңайына білім мен биік адамгершіліктің жарығын шашу туралы ойлануы шарт.

Ал осы зиялылықты қоғамда қалып­тастыратын кім? Кім кімді тәр­биелеу керек? Қоғам зиялы адамды тәрбиелеуі керек пе? Әлде қоғамды зия­лы адам тәрбиелеуі қажет пе? Қазіргі білім жүйесі зиялылыққа тәрбиелей ала ма? Оқыған адамның бәрі бірдей зиялы бол­май шығуы да заңдылық. Бұл ойды Абай­дың ең озық шәкірті Шәкәрімнің «Сен ғылымға болсаң ынтық...» өлеңінде

Шын залымға берме ғылым,

Ол алар да оқ қылар.

Қаруым дер, кісі атып жер,

Ол ғылымды айла етер.

 ... Дүниені түзетуші,

Һәм бұзушы – бір ғылым.

Әрі залым, әрі ғалым,

Ел түбіне сол жетер, деп береді. Бай­қасақ, данышпан ақын ғылымды игерген адамдардың да ұжданы таза болмаса, елге зиян екенін айтқан. Бұл – ақиқат.

Жапон халқында Икигай философия­сы деген ұғым бар. Икигай тұжырымы – адам өзін әлемнің бір бөлшегі ретінде санауы және өзіне белгіленген несібеге ризашылықпен қарауы. Икигай – жапон халқының адамның өмірге өзін арнау тұжырымдамасы болса, ұждан – қазақ халқының қаншама дәуірлерде қандай да бір қиындықтарға қарамай өзін сақтау, болашаққа жеткізудің түйіні. Ұлттық тәрбиені әлемге танытудың жолы.

Шәкәрімнің ұждан туралы айтқан таным­дық тұжырымдамасы қазақ халқы­ның ұзақ ғасырлар бойы қа­лып­тасқан адамның таза, адал өмір сүруі­нің қағидасы. Ынсап, әділет, мейі­рім арқылы қазақ өз рухының қорға­ныс функциясын қалыптастырған. Ұждан­ға бірікк­ен ынсап, әділет, мейірім ұшта­ғаны қазақ зиялы жасының өзегі болуы керек. 

Зиялылықтың тағы бір өлшемі Абай айтқан Есті адам, Толық адам, Шыншыл адам ұғымдарымен астасып келеді. Олай болса, қоғамдық сананы рухани жағынан тәрбиелеу зиялы тұлғаның міндеті болады. Зиялы тұлға өз заманының рухани иммунитетін қалыптастырушы. Рухани иммунитеті мықты ел – сырттан келген қандай кесел болса да қорғана алатын ел. Ұлан-байтақ қазақ елінің қай жерін алсақ та киелі, қасиетті. Бірақ соның ішінде ұлттың ұйысуы мен ұлттық иммунитеттің қалыптасуының ортасы бар. Ол – есті қазақтың еңселі ордасы Семей қаласы. Алаш зиялылары өз отауларын тіккен мекенде Абай, Шәкәрім дүниеге келіп халықтың рухани қазынасын толықтырды, өз ілімдерін таратып отырды.

 Тұңғыш ой мектебі де Абайдың айналасында құрылып, өзінің зиялылық нұрын шашты. Семей жерінде өтетін Абайдың 175 жылдық торқалы тойы әлем назарында. Той өткізу – көше мен ғимараттарды жөндеуде емес, жалпы алты Алашты біріктіретін рухани ренессанс болуы керек.

Абай өзінің 32-қара сөзінде: «..ғы­лымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзыл­масын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!» дейді. Данышпанның айтып тұрған мінезі зиялы тұлға мінезі болу керек.

Құрметті зиялы деген кім? Бұл сұрақ­тың жауабы: Алаш зиялысы, Алаш­тың түпкөсемі Әлихан Бөкейхан­ұлы дейміз. Ол өзінің жеке басына төніп тұрған қауіп-қатерді біле тұра халқы үшін, отаны үшін, елінің болашағы үшін ел ішінде болып, барлық ауыртпалықты теңдей бөлісіп көтерді. Міне, нағыз зия­лы азаматтың мінезі осындай!

Қазақ елінің бүгінгі зор байлығы – Тәуел­сіздік. Абай халқына ой тәуел­сіздігін ұсынды. Абай өз шығарма­лары арқылы ойы азат, рухы еркін халқын болашаққа бастайтын жасампаз зиялы тұлғаның моделін жасады. 

Қазақ халқының болашақты тәрбие­лейтін зиялы жасын қалыптас­тырудың басты тетігі – Абайдың толық адамы мен Шәкәрімнің ұждан танымын игертуде.

Бүгінгі білім беру жүйесі өзінің ағарту­шылық миссиясының сапасын түсіріп алды. Еліміздегі көптеген қиын­шы­лықтар білімі бар, бірақ ағарту­шы­лық сапасы төмен мамандардан. Сапалы оқыған адам – алдымен өз елінің ағарту­шысы. Адамзат басындағы барлық қиын­дықтарды ағартушылық қана жеңеді.

 

Мейір ЕСКЕНДІРОВ,

Шәкәрім университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор