Әлеуметтік желілерде жаппай үрдіс алған бұл әрекеттің, әрине, зияны жоқ. Бірақ қазақтың Абайды тануы осы деңгейде ғана болуы керек пе еді?!..
Абай – алдымен қазақтың Абайы. Ахмет Байтұрсынұлынша айтқанда, қазақтың бас ақыны. Ал бас ақын – ұлттың киесі, қадір-қасиеті. Елбасы Н.Назарбаевтың ақынның 150 жылдық тойында «Абай – қазақтың бойтұмары» деген нақыл сөзі де ұлттың алдымен айтар ойын дөп басқандай.
Сараптай келгенде биылғы Абай тойында ұлт руханиятында қандай жоқты түгендеуіміз қажет?
Осыдан біраз жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедпен бірге Абай ауданына барған сапарында Тоқтамыс ауылындағы «Қоңыр әулие» үңгіріне жолы түскенінен хабардар едім. Осы сапарда өңір басшысы Қоңырәулие үңгірін келешекте туризм көзіне айналдыру керектігін айтқан еді. Көп ұзамай аты аңызға айналған үңгір жөнделіп, жарық тартылып, келушілердің үңгірге кіріп-шығу жолдары реттелгенін оқыдым. Алайда кейіннен «шежірелі Шыңғыстау өңірін туризмді дамыту жолына неге айналдырмасқа?» деген ой туындап, ара-тұра мазалайтын болды.
Бұл ойыма тағы да бір мысалдың қамшы болғанын баяндай өткен артық болмас. Осыдан үш-төрт жыл бұрын, Семейдегі автобекет маңайынан өтіп бара жатқанымда екі егде ер адам қарсы ұшырасты. Байқауымша, өң-түрлері еуропа қазақтарына келеді. «Қарындас, жөн сұрауға бола ма?» деді кәдімгідей. Тоқтай қалдым.
– Абайдың туған жеріне, дәлірек айтқанда, Жидебайға қазір кете аламыз ба? – деді бірі.
Мен бір-екі сағат шамасында Қарауылға баратын автобус келетінін айттым. Сол-ақ екен қасындағысы:
– Біз Абай басына барар болсақ, күнделікті, кез келген уақытта автобустар қатынап немесе арнайы апаратын жолсеріктер күтіп тұратын шығар, деп ойладық дегенде, не жауап айтарымды білмей, шарасыз күйге түстім. Әлдебір шаруаға алаңдап бара жатқандықтан, олардың кім екенін, қай жақтан келгендерін білуге де мұршам болмағанына әлі күнге дейін өкінемін. Іштей сезгенім, олар әлемнің бірқатар елдерін аралап, ол елдің тарихи тұлғаларын дәріптеудегі дәстүр-салттарына куә болып жүрген сыңайлы. Ал бізде Абайды дәріптеп танудың жайы ақынның туған жеріне қазақтың ұлан-ғайыр даласының ел қатарлы бір көрінісі сипатында қарайтындығын қайдан білсін?!..
Осы бір өзім куә болған мысал әлі күнге дейін есіме түсе береді. Шындығында да біз өз жерімізде Абайды танытуға келгенде селқос екеніміз рас. Тек Абай тойы жақындағанда ғана ойланатындай болмай, сырттан келген ағайынға Абайымыздың қайда екендігін бірден білдіріп тұру қажет сияқты. Бір қуанарлығы таяуда «Семей» әуежайы «ABAI» болып өзгерді. Демек, ұшақтан түскен кез-келген турист қайда келгендігін бірден сезініп, ақын туған мекенге асығатыны аян.
Абай тойына тұспа-тұс келген тағы бір жағымды жаңалық – Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген қорымды күрделі жөндеуден өткізіп, оның тарихи маңызын арттыру жұмыстары қолға алынатын болды. Демек, Шыңғыстау қойнауына жолы түскен адам Абайдың қандай әулетте дүниеге келіп, қандай өнеге-тәрбиемен қалыптасқанын тануға кеңінен жол ашылады деген сөз.
Әрине айта берсек ой көп, толғаныс та жыл бойына толастамайды. Белгілі ғалым-академик Ғарифолла Есім айтқандай, «Абай тойы – ойдың тойы болуы тиіс». Ақын тойына бөлінген 3 млрд теңге қаражат күні ертең күллі әлемнің «жақсыны көрмекке ұмтылатын» туристері Семей мен Жидебай жеріне келіп, тамсана тәнті болып, ерекше әсермен қайтуына бағытталса, қалайша қуанбасқа?!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы мына бір толғанысы да айтар ойымызды қуаттай түскендей.
«Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы», дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған мақаласында.
Бүгінде әлемдік деңгейдегі ықпалды саясаткерлер қатарынан көрінетін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жеті жұрттың тілін білетін кәсіби дипломат екендігін ескерсек, оның Абайды еліміздің бренді деп тануға шақыруы – дер кезінде берілген әділ бағасы деп ойлаймын. Яғни ақынды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттау арқылы тәуелсіз Қазақстанның туризмін дамытып, экономикасын өрістетуге де кеңінен жол ашылады деп сенемін.
Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ,
Nur Otan партиясы орталық аппараты Жұртшылықпен байланыс департаментінің қызметкері