«Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» республиканың және шетелдің театртанушы мамандарының басын біріктіріп, байланысын нығайтады. Өз театрын өзгелерге таныстыруға ықпал етеді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан жаңа бірлестіктің Қазақстан театр сыншылары, заманауи театр мен драматургия мәселелерін қарастыратын шығармашыл жастармен жұмыс істеу үшін алдына үлкен мақсаттар қойып отырғанын атап өтті. Бірлестіктің тұсаукесері аясында Қазақстан театр сыншыларының алғашқы зерттеушілік жұмысының қорытындысы жарияланып, 2019 жылдағы Қазақстан театрларының жасаған жұмысына баға берілді.
Қазақстан Театр сыншыларының төрағасы болып өнертану кандидаты Анар Еркебай бекітіліп, ол ұйымның мақсат-міндеті туралы кеңінен баяндады. Бірлестік төрағасының айтуынша, елімізде театр сыны өрістеп келеді. Халықаралық театр фестивальдері мен бәйгелерде жиі бақ сынайтын Қазақстан театрларының Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан секілді мемлекеттердегі өнер зерттеушілері, сыншылармен ортақ ұйым құру жөнінде мәмілеге келу себебі ең алдымен, халықаралық театр сыны мәртебесін көтеру. Шетелдік әріптестерімен жиі жолығысып, түрлі жобаларды бірлесе жүзеге асырып жүрген қазақстандық сыншылар осы арқылы өз кәсібінің нәтижесін байқап көргісі келеді. Осыдан отыз жыл бұрын саусақпен санарлық қана театр сыншысы болса, қазір театр өнерінің өркендеуіне өзінше атсалысып жүрген сыншылардың үлкен буыны өсіп, қалыптасты. Соңғы жылдары театрдағы әдебиет бөлімі жетекшілерінің сыншылар мен зерттеушілерден бекітіле бастауы соны жаңалық қана емес, қоғам мен театр арасындағы байланысты нығайтудағы игі қадам ретінде қабылданып отыр. Театр, драматургия, режиссураға қатысты қандай іс-шаралар болса, басы-қасында театр сыншыларының жүруі қалыпты дағдыға айналды. «Бүгінгі еліміз театрларында болып жатқан үдеріс, оның дамуы мен бағыт-бағдары, театр репертуарын жасаудағы ұстанған саясаты, заманауи көрерменнің қойылымға келуі мен қабылдау көзқарасы секілді мәселелер отандық және халықаралық театр мамандары қауымдастығы тарапынан қызығушылық тудырып отыр. Былтыр қазан айында Тбилисиде ашқан ұйымымызға жас сыншылар да қосылып жатыр. Бүгінгі қолға алған халықаралық жобалардың бірі, бұрынғы Одақ құрамындағы он бес республика, бүгінгі он бес дербес мемлекет театрларының соңғы отыз жылдағы дамуы, бағыт-бағдары, жаңалық үрдістерін қамтып жазып, толыққанды, тұтас дүние тудыру міндеті әр ел сыншысына тапсырылған болатын. Биылғы күзде осы ауқымды ғылыми еңбегіміздің тұсаукесері жоспарланып отыр», деді бірлестіктің қазақстандық жетекшісі Анар Еркебай.
Театр сыншылары мен режиссерлердің басын қосқан жиында 2019 жылы жасалған шығармашылық жұмыс нәтижесі сарапталып, оған баға берілді. Ол бағалау Театр сыншылары бірлестігінің екі үлгідегі 64 театрға жолдаған алты-жеті бөлімнен тұратын сауалнамасы негізінде жүзеге асып, осы арқылы республика театрларының бүгінгі ахуалының сипаттамасы жасалды. Анар Еркебай жасаған жан-жақты шолуда Қазақстан театрларының рейтингі түзілді. Сауалнама негізінде ел театрларының хал-ахуалы мен тыныс-тіршілігін анықтау Грузия, Беларусь елдерінде бұрыннан қалыптасқан әдіс болып есептеледі. Театртанушылар мен сыншылардың өзге елдермен кәсіби қарым-қатынасының өрістеуі негізінде қолға алынған өнер үшін маңызы зор қажетті мониторинг енді жыл сайын жүргізіліп отырады.
Сараптама нәтижесі көрсеткендей, 2019 жылы Қазақстанда 7 республикалық және халықаралық театр фестивалі өткен. Мұндағы көңілге сыйымсыз жайт, осы фестивальдердегі спектакльдерге төрелік жасайтын қазылар алқасының құрамы бес адамнан тұрса, тек соның біреуі ғана кәсіби театр сыншысы, қалғаны режиссерлер, драматургтер, қоғам қайраткерлері, тіпті әкімдік қызметкері де қазылық ісіне тартылып отырған. «Спектакльдерді талқылауға келгенде жалғыз театр сыншысына күш түседі, сондықтан қазылар алқасына қойылым туралы сауатты пікір айтып, сындарлы баға беретін маман театртанушылар көп тартылса» деген ойын іркіп қалмады А.Еркебай. Халықаралық театр фестивальдерінің жағрапиялық ауқымы да жыл өткен сайын кеңейіп келеді. ТМД елдері, соның ішінде Ресей, Македония, Испания, Франция театр ұжымдары жиі сапарлайтын елдер қатарына жатады. Қазақстан театрларының ішінде ең көп шетелдік гастрольдік сапарға шыққан өнер ұжымы – «Алақай» Қуыршақ театры. Одан кейінгі орында Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық драма театры мен Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының орыс тобы иеленеді.
Ал Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өткен жылы 10 жаңа спектакльді сахналап, премьералар көшін бастап тұрса, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры мен «Наз» мемлекеттік би театры көрерменге екі спектакльден ғана ұсынған. 2019 жылы республикадағы қазақ драма театрларында 141 премьера сахнаға шығарылған, оның басым бөлігі заманауи ұлттық драматургияның еншісінде. Сараптама нәтижесі ұлттық классика негізінде қойылатын спектакльдердің үлесі жыл өткен сайын азайып келе жатқанын көрсеткен, шетел классикасынан 15, ал ұлттық классикадан небәрі 10 спектакль ғана сахналанған. 28 спектакль театрдың ең жас көрермендеріне арналып қойылған.
Режиссерлердің арасында ең еңбекқор режиссер болып Қуандық Қасымов танылған, ол еліміздің алты театрында 7 спектакльді жарыққа шығарған. Бұл үштікті түрлі театр көрермендеріне жанры мен мазмұны жағынан бір-біріне ұқсамайтын бес спектаклін тарту еткен Жастар театрының режиссері Нұрқанат Жақыпбай түйіндейді.
Белгілі театр сыншысы Айдана Ахметтің дерегінше, облыстық театрлардың 80 пайызы музыкалық драма театры болғанымен, репертуарының жартысына жуығында балалар спектаклі ойналады. Оның бір себебі, балалар спектаклінің бюджеті төмен болып есептеледі, спектакльдер үшін арнайы костюм тігілмейді, арнайы декорация жасалмайды. Сондай-ақ еліміздің белгілі театртанушылары, сыншылары Сәуле Қабдиева, Зухра Исламбаева сараптаманың басқа да нәтижесімен таныстырды. Олар келтірген деректер мен мәліметтер еліміздің театрларының дамуына, қазіргі бағыт-бағдарына, жаңа белестерді бағындыруда қажетті ой-тұжырымдар қорытуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа бірлестік «Сыншылар жүлдесі» деп аталатын арнайы дипломдармен үздік деп табылған театрларды марапаттады. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры үздік сайт үшін, Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры «В гостях у Тролли» спектаклі үшін, Алматы мемлекеттік Қуыршақ театры «Айко мен Строшка» қойылымы үшін, режиссер Данияр Базарқұлов 2019 жылғы 3 премьерасы үшін, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Ләйлі – Мәжнүн» спектаклі үшін сыншылардың арнайы бекілген алғашқы жүлдесінің иегерлері атанды.
АЛМАТЫ