12 Тамыз, 2013

Лайықтылар неге ескерілмеді?

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облысындағы Ақкөл ауылында саябақ ашылып, онда әр кездері осы өңірдің өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген тұлғалардың есімдері тасқа қашалған ескерткіш қойылып, білікті іс атқарылыпты. Сол тізімнен әкем – Мұсабеков Мұқатай Есімбекұлының атын таба алмай таңғалғанымды несіне жасырайын.

 

Павлодар облысындағы Ақкөл ауылында саябақ ашылып, онда әр кездері осы өңірдің өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген тұлғалардың есімдері тасқа қашалған ескерткіш қойылып, білікті іс атқарылыпты. Сол тізімнен әкем – Мұсабеков Мұқатай Есімбекұлының атын таба алмай таңғалғанымды несіне жасырайын.

Ол кісі 1936 жылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Павлодар ауданының Ақкөл совхозына сауатсыздықты жою жолындағы әдістемеші болып келген. 1938 жылы 7 жылдық мектеп ашылып, әкемнің еңбегін жоғары бағалай отыра осы мектепке директор етіп тағайындаған. Содан 1942 жылы майданға аттанады да 1945 жылы елге аман-есен оралады. Келгеннен кейін де осы мектепке директор болып қайта тағайындалады. Халық ағарту саласында көп жылғы жемісті еңбегі үшін ауданның, облыстың Құрмет грамоталарымен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Кейін Екібастұз орта мектебінің көрсеткіші төмен болғандықтан, сол мектепке директор етіп жіберді. Сол жылдардың ішінде насихатшы, үгітші болып, неше дүркін партия ұйымы секретарының орынбасары болып сайланды. Елі үшін, болашақ ұрпақ үшін халық ағарту саласында үздік еңбек еткен әкеміздің қызметі кейінгі жастар үшін де үлкен өнеге, үлгі деп білемін. Бұл кісінің алдынан қаншама азаматтар білім алып, әр жерде, әр елде еңбек етті.

Міне, осындай білім ордасының көшбасшысы болған ұлағатты ұстаздың еңбегін елегілері кел­меген­деріне налып, нара­зылығымды білдіріп, әкімнің атына арыз жаздым. Бұл кісіден кейінгі директорлар жазылғанда, алғашқы мектеп директорын тастап кетулерінің себебін сұрағанымда, әкім дұрыс жауап бере алмай, әртүрлі сылтаулар айтты. Негізі мен ол кісіге ескерткіштегі есімдер жазылмай тұрғанда әкемнің қалып қоймауын есіне салғанмын. Сонда әкім ол кісі жайында жақсы білетінін, еңбегін қатты бағалайтынын айтқан.

Біз үлкенді сыйлап, аруағымызды қастерлеп, салт-дәстүрімізді құрметтеп өскен қазақпыз. Сондықтан да әр басқан қадамымызды шалыс кетпей, саралап отырғанымыз жөн болар. Яғни: «Не себепті әкемнің еңбегі ескерілмей қалды?» деген сұраққа қанағаттанатын жауапты тап­пағандықтан, сіздерге осы хатты жолдап отырмын. Ме­нің әкем ғана емес, Ленин орденді Әбіл Жақыпов, екі мәрте Ленин орденінің иегері Әбілшайық Жасанов, ұзақ жылдар бойы ауылымызда директор болған Хамит Мусин, Ақкөл сов­хоз болып құрылғаннан бері еңбек еткен Шәки Какенов тәрізді адамдарды қалай ұмытуға болады? Бұлардың да балаларының, туыстарының көкірегінде осы: «Неге?» деген сұрақ тұрмағанына кім кепіл?

Сәуле МҰСАБЕКОВА.

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы.