Қоғам • 18 Ақпан, 2020

Ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді интернетті жүргізу кестесі құрылды

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев сонымен қатар бүгінгі күні электронды сауда қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Ол үшін келесі жұмыстар жасалуда: сапалы Интернетпен қамту, цифрлық сауаттылықты көтеру, қолма-қолсыз ақша төлемдерді арттыру.  Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді интернетті жүргізу кестесі құрылды

Қазіргі уақытта 117 қала және 250 адамнан астам тұрғыны бар 3100-ден астам ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылған. Жыл соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын 1000-нан астам ауылды жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қамту жоспарланған. Осы орайда, ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді интернетті жүргізудің жоспар-кестесі құрылып, барлық әкімдіктермен келісілді. 

А. Жұмағалиев өткен аптада байланыс операторлары мобильді байланыс желісін бірлесіп құру туралы меморандумға қол қойғанын хабарлады. Еліміз үшін маңызы зор жобаны операторлар өз қаражаты есебінен іске асырады.

2021-22 жылдары 250 адамнан аз тұрғыны бар 877 ауылды кең жолақты интернетке 3G/4G теxнологиясымен және қалған 930 ауылды спутниктік интернетке қосу жоспарда бар.

«Бұл жұмыс xалықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Бұл бағытта халықты оқыту бағдарламалары қайта қаралды және бекітілді. Сонымен қатар, базалық цифрлық дағдылар, EGOV, OPENGOV, E-COMMERCE, және ақпараттық қауіпсіздік дағдылары курстары өткізілуде», — деді А. Жұмағалиев.

2019 жылы әкімдіктер цифрлық құзыреттіліктерге 532 мың адамды оқытты. Бұл бизнесті дамытуға және тұрғындардың өмір сүруінің жалпы деңгейін көтеруге мүмкіндік жасады. 

Интернет желісінің ұлғаюы және цифрлық сауаттылықтың артуы қолма-қолсыз ақша төлемдерінің дамуына жол ашты.

Нәтижесінде, қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,3 есе өсіп, 14,5 трлн теңгені құрады.

Сонымен қатар А. Жұмағалиев цифрлық технологияларды реттеу жөніндегі заң жобасында жедел төлемдер жүйесін енгізу көзделгенін айтты. Оның айтуынша, соның арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдер деңгейі одан әрі жоғары қарқынмен артады. Көлеңкелі экономика деңгейі төмендейді. Бұл отандық өндірісті дамытуға, «қарапайым заттар экономикасын» құруға оң әсерін тигізеді. Аталған жұмыс отандық тауар өндірушілерге халықаралық сауда алаңдарына шығуға мүмкіндік береді. Әрине, бұл еліміздің экономикалық өсіміне жаңа серпін береді.