Бұл Қазақстанның шағын және орта бизнесіне арналған және жасыл жобаларды дамытуға сарапшылық көмекті, банктік қаржыландыруды 10 пайыз мөлшерінде субсидиялауды, инвестициялық шығыстардың 40 пайызға дейін өтелуін және «Даму» қорынан несиеге кепілдік беруді қамтиды.
«Банктік қарыздың орташа мөлшерлемесі 15% болған кезде БҰҰ Даму бағдарламасынан қаржылық қолдау алушыға арналған мөлшерлеме 5%-ды құрайды, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі жобалардың мөлшерлемесімен бірдей. Осылайша, өтеу мерзімдерінің қысқартылуы арқылы төмен көміртекті бастамалар кәсіпкерлер үшін тартымды бола түсуде», деді «Даму» қорының қарыз алу департаментінің директоры Мейрамбек Қалымбаев.
Қазіргі таңда бастама аясында 100 жоба қолдауға ие болды, оның 36-сы іске асырылды. Оған тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың, туристік объектілердің энергиялық тиімділігін арттыру, заманауи жарықдиодты жарықтандыруды енгізу, қазандықтар мен сорғы қондырғыларын модернизациялау, сонымен қатар энергиямен жабдықтау жүйелерін жаңғырмалы энергия көздеріне көшіру жобалары кіреді.
«Жүзеге асырылған жобалардың нәтижелері көрсеткендей, 1 теңге қаржылық қолдау 6 теңге мөлшерінде инвестиция тартады және коммуналдық шығындарды 30-40 пайызға дейін үнемдейді. Осылайша, жасыл технологиялар бизнеске тиімді болумен қатар, парниктік газдардың шығарылуын азайтады және қоршаған ортаның жақсаруына септігін тигізеді. Біздің мақсатымыз – осы жетістікті бүкіл елге тарату», деді БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстандағы тұрақты даму бөлімінің бастығы Арман Кәшкінбеков.
Қазақстанда елді мекендердегі коммуналдық инфрақұрылымның тозуы 65 пайызды құрайды, соның салдарынан энергияның 16 пайызы, жылудың 20 пайызы және судың 60 пайызы шығын болуда. Бұл парниктік газдардың шығарылуын арттырады және қоршаған ортаның ластануын ұлғайтады. Көміртектің әсерін азайту үшін ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру, заманауи жарықдиодты жарықтандыруды енгізу, қазандық және сорғы қондырғыларын модернизациялау, сондай-ақ энергия жүйелерін жаңғырмалы энергия көздеріне көшіру сияқты шаралар қажет. Мұндай шаралар парниктік газдың шығарылуын жылына 20-30 млн тоннаға, СО2 азайтуға мүмкіндік береді, бұл елдегі парниктік газдар шығындарының 30%-ын құрайды.