Руханият • 19 Ақпан, 2020

Жаңа заң жағдайды жақсартады

475 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз кон­ференциясында бер­ген тапсырмасы аясында алдағы төрт жыл ішінде пе­дагог­тер­дің жалақысы екі есеге артады. Осылайша 2020 жылғы қаң­тардан бас­тап педагогтің жалақысы 25%-ға артып отыр. Ал қа­был­данған «Пе­да­гог мәр­тебесі туралы» заңға сәйкес сынып жетекшілігі, дәп­терлерді және жазбаша жұ­мыс­тарды тексергені үшін қосымша ақы мөл­ше­рін екі есе арттыру қа­рас­ты­рылған.

Жаңа заң жағдайды жақсартады

Білім және ғылым ми­нис­трі Асхат Аймағам­бет­ов­тің сөзіне қа­рағанда, кейбір мұ­ғалім­дер есеп бөлімі тарапынан жалақы асы­ры­лып не болмаса кем бері­ле­ді деп жатады. «Осы орайда, педагогтердің жалақысын есеп­теу мәселесі өзекті болып отыр. Бұл ретте облыстық білім бас­қармалары мен аудандық білім бөлімдерінің басшыларына сәйкесінше тапсырмалар берілді. Ұстаздар өздеріне тиесілі жалақыны дұрыс алулары керек», деді А.Аймағамбетов.

Директорлар жалақысы артады

2019 жылғы 31 желтоқсанда Мемле­кет басшысы Қ.Тоқаев «Педагог мәрте­бе­сі туралы» заң­ға қол қойған бола­тын. 2020 жыл­дан бастап заңды іске асы­ру кезеңіне көшу басталды. Жал­­пы заңнамалық құжат 21 бап­тан тұрады. Құжат жарты мил­­лионнан астам педа­гог­тің мүд­десін қамтамасыз етеді. Заң нор­малары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім бе­ру, мамандандырылған, арна­йы білім беру ұйымдарының, әдіс­те­мелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты.

­Осы орайда солтүстік және орталық өңірлерде директорлар мен олардың орынбасарлары тапшы екені белгілі болып отыр. «Директорлар үшін жай ғана мұғалім болып істеген ың­ғайлы. Директорлардың жауап­­кершілігі жоғары және қағаз­бас­тылық көп, балалармен жұ­­мыс істеу деңгейі де өзгеше. Бар мә­­селе – ынталандыруда, яғни ди­рек­тор­­лардың айлығы мұ­ға­лімдердің ай­лы­ғынан төмен. Бұл ретте жалақыны 2 есеге арт­ты­ру директорлар мен олар­дың орын­басарларына да қа­тыс­ты бол­мақ. Ендігі кезекте ди­ректор­лар өз шебер­ліктеріне бай­ланыс­ты санаттарға бөлі­ніп, өз жалақыларын 2 есеге, яғни 100 па­йызға арттыру мүмкіндігіне ие. Ди­рек­торларды да қолдайтын боламыз», дей­ді ведомство басшысы.

Болашақ педагогтер үшін шекті балл жоғарылайды

Бүгінгі таңда ең үздік мектеп тү­лек­те­рі­нің арасында мұға­лім маман­ды­ғы айтарлықтай сұ­ранысқа ие емес. Осы рет­те та­лапкерлер тарапынан педа­го­ги­ка­лық бағыттар сирек таң­да­ла­ды.

«Еліміз бойынша мұғалім тап­шылығы 5 мың адамды құ­рай­ды. Бүгінгі таңда 145 мың сту­дент педагог ма­ман­дық­тары бойынша оқиды. Жыл сайын педагогикалық бағыт­тағы жо­­ғары оқу орындарын 40 мың түлек тә­мам­дағанмен, педагог тап­­шы­лығы сақ­та­лып отыр. Неге? Бі­рін­­шіден, тү­лектер мек­теп­ке жұмыс іс­теу­­ге барғылары кел­мей­ді, екіншіден ын­тал­ан­­ды­ру төмен», деді Асхат Айма­ғам­бетов.

Ведомство басшысының ай­туын­­ша, талапкерлерді педаго­ги­ка­лық ма­мандықтарға тарту үшін былтыр ми­нис­тр­лік бір­қа­тар нақты шаралар қабыл­да­ды. Мәселен, 2019 жылы педа­го­гикалық ма­мандықтарға түсу үшін шекті балл 60 балға дейін өсті (бұрын 50 балдан кем емес бо­латын). Ендігі кезекте 2020 жылы шек­ті балды 70 балға дейін арт­тыру жос­парлануда.