12 Тамыз, 2013

Барлық көкейкесті мәселелерді дербес және жауапкершілікпен шешуге мүмкіндік туды

307 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ОСК-акимдер сайлауыОрталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев сенбі күні өткізген брифингте еліміздегі әкімдер сайлауының алғашқы қорытындылары жария етілді. Оған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері де қатысты.

 

Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев сенбі күні өткізген брифингте еліміздегі әкімдер сайлауының алғашқы қорытындылары жария етілді. Оған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері де қатысты.

ОСК-акимдер сайлауы

2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейте отырып, өңірдегі проблемаларды жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайлау мәселесіне баса көңіл бөлген болатын. Осыған қатысты А.Әбибуллаев: «Бұл Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстан өмірі мен жергілікті өзін-өзі бас­қа­ру институтын нығайту про­цесіндегі ең маңызды тарихи және саяси шешімдерінің бірі», деді.

Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов әкімдер сайлауының алғашқы қорытындыларына тоқталды. Төрағаның атап өтуін­ше, Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің Жарлығына сәйкес ағымдағы жылдың 5-9 тамызы аралығында республиканың 14 облысында Қазақстан Рес­пуб­ликасының аудандық маңы­зы бар қалалары, ауылдық ок­руг­­тері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының 2457 әкімін сайлау өткізілген.

Нәтижесінде барлығы 2454 әкім сай­ланған. Үш ауылдық округте жеңім­паздар анықталған жоқ. Себе­бі, таңдаушылардың дауыстары тең бол­ған. Павлодар облысы, Ертіс ауданы Голубовка ауылында, Успен ауданы­ның Қозыкент ауылдық округінде және Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауда­нының Тұщықұдық ауылдық округінде әкімдікке үміткерлер тең дауыс алған.

Аталған әкімшілік-аумақтық құры­лымдарда 28 тамызда қайта сайлау өткізіледі.

ОСК төрағасының хабардар етуінше, статистикалық мәліметтер бойынша, сайлау науқаны барысында барлығы 7173 әкімдікке кандидат ұсынылыпты. Дауыс беру бюллетеньдеріне 6738 кандидаттың аты-жөні енгізілген. Орташа есеппен бір әкім лауазымына 2-ден аса үміткерден келген. Бәсекелестік деңгейінің жоғарылығына 37 әкімшілік өңірде үміткерлердің бір дауыс айырмашылығымен жеңіске жетуі айғақ. Ал сайлауға республика бойынша таңдаушылардың 98,3 пайызы қатысқан екен.

Сайланған әкімдер корпусында 23 ұлттың өкілі бар. Осы ретте ОСК басшысы әкімдер лауазымына 280 (11,4 %) әйел адам сайланғанын, бұл бұрынғыға қарағанда 32-ге көп екенін атап өтті. Мәселен, пайызға шаққанда Павлодар облысында әйел әкімдер саны 6 пайызға, ал Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында бұл көрсеткіш 3 пайызға артыпты.

«Әкімдердің орташа жасы – 47 жас. Олардың ішінде 25-тен 55 жасқа дейінгілер – 80,3%. Жалпы, әкімдер құрамы едәуір жасарды. Бұрын 25-55 аралығындағы әкімдер 74,5%-ды құрайтын», деді Қуандық Тұрғанқұлов. Оның айтуынша, ең жас әкім Павлодар облысы, Павлодар ауданының Заңғар ауылдық округінің әкімі, ол 25 жастан 1 ай асқан көрінеді. Мамандық иелері бойынша талдағанда, сайланған әкімдердің 627-сі (25,6%) педагог, 501 әкім (20,4%) ауыл шаруашылығының маманы болса, 417 әкім (17 %) инженер. Сондай-ақ, әкімдердің 357-сі (14,5 %) экономист мамандығына ие, ал 281-і (11,5%) заңгер және 271-і (11%) басқа да мамандық иелері.

Іс басындағы әкімдердің ішінен кандидат ретінде сайлауға 1811 адам қатысқан болса, олардың ішінде 1747-сі өз лауазымында қалған. Осылайша, құрам 28,8 пайызға жаңарған. Сайлау науқаны барысында барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалардан 42 өтініш келіп түскен екен. Олардың 18-і сайлау заңдылықтары нормалары мен сайлау өткізу ережелерін түсіндіруді сұраған.

Брифингте сайлау комиссияларына сайлау процесіне қатысы жоқ, жұмыс істеп отырған әкімдердің үстінен шағымдар келіп түскендігі де аталмай қалмады. Барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті мерзімдерде қаралыпты. Әйтсе де сайлау кампаниясы барысында жекелеген аумақтық сайлау комиссияларының жұмысында бірқатар кемшіліктердің де орын алғандығы алға тартылды. «Атап айтқанда, прокуратура органдарының ұсынысы бойынша, алдын ала алынып тасталған үміткерлердің құқығын қалпына келтіру ж өніндегі аумақтық сайлау комиссиясының 2 шешімінің күші жойылды. Аумақтық сайлау комиссиясының үміткерді тіркеуден бас тарту жөніндегі бір шешімі сот арқылы өз күшін жойды», деді осы жайында Қ.Тұрғанқұлов.

Әкімдікке кандидаттардың 1004 cенім білдірген өкілі, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан 242 байқаушы және бұқаралық ақпарат құралдарының 559 өкілі дауыс беру барысына байқаушы болып қатысыпты. «Жалпы, сайлау науқаны қолданыстағы заңнамалар мен демократиялық сайлау процесінің нормаларын сақтай отырып, ұйымдасқан түрде өтті деп есептейміз», деді ОСК төрағасы сөзін қорытындылай келіп.

Бұдан соң ОСК мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Әкімдер сайлауы жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Сайлауға шамамен 603,4 миллион теңге бөлінген. Сайлауды өткізу мақсатында ашылған есеп-шоттар 9 қыркүйекке дейін жұмыс істейтін болады.

Сайлау науқанына қатысты 42 үндеу тіркелген, соның 18-і түсіндірме ауанын­да жазылған болса, 24-і шағым түрінде келіп түскен. Шағымдардың 14-і аудан әкімі ұсынған үміткерлерді алып тастауға, 5-еуі әкімнің сайлауға қатысты емес жұмысына және 3-еуі жергілікті қауымдастықтар ұсынған үміткерлерді әкімдердің қолдамауына қатысты болған.

Сайлау барысын көрсетуде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі де айтылды. Сайлау науқаны барысын көрсету мақсатында 357 теле және 20-дан астам радиохабарлары таратылса, басылымдарда 800-ден аса материал жарияланып, интернет желісінде 500-ге тарта хабарламалар орналасыпты.

Кейбір өңірлерде үміткерлердің бірдей дауыс алуына байланысты сайлау қайта өткізілетін болды. ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов осы орайда, сайлауға бұрынғы қатысқан үміткерлердің қайта сайлауға түсуге мүмкіндіктері туралы сауалға, егер аудан әкімдері әлгі үміткерлерді аумақтық сайлау комиссия­сына ұсынса, онда бұл азаматтар тағы да қатысады дегенді айтты. Сонымен қатар, әкімдердің өз қызметтеріне қалай кірісетіні де назардан тыс қалған жоқ.

Әкімдер сайланғаннан кейін 5 күн ішінде аудандық сайлау комиссиясына әкім міндетін уақытша атқарушы болып тіркеуден өткізіледі. Тек арнайы тексерістен кейін ғана оларға арнайы куәліктер беріліп, жұмысқа кіріседі. Егер сайланған әкімдердің жергілікті тұрғындар тарапынан өз қызметтерін дұрыс атқара алмай жатқандығы сынға ұшырап жатса, онда аудан әкімі облыс басшысының келісімін ала отырып, оны қызметінен босата алады. Оның орнына әкім сайлау арқылы таңдалып алынады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».