Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Өндірісті өңірде оң өзгерістер бар

201 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есебіне арналған жиында селекторлық байланыс арқылы шалғайдағы қалалар мен аудандардың тұрғындары да қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов пен Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов қатысты.

Өндірісті өңірде оң өзгерістер бар

 

Есеп беру жиынының басында облыс әкімі өңірдегі өткен жылғы даму қорытындылары мен 2020 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады. Өңір басшысы былтыр облыс бойынша экономиканың барлық саласында өсім жалғасқанын атап өтті. Мысалы, инвестиция ағы­ны 800 млрд теңгені құраған. 2020 жылға қарай өндіріс көлемін тағы 5,8%-ға арттыру жоспарланып отыр. Бұл қазіргі жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын құ­руға, өңірді дамытудың негізін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиында Жеңіс Қасымбек халық­тың өмір сүру сапасын жақсартуға ба­ғытталатын бірінші кезектегі жұмыс стратегиясын мәлім етті.

– Қолжетімді, сапалы үйлер мен жолдар салу, тұрғындарды тұрақты жұмыспен және еңбекақымен қам­тамасыз ету, өңірдегі экология­лық мәселелерді шешу – басым бағыт­тағы міндеттер, – деп атап өтті ол.

Облыс басшысы өңірде жолдар мен үйлердің құрылысы бойынша арнайы жол картасы әзірленгенін хабарлады. Яғни, бұл салалардағы жұмыс қарқынын  еселеп арттыру жоспарда бар. Жергілікті билік об­лыстағы 1800 көп балалы отбасын алдағы екі жылдың ішінде түгел­дей баспанамен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойған.

– Мемлекет басшысы тұрғын үй­мен қамтамасыз ету – бұл әлеуметтік саясаттың басым бағыты екенін айтты. Біздің тарапымыздан осы жылы тұрғын үй құрылысын облыс бо­йынша кемінде бір жарым есе және облыс орталығында екі есе ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Бізде екі жыл ішінде 1800 көп­ балалы отбасын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар деп есеп­теймін, – деді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар облыс әкімі Ел­басының 2030 жылға қарай бір адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуді 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырма бергенін еске салды. Ал бүгінде өңірдегі бұл көр­сеткіш 23 шаршы метрден асатын көрінеді. Өткен жылды еске алсақ, өңірде 421 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 1148 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 226 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал биыл 5 600 отбасы пәтерге ие бо­луы үшін 600 мың шаршы метр­ден астам тұрғын үй тапсырылуы тиіс. Бұл пәтерлердің жартысы әлеуметтік қорғалатын санаттарға арналған. Бұдан бөлек, жетім балалар үшін баспана кезегінің жылжуын жеделдету жоспарда бар.

Азаматтармен кездесуде өңір бас­­­шысы қазіргі уақытта тұрғын­дар­­­­ды толғандырып отырған су тас­­­­­қынының алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары туралы айтып бер­ді.

– Қауіпті аумақта орналасқан барлық елді мекендердің даярлық төл­құжаттары тексерілді. Жалпы, облыста төрт жыл ішінде 190 ша­қырым қорғаныс үйінділері салынған, өзен арналарында 62 шақырымдық ин­женерлік іс-шаралар жүзеге асырылды. Барлық гидроқұрылыстар ерекше бақылауға алынған. 2018 және 2019 жылдары бұл нысандарда 1,3 млрд теңге сомасына жөндеу жұмыс­тары жүргізілді, – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта қарды сыртқа шығару жұмыстарына айрықша назар аударылуда. Жауапты қыз­меттердің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда облыстың қалалары мен ауылдарынан 1 млн текше метр­ден астам қар шығарылған.

Сонымен қатар облыс әкімі өңір­­дегі Самарқан және Ынтымақ сияқты ірі су қоймаларынан су ағы­зу жұмыстарының үздіксіз жүр­гізі­ліп жатқанын, қарғын су жүр­ген­ге дейін олардағы көлемді ең төменгі деңгейге жеткізудің және су тасқынына даярлық барысының жіті бақылауда екенін атап өтті.

Жиында облыс басшысы Қа­раған­ды облысындағы жол жұмыс­тарының жоспарына тоқталды. Биыл өңірдегі «Қарағанды – Балқаш» күре жолында төрт  жолақ бойынша қозғалысты іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ «Балқаш – Бурылбайтал» төрт жолақты жолын қайта жаңарту жалғастырылады.

Облыс әкімі биыл 1500 шақы­рым автожол жөнделетінін атап өтті. Өткен жылы «Теміртау – Қара­ғанды», «Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жол­дары» автобандары толығымен пайдалануға берілді.

– Біз үшін ұзындығы 720 шақы­рым «Жезқазған – Қызылорда» авто­жолының құрылысы маңызды. Мамыр айын­да ЖСҚ аяқталады. «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бес­жыл­дығы аясында биыл жол құры­лысына кірісу жоспарланып отыр. Ол 2025 жылы аяқталуы тиіс, – деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Бұдан басқа, биыл «Қарағанды – Жезқазған» жолын жобалау бас­талады. Сондай-ақ «Қарағанды – Пав­лодар» және «Қарағанды – Қар­қаралы» республикалық жолдарын қайта жаңарту жоспарда бар.

Облыс басшысы жол инфра­құ­ры­лымын жақсартудан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың халықты жұмыспен қам­туға септігін тигізетінін және бұл жо­ба­ларға жергілікті тұрғындардың үш мыңнан астамы тартылатынын атап өтті.

Өңір басшысы биыл Қарағанды облысы бүкіл елмен бірге Абай Құ­нанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­­дығы, мемлекет қайраткері Нығ­мет Нұрмақовтың 125 жылдығы, Темір­­таудағы металлургиялық ком­бинаттағы қазақстандық тұңғыш шойын балқымасының 60 жылдығы, К.Станиславский атындағы орыс дра­ма театрының құрылғанына 90 жыл толуы сияқты айтулы  даталар мен мерейтойлардың өз деңгейінде аталып өтетінін жеткізді.

Сондай-ақ биыл өңірде «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі, Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық айтыс және Ә.Сығай атындағы халықаралық театр­ байқауы өткі­зіледі.

Бұдан бөлек, облыс әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы да­ланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында қоғамды руха­ни жаңғырту жұмыстарының жал­ғастырылатынын айтты.

Сонымен қатар Ж.Қасымбек кен­шілер астанасында Қасым Аман­жоловтың үйін ашу жобасының жос­парда бар екенін айтты.

Есеп беру кездесуінің соңын­да әкім мем­лекеттік тілдің жай-күйін, қоғам­дағы келеңсіздіктерді, руханият саласындағы кемшіліктерді, мем­лекеттік қызметшілер арасында кездесетін  тәртіп бұзушылықтарды және басқа да көкейкесті мәселелерді көтерген, сонымен қатар сұрақ қойып үлгермеген бір топ азаматты қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ асты.

 

Қарағанды облысы