Таным • 21 Ақпан, 2020

Жоғары оқу орындарының рейтингі қалай жүргізіледі?

613 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алғаш рет 1983 жылы АҚШ-тағы «U.S. News & World Report» апталық журналы «Американың үздік колледждері» рейтингін жариялады. Оқу орындарының салыстырмалы көрсеткішін әзірлеу тарихы осылай басталды. Ал Томск университетінің ректоры Эдуард Галажинскийдің зерттеуінде келтірілген дерек бойынша, ең бірінші халықаралық рейтинг (The Academic Ranking of World Universities – ARWU) 2003 жылы пайда болды. Содан бері барлық ел халықаралық рейтингке қатысуды, сондай-ақ өз ішінде ұлттық есеп жүргізуді әдетке айналдырды. Бұл үрдіс бүгінде елімізде де кеңінен көрініс тауып келеді.

Жоғары оқу орындарының рейтингі қалай жүргізіледі?

Білім және ғылым министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына еліміздегі университеттердің көрсеткішін анықтауға тапсырыс берді. Бұл жұмыс осымен үшінші жыл қатарынан жүргізіліп отыр. Оның нәтижесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйесіз, диплом сатумен айналысып кеткен жоғары оқу орындары санын қысқарту тапсырма­сын орындауға негіз болып отыр. Бұл рейтинг қалай жүргізіледі? «Атаме­кен» ҰКП Адами капиталды дамыту депар­таментінің сарапшысы Айнұр Ыбы­жанова рейтингтің негізгі критерийлеріне түлектердің жұмысқа орналасуы, орташа жалақы мөлшері, жұмыс берушілердің білім беру бағдарламасын сараптамалық бағалауы жататынын айтады.

А Ы

– 2019 жылдың рейтингінде 90 мамандық қамтылып, 2 мыңнан аса білім беру бағдарламасы бағаланды. Қазақстанның барлық өңірінен 700-ден астам сарапшы қатысты. Нәтижесінде, 109 ЖОО бойынша 6 мыңға жуық сараптамалық қорытынды түсті. Соның негізінде ЖОО-лар үшін ұсыныстар әзірленді, – дейді сарапшы. Оның айтуынша, рейтинг жүргізуде басшылыққа алынатын мәліметтер Жоғары білім берудің басқару жүйесі және Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан жинақталғандықтан, сараптама әділ жасалады. Сарапшылар еңбегіне ақы төленеді. Бір білім беру бағдарламасын 3 сарапшы талдап, орташа есебі алынады.

– Жұмыссыз жүрген түлектер санын есептейміз. Бұл мәліметтер сенімді дереккөздерден алынады. Есеп нақты болу үшін бакалаврды бітірсе де қызметке орналаспай, магистратурада оқуын жалғастырған түлектерді жұмыссыздар қатарына жатқызбаймыз. Олар әлі студент болғандықтан есепке енгізілмейді.

Рейтинг жұмысқа орналасқан және орналаспаған түлектер саны бойынша жүргізіледі, – дейді А.Ыбыжанова. Сарапшы «Атамекен» ҰКП жүргізетін рейтингке түлектердің жұмыс іздеу мерзімі мен тұрақтылығының нәтижелері енгізілгенін жеткізді. Айталық, 2019 жылғы қорытынды бойынша түлектердің диплом алған сәттен бастап жұмыс іздеу ұзақтығы 3,5 айды құрапты, ең тез жұмыс табушылардың қатарына «Көліктік құрылыс» мамандығының түлектері (2 ай) жатады. «Шетел филологиясы», «Стоматология», «Кеден ісі» мамандықтарының түлектері 5 айдан артық уақыт бойы жұмыс іздейді екен. Бұл – мамандық бойынша анықталған деректер. Түлектердің 51 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналасыпты. Ең жоғары үлесі қай жоғары оқу орнына тиесілі, сол университет рейтингтің осы сатысында алға шығады.

– Біздің рейтингте түлектер санының аз болуы университеттердің деңгейін төмен түсіреді. Мысалы, «Астана» университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша 2018 жылы 1 түлек, ал 2019 жылы 3 түлек тәмамдады. Орталық Азия университетінде «Маркетинг» мамандығы бойынша 2018 жылы түлектер болмады, ал 2019 жылы аталған мамандықты 1 адам ғана бітірді. Бір ғана маман даярлайтын болса, арнайы лицензия алудың қажеті не? Мұндай жағдайда 2-3 студентті оқытуға материалдық-техникалық база қаншалықты жабдықталды? Бұл күдік туғызады, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ бір университетті бір мамандық бойынша бітірген түлектің шектен тыс көп болуы және кешкі оқу нысанындағы студенттер санының көптігі де сапаға сенімсіздік ұялатады. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанда «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бойынша 3978 маман даярланған. Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетте дәл сол жылы осы мамандықты бітірген 1077 адамның 1046-сы кешкі оқу нысанында оқыды, бұл түлектердің жалпы санының 27 пайызын құрайды.

– Рейтингтің маңызы – білім беру гранттары мақсатсыз пайдаланылған мамандықтардың анықталуы. Оның қандай ЖОО-да екенін де білуге болады. 2018 жылы 2886 жас маман жоғары оқу орнын білім беру бағыты бойынша мемлекеттік грант негізінде бітірді. Дегенмен, 1010 түлек қана мамандығы бойынша жұмысқа орналасты, ал 1255-і, яғни 43 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 22 пайызы, яғни 621 түлек мүлде жұмыссыз жүр, – дейді А.Ыбыжанова. Маман айтқан дерекке сүйенсек, аграрлық бағыт бойынша бітірген 1552 түлектің небәрі 11 пайызы, яғни 169 адам өз мамандығымен жұмысқа орналасты. 954 түлек басқа саладан нәпақа іздесе, 429-і – жұмыссыз. Егер бір жылғы оқу ақысының орташа мөлшері 350 мың теңге десек, онда мемлекет білім бағыты бойынша 2,6 млрд теңге, аграрлық бағытқа 2 млрд теңгені тиімсіз жұмсады. Дәл осындай үрдіс ақылы бөлімде оқыған түлектерде де байқалады.

Дегенмен еліміздегі ЖОО-лардың рейтингі соңғы үш жылда ғана жүргізіле бастады деу жаңсақ болар еді. Қазақстандағы университеттер рейтингін алғаш Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі (БСҚА) жариялады. Бұл бірлестік – IREG (Observatory on Academic Ranking and Excellence) халықаралық ұйымы біріктірген 9 елдегі 9 ұйымның бірі. Яғни Қазақстандағы агенттік те осы тәуелсіз ұйымның құрылтайшысы. БСҚА президенті Шолпан Каланова рейтингтің әзірленуіне ең алдымен университеттердің мүдделі екенін айтады.

Ш К

– Жұмыс қорытындысын әділ шығару үшін біз елімізден және шетелден 1 мыңға жуық сарапшыға ұсыныс жібереміз. Олардың 700-800-і сарапшы болуға келіседі. Сарапшылар құрамына ЖОО-лардың қызметкерлері немесе өзі бағалайтын университетті қандай да бір конференция барысында көзімен көрген мамандар кіреді. Өйткені олар университеттің жұмысын жетік біледі, – дейді Ш.Каланова.

Осы материалды дайындау барысында агенттік жариялаған рейтингке көз жүгірттік. Сонда ондағы жұмыс бірнеше санатқа бөлінгенін байқадық. Оның біріншісі – ЖОО-ның академиялық қызметін жалпы бағалау. Мұнда білім алушылардың контингенті, яғни күндізгі оқу бөлімінде, грантта, магистратура мен докторантурада оқитын студенттер саны қаралады. Бір қызығы агенттік университеттегі өзге қаладан келіп оқитын студенттерді де есепке алатын көрінеді. Себебі олардың шалғайдағы ЖОО-ны таңдауы сапалы білім беретініне деген талапкердің сенімін білдіреді екен.

– Сонымен қатар біз білім алушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау көрсеткіштерін, олардың отандық және халықаралық байқаулар, конференция мен олимпиадалардағы жетістіктерін де есепке аламыз. Бұдан бөлек сол кадрларды даярлайтын ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамына қараймыз. Яғни оқытушы-профессорлардың ғылыми дәрежелері, алған гранттары мен марапаттары, ғылыми еңбектері, кітаптары, Scopus, Web of Science секілді халықаралық базадағы журналдарда жарияланған мақалалары, индекстері, патенттері ескеріледі. Әр тармаққа сәйкесінше ұпай жазылады. Және ЖОО-ның халықаралық әріптестігі, нақтырақ айтқанда, қос дипломдық бағдарлама бойынша берілген диплом, сертификат саны, тәжірибе алмасу бағытындағы іссапарлар, іс-тәжірибе, студенттің күндізгі оқу бөлімі бойынша шетелдік ЖОО-да білім алуы, түлектерінің «Болашақ» сынды халықаралық стипендия, гранттарды иеленуі де есептеледі, – деді. Оның ойынша, агенттік енгізген университеттің ақпараттық қамтамасыз ету жағдайы жөніндегі критерий бірқатар ЖОО-ның сайтын жөнге келтіруіне ықпал еткен. Өйткені сайттың әрдайым жаңартылып отыруы; негізгі ақпарат, материалмен толықтырылуы; мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде болуы; қаралым саны мен жылдамдығына ұпай беріледі. Осыған қоса, университеттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасы мен жүктеуге арналған арнайы мобильді қосымшасының болуы да есептеледі.

Ал басқа санаттарда түлектерді жұмысқа орналастыру нәтижелерінің рейтингі сарапшының бағасы, жұмыс берушілердің беделі, студенттер мен бітірушілердің бағалауы бойынша анықталады. Бұл бағалаулардың барлығы әр адамның, яғни сауалдамаға қатысушының субъективті пікірі ретінде ескеріліп, ортақ ой алынады. БСҚА басшысы бізге берген сұқбатында еліміздегі барлық министрліктер мен әкімдіктерге, сондай-ақ түрлі деңгейлі (жекеменшік, мемлекеттік, ірі, шағын, ұлттық) компанияларға жұмыс беруші ретінде анкета толтыруды сұрап, хат жолдайтынын жеткізді. Осы арқылы агенттік қай университеттің түлектері білікті маман екенін анықтай алады. Ал БСҚА университет түлектерінің қайда, қандай жалақыға жұмыс істеп жүргенін білу үшін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» алынған мәліметке жүгінеді.

Биыл негізі қаланғанына тура 30 жыл толатын Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жыл сайын әлемдік университеттердің рейтингін жариялайды. Аталған кәсіпорын рейтинг жүргізуде академиялық беделі (40 пайыз); оқытушыдан тікелей білім алатын студенттер саны (20 пайыз); әр оқытушының ғылыми жұмысына жасалатын сілтеме (20 пайыз); жұмыс берушінің беделі (10 пайыз); шетелдік оқытушылар үлесі (5 пайыз); шетелдік студенттер үлесі (5 пайыз) секілді бірнеше өлшемшарт көрсеткішіне басымдық береді.

 

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше