Аймақтар • 21 Ақпан, 2020

Тұрғындардың талап-тілегі талданады

315 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов алғашқы есепті кездесуін баяндамасыз өткізді. Өңірге жаңадан тағайындалған әкімнің мұндай бастамасы әрине құптарлық. Есептік кездесудің бұрыннан қалыптасқан қасаң форматы өзгергенін тұрғындар да жақсы қабылдады.

Тұрғындардың талап-тілегі талданады

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы облыс әкімі халықпен кездесуден бір күн бұрын Қоғамдық кеңес өкілдері алдындағы баяндамасында айтып берген-ді.

Облыс басшысы әуелі әлеуметтік желілердің қоғамдық мәселелерді анықтаудағы маңызын атап өтті. Қызметіне кіріскен күннен бастап облыс әкімінің ғаламтордағы барлық желіде жеке парақшасы бар. Осы күнге дейін парақшасына 5 мыңнан астам хат-хабарлама, өтініш түскен.

– Тұрғындар жазған мәселелерге көз салғанда, бірінші кезекте баспана мәселесі өткір тұрғанын көреміз. Өңірде 27 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың қатарында 10 мың мемлекеттік қызметші мен бюд­жеттік сала өкілдері, 7500 отбасы бар. Облыс әкімдігі тұрғын үй ке­зегін тек жаңа құрылыс стратегия­сын жасау арқылы қысқарта ала­ды. Яғни баспанаға мұқтаж тұрғын­дарға, құрылыс қай жерде тұрғызы­латынына, инфрақұрылым желілерін жүргізу мәселелеріне баса назар аударылуы тиіс, – деді Ә.Сқақов. 

Өткен жылы өңірде жалпы аумағы 332,5 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәти­жесінде облыста 10 тұрғын үй салынып, 706 адам пәтерге ие болды.

 – 2020 жылы бюджеттен «Нұрлы жер», «Nurly Ertis», «Өңірлерді дамы­ту», «БЖК-2020» және басқа да бағ­дарламалар бойынша 140 нысанның құрылысы мен қайта құруға 54,5 млрд теңге бағытталады, – деді өңір басшысы. – Тұрғын үймен қамту үлесі бір тұрғынға 22,9 шаршы метрді құ­райды. Осы жылы көп пәтерлі 38 тұрғын үй салынады.

Сондай-ақ дәрігерлер мен мұға­лім­­дердің баспаналы болуы үшін биыл мемлекет тарапынан берілетін тұр­ғын үй сертификаты 3 есеге көбе­йеді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы тиімді талаптар негізінде өткен жылы 253 отбасы  пәтер алған, биыл 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Екінші мәселе, жыл са­йын қайталанатын ком­муналдық шаруа­шылық түйткілдері. Оның көптігі сондай Ә.Сқақовтың әлеу­меттік же­лідегі парақшаларына саға­тына 120 өтініш түседі екен. Олардың басым бөлігі – коммуналдық шаруашылық саласына, пәтерлерге жылудың жет­пейтініне қатысты.

Биыл атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі өзгергені белгілі. Жаңа ережелерге сәйкес, шын мә­нін­де мұқтаж отбасыларға қаржы­лай көмек, балаларға арналған әлеу­мет­тік пакет және көп балалы отбасы­ларға жәрдемақы беріледі. Аудан мен қала әкімдері әлеуметтік көмек­тің не себепті өзгергенін және жаңа форматқа сай талаптарды тұрғын­дарға жан-жақты түсіндіруі тиіс. Әкімдер әлеуметтік желілер арқылы тұрғындармен байланыста болса, об­лыстық әкімдікке жазылатын арыз-шағымдардың дені жергілікті жер­де шешімін табар еді. Яғни бұл аудан, қала әкімдері мен тұрғындар арасын­дағы әлі де өзара байланыстың жоғын көрсетеді.

– Адамдар әлеуметтік желіге бүкіл арыз-шағымдарын, өтініштерін әр ауыл­дан жазады. Instagram өзге елдерде демалыс, басқа да жерлерге барған жаңалықтарымен бөлісетін алаң бол­са, бізде Instagram коммуналдық ша­руашылық мамандарына арыз жазатын жәшікке айналғандай. Тіпті, интернет қолданушылар нақты жұмыс жүргізе алмай отырған кейбір аудан, қала әкімдерін орындарынан алуды сұрайды, – дейді облыс әкімі. Осы орайда облыстық әкімдікте «Ахуал­дық-сараптамалық орталық» ашу қажет. Орталықта тұрғындардың комму­налдық салаға қатысты мәселе­лерін қарайтын мамандар қызмет көрсетіп, бірыңғай телефон нөмірі іске қосылады.

Облыста экологиялық мәселелер жеткілікті. Осы орайда стихиялық қоқыс орындары туралы айта кеткен жөн. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 717 мың тонна зиянды қалдық шығарылған. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Ажар Сағындықова әкімдік қызметкерлерінің қоғам пікіріне құлақ аспай, қоршаған ортаға зиянын тигізетін құрылыс жұмыстарын бастайтынына наразы. Бұл мәселені «Берегиня-био» қоғамдық қорының өкілі Татьяна Пономарева да қол­дады. Әкім алдағы уақытта жаңа құры­лыстар салу мәселесінде қоғам белсен­ділерінің пікірі де назарға алынатынын айтты.

Ал «ЭКОМ» қоғамдық бірлес­ті­гінің төрағасы Светлана Могилюктің айтуынша, шетелдік инвесторлар өңір­ге сода зауытын салғылары келе­тінін хабарлапты. Жобаның қоршаған ортаға зияны көп. Ә.Сқақов бұл ретте инвесторларды «Таза жобаларға» тартуға шақыратынын жеткізді.

Павлодар өңірі қатерлі ісікке шал­дық­қандар саны бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Облыс орталы­ғында салынған онкологиялық дис­пан­сер әлі іске қосылған жоқ. Тұрғын­дар жергілікті дәрігерлердің онколо­гиялық ауруларды соңғы сатысын­да ғана анықтайтынын айтады. Өңір басшысы жаңадан салынған онкологиялық диспансерде заманауи қондырғылар орнатылғанын, онкологиялық ауруларды емдеуге жағдай жасалатынын, скринингтік тексерулерді жиі жүргізу керегін атап өтті.

Жас ана Әсия Сабыр аутизмге шалдыққан баласын емдету үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Асыл-Мирас» орталығы филиалының ашылуына қолдау жасауын өтінсе, қала тұрғыны Алла Акимова маусым сайын көз аштырмайтын шыбын-шіркейден құтылу жолын сұрады.

Есепті кездесуде көңілге қонғаны, биыл 18 ауылға республикалық бюд­жет­тен 3 млрд 400 млн теңге қар­жы бөлінбек. Баянауыл ауданы­ның Торайғыр ауылына орталық­тан­дырылған су құбыры жүйесінің құрылысын жүргізуге 300 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыс басталмақ.

Облыстық көлік қызметкерлері одағының басшысы Василий Руда­ков қала сыртындағы 6 ауылға қаты­найтын автобустардың шығыны ақталмайтынын, оны субсидиялау туралы сұрады.

– Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді бір кездесу барысында талқылап, шешу мүмкін емес. Барлық сұрақты қарастырып, талдап, іске кірісеміз. Осы өңірде туып-өстім. Өңір тұрғындарының әл-ауқа­тын жақсартып, экономикалық-әлеу­меттік салаларды дамыту, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерді сақ­тап, облысымызды одан әрі өркен­дету – менің міндетім. Күш-жігерімді осыған жұмсайтын боламын, – деді облыс басшысы. 

 

Павлодар облысы