Иә, биыл өңірде қар жылдағыдан қалың. 19 ақпан күні түнімен төпелете жауған қар 20 ақпан күні таңертең, таңертең ғана емес, күні бойы қалалықтарды әбден әбігерге салды.
Кеше шаһарда бір емес, үш трамвай жолдан шығып кетті. Сонымен қатар автобустар да қарға батып, жолаушылардың өздері қоғамдық көлікті итеруге мәжбүр болды.
Ал бүгін Өскемендегі үш бағытта жүретін трамвайдың бірі (үшінші бағыт) соңғы аялдамаға дейін (Защита ықшам ауданы) бара алмайтыны хабарланды. «Кеше түнде біздің трамвай-қар тазалаушы техникамыз таң атқанша қалың қармен алысты. Бірінші және төртінші бағыттағы вагондарымыз соңғы аялдамаға дейін жете алмай қарға батып, тұрып қалды. Ал үшінші бағыттағы вагон күні бойы жүрген жоқ. 21 ақпанда бір және төртінші бағыттағы трамвайларды жолға шығардық. Үшінші бағыт бүгін тек «Машзауыт» ауданына дейін жүреді» делінген «Өскемен көлік компаниясы» ЖШС таратқан хабарламада.
ӨСКЕМЕН