Спорт • 21 Ақпан, 2020

Күрес: Аруларымыз сегіз жүлде алды

878 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатын Қазақстанның әйелдер құрамасы сегіз жүлдемен қорытындылады. Жарыстың алғашқы күні аруларымыз төрт қола медальді иеленсе, екінші күні екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алдық.

Күрес: Аруларымыз сегіз жүлде алды

53 кило салмақта белдескен Татьяна Аманжол бастапқы қос бәсекеде Таиланд пен Өзбекстанның өкілдерін айқын ұтса, финалда Жапонияның жұлдызы, әлемнің екі дүркін чемпионы Маю Мукайдадан айласын асырып, Азия чемпионы атанды.

Татьянаның жеңісті жолын 72 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мадина Бақбергенова жалғастырды. Бастапқы бәсекелерде Өзбекстан мен Моңғолия спортшысын жеңген қазақ қызы финалда жапониялық Мэй Шиндодан басым түсті. Мадина – Азия чемпионы!

62 кило салмақта күш сынасқан Аяулым Қасымова Вьетнам мен Моңғолия балуандарынан басым түскенімен, ақтық сайыста Жапонияның тағы бір мықтысы Юкако Кавайдан ұтылып, күміс медальді мойнына ілді.

57 кило салмақ дәрежесінде Алтынай Сатылған жартылай финалда Моңғолия спортшысынан ұтылып, қола медаль үшін тартыста Вьетамның өкілін ұтты. Алтынайға бұйырғаны қола жүлде.

Естеріңізге сала кетейік, жарыстың алғашқы күні 50 кило салмақтағы Валентина Исламова, 55 кило салмақтағы Марина Зуева, 59 кило салмақтағы Мадина Бақбергенова және 76 кило салмақтағы Елмира Сыздықова қола медальді иеленген болатын.

Осылайша Азия чемпионатында 2 алтын, 1 күміс және 5 қола медальді иеленген Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үшінші тұғырға табан тіреді. Алдамызда – Жапония мен Үндістанның балуандары.