Руханият • 24 Ақпан, 2020

«Астана Операда» П.Чайковскийдің мерейтойы атап өтіледі

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 наурыз күні «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына атақты композитор П.Чайковскийдің 180 жылдығына арналған симфониялық музыка концерті ұсынылады. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.


«Астана Операда» П.Чайковскийдің мерейтойы атап өтіледі

«Петр Ильич Чайковский – адамзат тарихындағы ұлы музыка кемеңгерлерінің бірі, романтизм бағытының жарқын өкілі, оның туындылары әлемде жиі орындалатын шығармалар қатарына жатады. Бейнелердің шынайылығы, нәзік сыршылдығы, психологиялық тереңдігі, драмалық күш-қуаты, өмірлік шындығы оның музыкасын барлық халықаралық кеңістіктегі тыңдармандардың қалың бұқарасына жақын әрі түсінікті етті. П.Чайковскийдің мәңгілік туындылары әлемдік мәдениетке қосылған баға жетпес үлес болып табылады, сонымен қатар музыкалық өнердегі дамудың жаңа сатысына жол ашқан батыл серпілісті көрсетеді», деп атап өтті маэстро Абзал Мұхитдин.

П.Чайковскийдің музыкасы жер шарының түкпір-түкпіріндегі бар халықтың махаббатына бөленген, кемеңгер композитордың бай мұрасының жауһарлары қоғамымыздың рухани игілігінің маңызды бөлшегіне айналған. Бұл кеште П.Чайковский мен К.Сен-Санстың тамаша шығармалары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен солист – танымал скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілхановтың орындауында шырқалады.

Музыкалық кешті К.Сен-Санстың скрипка мен оркестрге арналған №3 концерті, си минор, op.61 таңдаулы туындысы ашады. Француз композиторының ең танымал концерті солистің техникалық жағынан күрделі, үздік партиясымен ерекшеленеді. Бағдарлама П.Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған меланхолиялық серенадасы, си-бемоль минор, op.26 шығармасымен жалғасады. Шабытқа толы туынды тыңдармандардың сан ұрпағын еріксіз елжіретеді. Екінші бөлімде П.Чайковскийдің №5 симфониясы, ми минор, op. 64 ұсынылады. Оның негізіне адам және тағдыр, жазмыш ұғымдары алынған, композитор драма мен трагедияны талғаммен үйлестіре отырып, терең философиялық мәселелерді көтереді. Осы музыканың интеллектуалдық тереңдігі, ойының қатаңдығы, құлашының қауқары мен ауқымдылығы залдағы ешбір жанды бей-жай қалдырмайды.