Аймақтар • 24 Ақпан, 2020

Қостанайда ұлттық орталық жетекшілері бас қосты

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жиынға өңірдегі 17 этномәдени бірлестіктің жетекшілері қатысты. Басқосуда Ассамблеяның өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты  дамытуда маңызды орынға ие екендігі айтылып, ұлттық бірлестіктердің бүгінгі қоғамдағы тыныс-тіршілігі туралы сөз болды.    

Қостанайда ұлттық орталық  жетекшілері бас қосты

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина ұлттық орталықтардың әлеуметтік жауапкершілігіне жоғары баға беріп, олардың қайырымдық шараларына белсенді ат салысатынын атап өтті. Мәселен, өткен жылы өңірде облыстық Ассамблея  627 қамқорлық акциясын ұйымдастырып, 200 миллион теңгеден астам қаржыны қайырымдылыққа жұмсаған. Мұның сыртында, аудандар мен қалаларда  жұмыс істеп жатқан Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі сияқты Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары ірі шаруашылықтармен бірлесе отырып, спорт, мәдениет және білім саласына тұрақты демеушілік көрсетіп келеді. Ұлттық бірлестіктер жалғызбасты  қарттар мен ата-ана қамқорлығынан қағылған жетімектерге де қол ұшын созып, қамқорлық танытудан танған емес.  Бірқатар этномәдени бірлестіктер  қазақтың кейбір ұлттық дәстүрлерін қайта жаңғыртып, қоғам игілігіне жаратуда. Мысалы, «Вайнах» шешен-ингуш орталығы мен «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі былтырдан бері «Сыбаға» қайырымдылық жобасын қолға алып, көп балалы 11 отбасын қамқорлыққа алған. Армян және шешен-ингуш ұлттық орталықтары  «Тоқымқағар» дәстүрін тірілтіп, облыстық Жасөспірімдер үйінің оқушыларына тұрақты демеушілік көрсетіп келеді. Игі шарадан корей ұлттық бірлестігі де қалыс қалып жатқан жоқ. Олар «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыруға ат салысып, тұрмысы төмен 3 отбасының баспана бақытына ие болуына мұрындық болып отыр.   

Басқосу барысында Ассамблеяның еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты дамыту бағытында атқарған жұмысы туралы мәселе қозғалды.  Бұл бағытта да айтарлықтай жетістіктер бар. Мәселен, ұлттық орталықтар өңірде медиация саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде облыстық ҚХА жанынан 1 медиация кабинеті,  соттар, әкімдіктер және үкіметтік емес ұйымдар жанынан 27 кабинет жұмыс істейді. Олардың тікелей араласуымен өткен жылы 146 азаматтық және тұрмыстық дау шешіліп, тараптар өзара ымыраға келген.

Жиын барысында мінберге шыққан «Вайнах» шешен-ингуш орталығының жетекшісі Эльбрус Тимаев сөзін «Қазақ халқына ризамын!» - деп бастады. - Сонау тоқсаныншы жылдардың қиындығын барлығыңыз білесіздер. Қиын заманда Елбасымыздың соңынан еріп, дамудың даңғыл жолына түстік. Елімізді мекен еткен барша ұлт бірлікте өмір сүріп келеді. Осы бағыттан адаспай, ілгерілей беруіміз керек. Ең бастысы, өзімізді, ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Әрине, қоғам болған соң, ұсақ-түйек  кикілжіңсіз болмайды.Оны өршітпей, тез арада келісімге келер жол ізедп табуды үйренейік. Қазақстанда тұратын бір адамның шашы жерге түссе, оған бәріміз  жауаптымыз. Сондықтан бір үйдің баласындай, тату-тәтті өмір сүруге, бір-бірімізге құлас асуға үйренейік, - деген бірлестік жетекшісі көпшілікті алда келе жатқан Алғыс күнін лайықты қарсы алуға шақырды.

 

Қостанай облысы