Әлем • 25 Ақпан, 2020

Коронавирус – індет ауқымы ұлғайып барады

1356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауа арқылы жұға беретін коронавирустың таралу аумағы күннен-күнге кеңейіп келеді. Жер бетіндегі мемлекеттердің барлығы дерлік Қытай елімен қарым-қатынасты үзіп, шекараларын тарс бекітіп, барлық қамды жасап жатса да бұл індет кейбір елдерді кәдімгідей жайлап, аурудың екінші ошағына айналдырып бара жатқандай...

Коронавирус – індет ауқымы ұлғайып барады

 

Иранның ILNA ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Кум қаласында жаңа коронавирустан бір айда қаза тапқандардың саны 50-ге жеткен. Бұл көрсеткіш осыған дейін айтылған ресми мәліметтен әлдеқайда көп. Кум қаласының ресми өкілі Ахмад Амириабади Фарахани қалада 250-ден астам адам карантиндік оқшаулауда екенін хабарлаған.

Қазірдің өзінде бұл вирус Азияда 78 мыңнан астам адамға жұққан. Қытайдың ұлттық ден­сау­лық сақтау комиссиясы індет­тен қаза болғандар саны 2500-ден асқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ вирустың жаңа түрі әлемнің кем дегенде 28 еліне тарап үлгерген. Өзге елдерде тіркелген жағдайлардың көпшілігі Қытайдан келген жолаушылардан жұққан болуы мүмкін делінген.

Иран, Италия және Оңтүстік Кореяда індетке шалдыққандар санының күрт өсуі ғаламдық деңгейде қауіптің пайда болғанын көрсеткендей. Міне, сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың Иран мен Италияда таралуына байланысты алаңдаулы екендерін жеткізді. Ал, Иран билігі вируспен күресу мақсатында елдегі мектептер, жоғары оқу орындары мен мәдениет ошақтарын жабу туралы шешім қабылдаған.

Яғни, қазіргі жағдай тек Қытаймен шекараны жауып, індетті тек сол жақтан ғана күтуге болмайтынын, аталған елден келген жандарды ғана қатаң бақылауға алумен шектелмеу керек екенін байқатып отыр. Коронавирус тек Қытайдан келмейді, шетелге барып келген кез келген азамат бұл індетті жұқтырып алып келуі мүмкін. Қазірдің өзінде көрші елдер Ираннан келген жолаушылардың арасында вирус жұқтырғандар бар екенін мәлімдеп, шекараны жабуға мәжбүр болды. Канада, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейн елдері де Ираннан келген жолаушылар арасында вирус жұқтырғандар бар екенін мәлімдеген.

Ендеше «Қамданған қапы қалмайды» дегендей, отандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің ескертуіне құлақ асып, коронавирус мәселесіне өте сергек қарап, әуе, жол қатынасы арқылы барыс-келіс жасап жатқан шекаралас көрші елдермен, барлық алыс-жақын мемлекеттермен байланысымызды қатаң бақылау қажет. Сондай-ақ, шетелге шығып келген кез келген азамат қатаң медициналық тексеруден өтуі тиіс. «Шұғыл жағдай болмаса ел азаматтары шетелге шығуды әзірге шектей тұрғандары да жөн» деген дәрігерлер бұған ел тұрғындары түсіністікпен қарайтынына сенімді. Қалай айтсақ та, коронавирустің қазіргі екпіні бүкіл елді шошытып отыр. Қамданбасақ, болмас.