Алматы қаласында өткен кезекті талқылауға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова, Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин және үкіметтік емес сектор, кәсіподақ, медициналық ұйымдар мүшелері, сарапшылар, қоғам белсенділері қатысты.
Жаңа жобаға еліміздің ерекшеліктері және ДДҰ ұсынымдарына сәйкес өзгерістер енгізілді. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Кодекс жобасы ведомство сайтында бір жыл бұрын жарияланды. Осымен оныншы қоғамдық тыңдау өтті. Бүгінде үш мыңнан астам түзету мен ұсыныс жинақталды. Жоба қабылданса, ұлт денсаулығын нығайту, азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін күшейту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылауды күшейту, медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру, медициналық пункттерді дамыту, денсаулық сақтауды цифрландыруға қол жеткізіледі деп күтілуде.
Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Зәуреш Аманжолова аталған топқа 53 адам енгенін, олардың жұртшылық, сараптамалық қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері екенін жеткізді.
Айта кету керек, жаңа құжатта мәжбүрлі вакцинация енгізу жоспарланып отыр. Жобаның қолданыстағы Кодекстен айырмашылығы, онда профилактикалық егуді алу міндеттелген. Е.Біртанов вакциналардың сапасын арттыру және барлық қауіпсіздік нормаларын сақтауды қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданғанын атап өтті.
Сарапшылар Денсаулық сақтау министрлігінің міндетті вакцинациялау туралы бастамасын қолдайтынын білдірді. Мәселен, «HelpToday» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Әлиева вакцинациядан әдейі бас тартқан ата-ана балаларына ауру жұқтырғаны туралы айтты. «Жаман үрдіс жүріп жатыр. Әр баланың өмір сүруге құқы бар екенін түсіну керек. Вакцинациялау – мемлекеттің міндеті», деген Э.Әлиева аталған бастаманы қолдауға шақырды. Бұл ретте Үкімет бекіткен тізбе бойынша ата-аналардың бас тартуы себебінен жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған медициналық қарсы көрсетілімдерсіз балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберуді шектеу көзделеді. Аталған норма азаматтардың денсаулығын сақтауға құқық беру жөніндегі Конституцияның 29-бабында белгіленген мемлекеттің кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл норма денсаулық жағдайына байланысты екпелер ала алмайтын балалардың мүдделері мен денсаулығын қорғауды көздейді.
З.Аманжолова трансплантологияға қатысты жұмыс тобының позициясын әңгімеледі. Оның айтуынша, Кодекс жобасында қайтыс болған адамның ағзасынан органдар мен тін алу жөніндегі келісімді адам тірі кезінде өзі шешетіні қарастырылған. Қайтыс болған донор көзінің тірісінде ағзасынан органдар мен тін алуға келісім бермесе, онда медицина ұйымдары трансплантацияға жол бермейді. Қайтыс болған жан көзінің тірісінде ағзасынан органдарды алуға келісім бермеген жағдайда әйелі (күйеуі), олар жоқ болса, жақын туыстарының бірі оның мүддесін қорғауға құқылы.
«Трансплантацияның қажет екенін медицина жетістігі көрсетті. Біз трансплантологияда нақты нәтижеге қол жеткіздік. Осы салада ота жасайтын талантты дәрігерлеріміз бар. Бірақ соңғы жылдары донорлық азайып, көрсеткіш төмендеді. Бүгінде елімізде 3200-ден астам адам трансплантологияға мұқтаж, олардың 70 пайызына бүйрек керек. Оның ішінде 250-ге жуығы балалар», деді З.Аманжолова. Ол Қазақстанда балалар трансплантологиясының әлі жоқ екенін жеткізді. Жұмыс тобының жетекшісі қазақстандықтардың органдары шетелге сатылмайтынына назар аударды. Қазір барлық мәселе талдау кезеңінде тұр. Бұл мәселе бойынша 1 мыңға жуық хат түскен.
Осы орайда Балалар құқы жөніндегі уәкіл Аружан Саин да органдар трансплантациясының маңызын атап өтті. «Әңгіме азаматтардың, балалардың өмірі мен денсаулығы туралы. Азаматтар тірі кезінде өзінің ниетін білдіруге құқылы. Егер ондай хат қалдырмаса, онда априори келісімін береді, органдары қалады», деген Аружан Саин көпшілікті келісім презумпциясын сақтауға шақырды.
Жиында балалардың жыныстық қатынас мәселесіне ерте араласу жайы қаралды. Қолданыстағы Кодексте кәмелетке толмағандардың репродуктивті денсаулығын сақтауға, сондай-ақ адамгершілік-жыныстық тәрбие алуға құқығы белгіленген. Жаңа заң жобасында да жастардың жыныстық тәрбиесі туралы мәселелер қамтылды. Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаларға 16 жасынан бастап ата-анасының қатысуынсыз дәрігер кеңесін алуға рұқсат беру қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, бұл көп балалардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалмақ. Ал Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова осы бағытта Кодексте өзгерістер есепке алынатыны туралы айтты.
«Сарапшылардың айтқан статистикасын естіген боларсыздар, қазір балалардың 40 пайызы 16-16,5 жаста жыныстық қатынасқа түседі екен. Егер осы жаста бала дәрігерге келсе, дәрігерлер ата-анасын ертіп келуді сұрайды. Ал бала ата-анасына айтудан қорқады немесе ұялады. Содан қайтып келмейді. Ол қасындағы құрбыларынан, достарынан, интернеттен ақыл сұрай бастайды. Сондықтан консультативтік көмек 16 жастан бастап болуы керек. Бұл осы Кодексте қарастырылады», деді З.Аманжолова.
Жаңа Кодекс жобасында аталған құқық неғұрлым егжей-тегжейлі регламенттеледі, өйткені репродуктивті денсаулықты қорғау және адамгершілік-жыныстық тәрбие алу дұрыс жыныстық мінез-құлық туралы ақпараттандырылуға байланысты. Дұрыс жыныстық мінез-құлықтың мақсаты – қажетсіз жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуының алдын алу. Осы мәселені реттеу мақсатында ақпаратты келесі жазбадағыдай көрсету ұсынылды: «Әрбір бала қажетсіз жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында репродуктивті денсаулығын сақтау туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға құқылы».
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі З.Аманжолова репродуктивті денсаулық бағытындағы дәрігердің консультациялық көмегі туралы норманы бекіту жоспарланғанын түсіндірді. Бүгінгі таңда Қазақстанда репродуктивті медицина мектебі бар, кеңес алу үшін педагогикалық ұжымның рұқсаты қажет.
АЛМАТЫ