15 Тамыз, 2013

Ол сондай адам...

475 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жумагулов-25-07Ұлы Абайдың қара сөздері − рух қазынасы. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады». Осы тұрғыда ғалым, қайраткер, министр Бақытжан Жұмағұлов туралы ой түюге болады. Өмір диалектикасы бар да, оның өсу динамикасы бар. Адам «естіп», «көріп», «ұстап», «татып» барып қалыптасады. Содан ғибрат алған адам ғана азамат атанып, еліне қызмет етеді. Өмірінің не бір белесіне келіп отырған Бақытжан Жұмағұлов қандай адам?

Жумагулов-25-07

Ұлы Абайдың қара сөздері − рух қазынасы. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады». Осы тұрғыда ғалым, қайраткер, министр Бақытжан Жұмағұлов туралы ой түюге болады. Өмір диалектикасы бар да, оның өсу динамикасы бар. Адам «естіп», «көріп», «ұстап», «татып» барып қалыптасады. Содан ғибрат алған адам ғана азамат атанып, еліне қызмет етеді. Өмірінің не бір белесіне келіп отырған Бақытжан Жұмағұлов қандай адам?

«Ұяда не көрсең, соны ілер­сің» дейді халық даналығы. Бұл ретте Бақытжан Тұрсынұлы әкелік мақсаттылық пен аналық даналықты көрді. Әкесі қолына қару алып, Отан үшін от кешті, ұлын күрескерлікке баулыды, анасы Кенжетай Батырбекқызы кітапханашы, ұзақ жылдар аудан­дық кітапхананың мең­геру­шісі болды. Жетісудың ауыл мек­тебінен білімге құмар ұрпақ тәрбиеленіп жатты. Жеті баланың бесеуі әр салада ғылым докторы атанды. Бұл шаңырақтың өз тарихшысы, математигі, филологы, заңгері бар.

Білім және ғылым министрі, Үкімет мүшесі Бақытжан Тұрсын­ұлы киелі шаңырақтың қасиетін бойына сіңірген азамат. Сексеннің бесеуінен асқан анасы Кенжетай Батырбекқызына әлі еркелейді.

– Соғымнан қалған жылы-жұм­сағыңызды кіші ұл-қызда­ры­ңызға сақтайды дейді ғой, сізді. Ал мен ше? – дейді телефон шалып.

– Астанаңды айналсоқтамай ауылға кел. Сонан соң тоңазыт­қыштың түбінде Бақытжанға деп «сағынып» жатқан сүбе қазыңды жейсің.

– Сүбе қазыны емес, сүйікті анамды сағындым. Келіп кетпейсіз бе?

– Қайта-қайта келе берем бе? Өзің кел. Өткен жолы сен дұрыс істедің, ұлым.

– Нені, мама?

– Анау Қарағандыдағы «биші» ұлдарды оқудан шығартпағаныңа риза болдым. Теледидардан айтқан сөзің дұрыс. «Жас кезде студент қателеспегенде қай уа­қытта қателеседі. Бұл өмірлік са­бақ», дегенің көкейге қонды. Аяғын байқамай, шалыс басқан жасқа сүйеу жасағаның үшін риза болдым.

– Мама, сол ғана ма? Ол менің жұмысым ғой. Жауапкершілігім. Өзіңіз үйреткен, әкем марқұм талап еткен.

– Жарайды, балам. Мен сені жақсы көрем... ризамын.

– Не үшін, мама?

– Жүрегіңді суытпағаның үшін...

Бұл ана мен бала арасындағы үзілмей жалғасып келе жатқан алтын желі. Сол қуантады.

«…Есеп білмегеннің есі жоқ», − деп отыратын Тұрсын әр бала­сының қабілет-қасиетін ба­ғам­дай отырып, сол есепке қызығушылық Бақытжан Жұ­мағұловтың өмір жолын айғақ­тады. Ол – математикаға қызықты. Тылсым сандардың құпиясын ашу қызық емес пе?

Математика, оның ішінде қолданбалы математика ерекше екен. Танымы жүйрік, ойы биік жас студент атақты механик-ғалым, академик, Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің көзіне түсті.

Қоғам да, адам да ылғи өзге­ріс, даму процесінде болады. Өмірбек Жолдасбеков ректор ғана емес шебер ұйымдастырушы, қай­раткер. Ал ол шәкіртке әсер етпей қоймайды. Бақытжан Жұмағұлов комсомол жұмысынан тәжірибе алды. Кейін университет партия ұйымы хатшысының орынбасары болып сайланды. Осылай, 1986 жылдың ызғарлы желтоқсаны келді. Қазақ ұлтшылдығы, «мас­күнем», «басбұзарлар» деп тұтас халыққа, оның жастарына айып тағылды. Ұлттық интеллигенция­ны талқандау ойраны басталды. Студенттер желтоқсан оқиғасына қатысты деген желеумен топ-топ болып комсомолдан шығарылды, олар студенттік билетпен қош­тасты.

Жастарды айыптау науқан­шылдыққа ұласты. Университет парткомының жиналысында Б.Жұмағұлов билікке өз көз­қарасын білдірді. Талантты жас­тардың тағдырына араша түсті. Бұл өз басына айып болып та­ғыл­ды. Студенттер бәледен құтыл­ды, ал коммунист Бақытжан Жұмағұлов ұстаздық қызметтен мүлдем аластатылып, ғылым-білім жүйесінде жұмыс істеуге тыйым салынды. Осылай ол саяси сенімсіз, ұлтшыл топтың санатына қосылды да, басына қара түнек орнады.

Академик Ө.Жолдасбеков кетті қуылып. «Мен саяси ұпай жинай алмаймын, − дейді Б.Жұмағұлов. – Желтоқсан батырларының да қатарында емеспін. Тек сол ызғар­лы күндердің қара бұлты мені қатты сенделткенін ұмыта алмаймын».

Ғылымда есімі қалған тұл­ғалар аз емес. Профессор, Но­восібірдегі академ-қала­шықтың түлегі Шал­тай Смағұлов болмаса Бақытжан Жұ­ма­­ғұловтың тағдыры қай арна­ға бұрыларын кім білсін! Сол Шал­тай Смағұлов «мені темір тор­ға отырғызып қойса да Б.Жұ­мағұ­ловтай талантты азаматты кафе­драға жұмысқа аламын» деп отырып алады. Осылай Б.Жұ­мағұлов КазГУ-ге қатардағы лаборант болып қабылданды. «Сол кездегі 122 сом 50 тиынға тең ай­лығым маған миллион сомдай еді».

Шалтай Смағұлов біреу үшін басын неге бәйгеге тікті? Азат ғылыми ойдың мектебінен шыққан Шәкең Жұмағұловтың бойындағы ғылыми мүмкіндікті көрді. Нағыз ғалым ретінде Б.Жұмағұловты таныды. Оның инженерлік ойлау жүйесі мен математикалық модельдеу ұғымына қызықты.

Шын мәнінде ол жас ғалымды желтоқсан шыңырауынан алып шықты. Диссертация жазуына мүмкіндік жасады. Б.Жұмағұлов 1990 жылы «Көпбайланысты саладағы Навье-Стокс теңдеуін шешудің сандық әдістері» деген тақырыпта кандидаттық, ал 1997 жылы «Біртекті емес сұйықтықты өткізудің математикалық үлгі­лері және олардың мұнай орын­дары үшін компьютерлік техно­логиялардағы қосымшасы» тақы­рыбында докторлық диссертация қорғады.

«Сұйықтық пен газ ди­на­­микасын сандық үлгі­леу. Теория және есептеу тәжі­ри­белік сынағы» жұмыстары үшін Б.Жұмағұлов бір топ әріп­тестерімен бірге ғы­лым, техника және білім саласы бойынша Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ұлттық Ғылым ака­де­миясының академигіне сайланды.

Б.Жұмағұловтың ғылыми зерттеулерінің жоғары практика­лық маңыздылығы дифференциалды теңдеулер мен есептеу математикасының теория­сы саласындағы көптеген проб­лемалардың терең теориялық зерттемесін жүргізуге негізделген.

Осы ретте ұлы Абайдың «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деген сөзі ойға оралады. Б.Жұмағұлов өз замандастарына сыйлы, ғылымда өзін мойындатқан тұлға.

Қазір де Б.Жұмағұлов өзі пре­зиденті болып табылатын Ин­женерлік академия және басқа да жетекшілік жасайтын жоғары оқу орындарының кафедраларымен бірге іргелі ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді.

Тақырыптардың аты айтып тұрғандай бұл зерттеулердің практикалық мәні зор. Бір ғана мысал бұған дәлел болса керек. Мәселен, кезінде Қарағанды маңында Ресейдің «Протон» зымыран тасығышысының екін­ші сатысы құлағаннан кейін апаттың экологиялық зардаптарын жою мен залалсыздандыру ісінде оны математикалық және компьютерлік үлгілеу ісі орындалды. Бұл Қазақстан Үкіметінің Ресей ғарыш агенттігіне талап қоюға ғылыми негіздеме жасауға мүмкіндік берді.

Бақытжан Жұмағұлов Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сенімді серігі ретінде үлкен саяси-қоғамдық мектептен өтті. Ол Президент Әкім­шілігі Ішкі саясат бөлімін, Үкі­мет Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімін басқарды. Еңбек партиясын құрды. 1999 жылы Б.Жұмағұлов «ҚР Пре­зиденті сайлауын бақылау жө­нін­дегі қоғамдық комитет» шта­бын басқарды. Қазақстан Президентінің «Отан» партиясымен платформасы ұқсас бол­ғандықтан Еңбек партиясы Пре­зидент партиясымен бірікті.

Б.Жұмағұлов 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Парламент Мәжілісінің депутаты, Төраға орынбасары болды.

«Нұрсұлтан Әбішұлы ме­нің бүкіл саяси-қоғамдық ғұмы­рымның жолын салған ұлы ұстаз, − дейді ол. – Елбасы команда­сының мүшесі болу абырой ғана емес − жоғары жауапкершілік. Президентке ант беру ұлтқа ант берумен пара-пар. Өйткені, Н.Ә.Назарбаев − Елбасы. Менің қызметім де, өсуім де, жауапты қызметте болуым да тек қана Елбасы сенімі арқасында жүзеге асты. Сондықтан да бейнелеп айтсақ, қасықтай қаным қалғанша Елбасыға қарыздар екенімді білемін, адал қызмет атқарамын».

Ұстаздық, саясат адамды психолог етіп те тәрбиелейді. Содан болар Бақытжан Жұмағұлов өзі басшылық жасайтын жүйеге сын көзімен де қарай алды. «Білімсіз білімдіні басқара алмайды, − деді ол. – Жаңа заман – ескі әуенді көтере алмайды. Талантты, білікті ұрпақ ескі ұғымды ығыстырып шығарады. Жаңашыл ұрпақтың заманы келді».

...Адам өз жолын таңдайды. Тапса құба-құп. Сан алуан дәре­жедегі, білім-ғылым реформасына көзқарасы үйлеспейтін адамдар да аз емес. Сондықтан да Бақытжан Тұрсынұлы шарша п, жансебіл күйге түскенде шаршағанын басатын немерелерінің күлкісімен шуақтайды. Ұлы мен қызының «папалаған» сөзінен бойына қуат жинайды.

Шаңырағы берік адамның шаруасы да берік деген осы болар...

«Жан досым, үстем болсын мерейің». Осы өлеңді Бақытжан Тұрсынұлы өте жақсы көреді. Осы кезде аға да, дос та болған ака­­демиктер Ө.Жолдасбеков пен Ш.Смағұловты ерекше еске ала­­ды. Алматыға келген сайын қазақ­тың екі азаматының басына барады, құран оқытқызады.

...Күні кеше депутат, вице-министр, соңғы жылдары Тараз мемлекеттік университетінің ректоры болып жұмыс істеген Әшімжан Ахметов дүние салғанда ол Астанадан өзі ұшып келіп, бүкіл жерлеу рәсіміне өзі басшылық жасады.

Бұл адамдық, жолдасқа адал­дық қасиет...

...Қиыншылығынан да қуа­нышы көп білім ордасы – КазГУ-де екі жылдай ректор болған Б.Жұмағұлов 2010 жылдың қыр­күйегінде Қазақстан Респуб­ликасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Ол Елбасына, Қазақстан Президентіне Үкімет мүшесі ретінде ант берді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ мемлекетінің барлық қоғам­дық жүйесіне реформа енгізу саясатына үн қосты.

Ғылым жөніндегі заң қабыл­данды. Енді ғылыми сала үш бағыт­та қаржыландырыла бастады. Бұл түбегейлі өзгеріс әкелді. Кешегі қасаң тақырыптардың орнына жаңа ғылыми технологиялар мен өрісті тақырыптар сараптамалардан өтіп, қаржыландыру қолға алынды.

Қазақстан әлемдік өрке­ниет факторына сүйенді. Ел Үкіметі жанынан жоғары ғы­лы­ми-тех­никалық комиссия құрыл­ды. Осылай Б.Жұмағұлов Пре­зидент­тік тапсырмаға сәйкес ғы­лым, жоғары, кәсіби және мектеп­ке дейінгі білім беру жүйесін жаңғыртудың жаңа бағыттарын ұсынды.

Қазақстан ғылымын дамы­тудың кезең-кезеңге арналған даму жоспары бар. Әрі жоғарыдағы ғылымның басым бағыттарын айқындап, қорытынды беретін шетел ғалымдарын қатыстыра отырып бес ұлттық ғылыми ке­ңес құрылды. Бұл бюджеттік қаржыландырудың ашықтығы мен тазалығын, ғылымилығын қамтамасыз етуге бағытталды.

Инженерлік-техникалық, ин­новациялық зерттеулермен қа­тар гуманитарлық салаға назар аударылғаны қуантады. Осылай «Ғылыми қазына» бағдарламасы мақсатты қаржыландырудың ар­қа­сында гуманитарлық ғы­лым саласындағы еңбектерді тәуел­сіздік дәуірінің сұра­ныстарына сәйкес қайта ғылыми айналымға қосуға мүмкіндік берді.

Министр болу оңай ма? Әри­не, қиын. Қазақтың болашағы − білім мен ғылымда. Оны Ба­қытжан Тұрсынұлы жақсы біле­ді. Миллион көз жұмысыңды қадағалайды. Ол өзінің ұстараның жүзіндей лыпылдаған саясаттың ішінде жүргенін жақсы біледі. Білім мен ғылым реформаларын жүргізу де оңай емес. Сондықтан да ол Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүріп жатқан іргелі ізденістердің кез келген оң нәти­желеріне ерекше қуанады.

Халықаралық бірінші На­зар­баев оқулары, матема­тик­­тердің, тарихшылардың, фило­логтардың съезі білім мен ғы­лым­ның көкжиегін анық­тады. Енді философтардың съезі өт­пек. Сондықтан да Бақыт­жан Тұрсынұлы жұмыстан қайту­ға асықпайды. Үкімет үйі бас­шы­ларының барлығының да ша­­мы кеш сөнеді. Ал министр Б.Жұ­мағұлов кабинетінің шамы ұзақ жанып тұрады. Ол – еңбекқор адам!

Бақытжан Жұмағұлов өткенді ойлап, болашақты болжай алатын ғалым, қайраткер. Министр болғалы ғылыми-зерттеу институттарымен «басшы-қосшы» емес, ғылыми әріптестік деңгейінде қызметтік байланыс орнады.

Министр Б.Жұмағұловтың іргелі ойлары мен ұстанымдары Елбасы, Үкімет тарапынан қол­дауға ие. 2011-2012 жылдары ғылым жүйесін қаржыландыру 2,5 есеге өсті. Жоғары оқу орындары қызметкерлерінің ғылыми әлеуеті көтерілді. Қолданбалы зерттеулер қаржысы 83,5, іргелі ғылымды дамыту 56,5 пайызды құрады. Назар­баев Университетінде ин­но­­ва­циялық-зияткерлік кластер құрылды. Қазақстандағы жоғары оқу орындарының автономды даму жолын қалыптастыру мәселелері ойластырылуда. Қазақ­стан білімі мен ғылымының осын­дай іргелі жетістіктері сөз бола қалса: «Ол дұрыс та шығар. Жетістігі де, кемшілігі де жоқ емес. Бірақ соның бәрі Елбасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлынсыз шешілер ме еді? − дейді ол. – Ғалым, заманынан оза туған адам ретінде осы идеяны қолдап, өз кеңесін беріп, кемшін тұстарын түзетуді талап етеді».

Елбасының талантты шәкірт­тері көп. Б.Жұмағұлов та білім және ғылымның, саясаттың қара қазанында қайнап жатқан үдерісте өз жолы, өз таңдауы, өз мақсаты мен жауапкершілігі бар азамат. Ол – сондай Адам!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА мүше-корреспонденті,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.