Қазақстан • 25 Ақпан, 2020

Қазақстандықтардың ағзасын шетелге трансплантациялай ма?

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл жазға қарай «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданатыны белгілі. Егер осы күнге дейін аталмыш Кодекске 800-ге тарта ұсыныс келіп түскенін және 24 отырыс өткенін ескерсек, бұл мемлекетіміздегі аса маңызды құжат екендігі дәйектеле түспек. Аталмыш ұсыныстың қазірге 600-ге жуығы қабылданып, 200-і пысықталып, талқылау процесі жалғасын тауып отыр. Дөңгелек үстел түрінде жиында вакцинация, трансплантология, кәмелетке толмағандардың репродуктивтік денсаулығын сақтау, жастардың жыныстық тәрбиесі мәселелерін қамту мәселесі қызу талқыға түсті.

Қазақстандықтардың ағзасын шетелге трансплантациялай ма?

Сонымен Алматыда бүгінгі кезекті талқылауға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова, ҚР Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин, үкіметтік емес сектордың, кәсіподақтардың, медициналық ұйымдардың мүшелері, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мемлекет денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Ал спикерлер қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан жаңа кодекске енгізілген өзгерістер туралы баяндама жасады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,  аталмыш заң жобасы бойынша  жұмыс тобының басшысы  Зәуреш Аманжолова  трансплантологияға қатысты жұмыс тобының позициясын хабарлады.

Кодекс жобасында қайтыс болған адамның ағзасынан органдар мен тканьдерді алу жөніндегі келісімді адам тірі  кезінде өзі шешетіндігі қарастырылған.

Қайтыс болған донор  көзінің тірісінде өз ағзасынан органдар мен тканьдерді алуға келісім бермесе, онда медицина  ұйымдары трансплантацияға жол бермейді.

Егер қайтыс  болған жан көзінің тірісінде ағзасынан органдарды алуға келісім бермеген жағдайда оның әйелі (күйеуі), олар жоқ болса, жақын туыстарының  біреуі оның мүддесін қорғауға құқылы.

«Трансплантация қажет. Мұны медицина жетістігі көрсетіп отыр. Кез  келген ел сияқты біз трансплантологияда нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Ол үшін мақтана аламыз. Бізде осы салада ота жасайтын талантты дәрігерлер бар. Бірақ, соңғы жылдары донорлық азайып, көрсеткіш төмендеді. Бүгінгі күні біздің елімізде  3200-ден астам адам трансплантологияға  мұқтаж, олардың 70 пайызына бүйрек керек. Бұлардың 250-ге жуығы балалар. Ең бастысы, біздің мүмкіндігіміз бар», – деді Зәуреш Аманжолова. Ол  Қазақстанда бүгінгі күні балалар трансплантологиясының жоқ екенін айтты.

Жұмыс тобының басшысы қазақстандықтар органдарының шетелге сатылмайтынын  баса көрсетті.

Айта кетерлігі, Зәуреш Аманжолова  қазіргі кезде барлық мәселелердің талдау кезеңінде тұрғанын жеткізді. Осы мәселе бойынша 1000-ға  жуық хат  түскен. Балалар құқы жөніндегі уәкіл Аружан  Саин органдар трансплантациясының маңыздылығын атап өтті.

«Мұнда әңгіме  азаматтардың, балалардың өмірі мен денсаулығы туралы айтылып отыр. Азаматтар   тірі кезінде өздерінің ниеттерін білдіруге құқылы. Егер ондай хат қалдырмаса, онда априори келісімін береді, органдары қалады», деген Аружан Саин және көпшілікті келісім презумпциясын сақтауға шақырды.

АЛМАТЫ