15 Тамыз, 2013

Геологиялық жұмыстарға кедергі неден?

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы жылғы мамыр айының соңында Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының конференц-залында геологиялық зерттеудің бағытын анықтап, тиімділігін арттыру мәселесіне арналған «Қазақстанның кейбір кенді өңірлері» деген тақырыпта ғылыми семинар өтіп, арты республиканың барлық өңірінен 54 ұжымнан геология саласының 151 білікті мамандары қатысқан алқалы жиынға ұласып, шешімдер қабылданып, олар Елбасының атына, Премьер-Министрге жолданған еді. Амал не, барлығы кейінгі кезде геоло­­гиялық тұжырым жасау қабі­летінен айырылған Геология және жер қойнауын пайдалану коми­­­­­­тетіне қайта оралып келген.

таблица-1

таблица-1

Осы жылғы мамыр айының соңында Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының конференц-залында геологиялық зерттеудің бағытын анықтап, тиімділігін арттыру мәселесіне арналған «Қазақстанның кейбір кенді өңірлері» деген тақырыпта ғылыми семинар өтіп, арты республиканың барлық өңірінен 54 ұжымнан геология саласының 151 білікті мамандары қатысқан алқалы жиынға ұласып, шешімдер қабылданып, олар Елбасының атына, Премьер-Министрге жолданған еді. Амал не, барлығы кейінгі кезде геоло­­гиялық тұжырым жасау қабі­летінен айырылған Геология және жер қойнауын пайдалану коми­­­­­­тетіне қайта оралып келген. Бұл жағдайда республиканың геология саласы дамып, жетілмек тұрсын, құрып бара жатқанға ұқсайды.

Бұл геологиялық қауымдас­­­­­тықтардың семинар-кеңесі Пре­­­зидентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылдың сәуір айында «Гео­­­ло­­­гиялық барлау жұмыста­­­­­­рының тиімділігін арттыру» жөніндегі тапсырмасына жауап ретінде өткізілген іс-шара еді.

Мемлекет басшысы «Жері­­­міз қойнауының айрықша бай­лығына қарамастан геология­­лық іздестірулердің тиімділігі нашар, біз әлі күнге дейін аға ұрпақтың тапқандарын пайдаланып келеміз», деп атап көрсеткен. Президентіміздің осы сынының ай­тылғанына екі жылдан асса да, геология саласының жағдайы түзелер емес, күннен-күнге төмендеуде. Өйткені, саланы басқарушы комитет білімді, тәжірибелі геолог маман басшыға зәру болып отыр. Абыройлы, білікті маман басшы болмаса, қандай да жақсы істің құрдымға кететіні белгілі ғой. Екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде төраға бес рет ауысты. Тағайындалғандар геология ортасында белгісіз, геологиялық барлау, іздестіру істерінен хабары жоқ адамдар болғандықтан, бұрынғы қалыптасқан тәжірибелі, білікті 12 геолог маман басқа салаларға (тау-кен өндірісіне) орын ауыс­тырды. Жаңадан келгендер де геологиядан түсінігі жоқтар.

Осыдан болар комитет басшылары геологиялық ұжым­­дар­мен, кәсіподақпен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланысын жоғалтып, «жабық» құрылымға айналуда. Көпшілік геолог мамандар «Комитетке барып ой бөлісуден қалдық» деп ашық айтады. Қазақстан жер қойнауы құрылымын, минералды-шикі­заттардың орналасу жағдайын жан-жақты білетін, геологиялық қоғамдарға арқа сүйемеген саланы басқарушы орган табысты болады деу көңілге қонбайды.

Мысалы, комитет үшінші жыл қатарынан геологиялық зерт­теу­­­лердің мемлекеттік тапсырыс­­та­рын орындауға конкурсты уақы­тын­да (жазғы маусымға дейін) өт­кізе алмай жүр. Бұл дала жұ­­мыс­­тарын жүргізу мерзі­мін қыс­қар­тып, мемлекеттік қаржы­ның иге­рілмей қалуына әкеліп соқтырған.

Геология саласындағы осындай жағдайларды көре отырып, геологиялық қауымдастық тек сырт бақылаушы ретінде қалуды қаламады. Ұйымдасып, басқосып ақылдасып саланы дамыту бағ­­дарламасын анықтап, Үкімет бас­­­­­шылығына ұсыныс жасауды жөн көрді. 54 ұжымнан 151 маман қатысқан семинар-кеңесте басты пайдалы қазбалардың минералды-шикізат базасын ұлғайту мәселелеріне арналған 26 автордың 12 баяндамасы тыңдалды. Негізгі өңірлердің жағдайы әңгіме болып, Жезқазған кенді ауданының келешегін қа­рауға арнайы жиын өткізуге ше­шім қабылданды.

Семинар-кеңесте геологиялық қызмет пен ғылыми ізденістер арасында байланыстың нашарлығы да сөз болды. Олар шашырап төрт ведомствоның – Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті), Мұнай және газ министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ (АҚ «Казгеология ҰГК») және Білім және ғылым министрлігі (Геология ғылымдар институты мен гидрогеология институты) құрамында болғандықтан гео­логиялық іздестірудің тиімд і­­лігі ойдағыдай болмай тұр.

Мемлекет тарапынан бөлінген шамалы қаражаттың және жеткі­ліксіз мамандардың бірнеше ве­домстволарға бөлектенуі де гео­логиялық іздестірудің тиім­ділігін төмендете түседі. Шетел­­дердегі сияқты геологиялық қыз­метті бір органда жинақтаса, онымен қосар­­­ланатын геология ғылымына ма­ңыз берсе істің оңға басары анық.

Бірақ та бүгінгі таңда комитет «ғажайып технология» игерген шетелдік мамандарды Қазақстан даласына келтірсе, геологияның барлық проблемалары шешіледі деп ойлайды. Жасыратыны жоқ, дүниежүзілік геологияның практикасында жаңа технологиялар мен өндірістік жүйелер енгізіліп жатады. Олар ірі қаражат пен интеллектуалды ойды жұмсауды қажет етеді. Шетелдік технологиялар базары өз әдістерін шама­лы даму жағдайындағы елдерде қолданып жүрген фирмалармен толған. Біздің еліміз олардың қатарынан әлдеқайда алыстап кеткен. Геологиялық зерттеулер жүргізуде алдыңғы қатарлы елдер ішіне ертеде-ақ енген. Бірақ, шетелдік зерттеу әдістерінің жетілген аппаратураларымен (геофизикалық космостық суреттеу және т.б.) бірге қабылдап игеруді жоққа шығармаймыз. Ал технология мәселесі – геоло­гиялық зерттеу әдістерін оңтайлы кешендендіріп іске асыру, Қазақ­станның бірегей дараланған жер қыртысы құрылысы, оның гео­логиялық тарихының дамуы жөнін­де жете білімі бар отандық гео­логтардың ғана қолынан келеді. Семинар-кеңес көрсеткендей, елі­мізде кадрлар күш қуаты әлі де жеткілікті. Тек олардың білімі мен күшін біріктіріп бағыттау дара мем­лекеттік органның қолынан келеді деп ойлаймыз.

Серікбай ХАМЗА,

«Қазақстан Республикасының

Өндірістік геологиялық ұжымдары ассоциациясы»

заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.