15 Тамыз, 2013

Жаңбырлы жаз: үміт пен күдік

294 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

IMG 5426Соңғы жылдары қуаң­шылықтың зардабын тартқан ақтөбелік диқан­дар­дың тауы қайтып қалған-ды. Алайда, бесқонақтың жауын-шашынды болуы ілгері күнге үміттің жібін жалғағандай болған. Соның өзінде егіншіліктің тәуекел аймағында орналасқан өңір диқандары егіс көлемін біраз қысқартуға мәжбүр болды.

 

Соңғы жылдары қуаң­шылықтың зардабын тартқан ақтөбелік диқан­дар­дың тауы қайтып қалған-ды. Алайда, бесқонақтың жауын-шашынды болуы ілгері күнге үміттің жібін жалғағандай болған. Соның өзінде егіншіліктің тәуекел аймағында орналасқан өңір диқандары егіс көлемін біраз қысқартуға мәжбүр болды.

IMG 5426

 

Былтыр 578 мың гектар алқапқа егіс салған шаруалар биыл небәрі 494 мың гектарға тұқым септі. Дегенмен, былтырғыға қарағанда үстіміздегі жылы мал азықтық дақылдарға басымдылық берілді. Былтыр 28 мың гектар мал азықтық дақылдар егілсе, үстіміздегі жылы оның көлемі 40 мың гектарға жеткізілді.

– Көктемде жауын болды, бірақ өңірді тұтас қамтыған жоқ. Мамыр айының алғашқы онкүндігінен шілденің аяғына дейін жаңбыр болмады. Көктемгі ылғалмен бой көтерген егін сол кездегі аптапқа шыдас берді, әйтеуір. Сондай-ақ, кештеу тұқым сепкен алқаптар тамыздағы мол жауынға жетіп, дән толыстыруға жақсы болды. Әйтпесе, биыл да шаруалар шығында қалар еді. Қазіргі болжам бойынша облыс бойынша әр гектардан орташа 6-7 центнер өнім жиналады деген үміт бар. Қазір 100 мың гектар арпаға орақ түсті. 4 мың гектарға жуық алқаптың арпасы орылды, әр гектардан орташа 3,2 центнер өнім жиналуда. Жалпы, солтүстік аудандарда егіннің шығымы тәуір. Темір, Мұғалжар, Алға аудандарында на­шар болып тұр. «Жау жағадан ал­ғанда, ит етектен» дегендей, оның үстіне бұл өңірлерде үйірлі шегіртке жүріп өтті. Соның сал­дарынан біраз егін алқабы жи­науға келмей қалды, – дейді об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынба­са­ры Марлен Баймағамбетов.

Биыл 160 мың гектар пар дайындалған. Егін алқабының 123 мың гектары гербицидпен өңделген. Шегірткеге қарсы алқаптарды өңдеу жұмыстары жоспардағы 500 мың гектар орнына 690 мың гектарда жүргізілді. Бұған қосымша шаруа қожалықтары да өз бетінше қимылдап, өсімдік зиянкесіне қарсы күрес шараларын алды. Нәтижесінде облыс бойынша 1 миллион гектар алқапта шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген. Бірқатар шаруашылық құрылымдары ылғал сақтағыш технологияны қолданып, егіс салған. Соның нәтижесінде күрделі ауа райы жағдайында да мүмкіндігінше тәуір астық алуға алғышарт жасалуда.

Облысқа осыншама егінді жинап алуға 16 мың тонна жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен босатылыпты. Соның қазірдің өзінде белгіленген кестеге сәйкес 8 мың тоннасы алынып, шаруаларға литрі 93 теңгеден жеткізіліп берілген. Облыста егін орағына қатысатын комбайндар толықтай дайындық сапына қойылған. Егін орағы жаппай басталғанда солтүстіктегі шаруашылықтарға оңтүстіктен комбайндар жіберу мәселесі де ойластырылған. Облыс бойынша егін орағын күзгі жауын-шашынға ұрындырмай ысырапсыз жинап алудың барлық шаралары қарастырылуда. Бір комбайнға түсетін жүктеме шамамен 1200 гектардан келеді деп күтілуде. Бұл маңдай термен өсірілген астықты қысқа мерзімде төкпей-шашпай жинап алуға мүмкіндік мол деген сөз. Биыл кемінде 300 мың тонна астық жиналады деп күтілуде. Осы астықты сақтайтын элеваторлар да алдын ала дайындалып қойыпты. Облыстағы жалпы сыйымдылығы 600 мың тоннадан астық кететін он элеватордағы астық тиегіш, түсіргіш, кептіргіш техникалар әзір. Астық қоймалары дәріленіп, тазартылған. Оларда қазірдің өзінде Азық-түлік корпорациясының 200 мың тонна астығы сақтаулы тұр. Егер алдын ала болжамға сәйкес 300 мың тонна астық жиналса, бұл облысқа қажетті азық-түліктік астықты, тұқым мен жемді де қамтамасыз етеді екен.

– Шыны керек, биылғы көктем мол астықтан үміттендірген-ді. Алайда, тамызға дейін тамшы тамбады десе де болады. Дегенмен, егіншіліктің ылғал сақтағыш озық технологиясын енгізген шаруашылықтардың есебінен, сондай-ақ, кештеу еккен шаруашылық алқаптарына тамыздың алғашқы онкүндігінде үзбей жауған жаңбырдың әсерінен тәуір өнім аламыз ба деген ой бар. Әсіресе, егіншіліктің озық технологиясы бойынша жұмыс істейтін, жер өңдеудің және тұқым себудің өнімді техникаларын пайдаланатын, агротехникалық шарал арды қатаң сақтайтын Қарғалы ауданының «Степное», Мәртөк ауданының «Родники» және Әйтеке би ауданының «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде егін алқабының көлемі де үлкен, гектар түсімділігі де өзгелерге қарағанда анағұрлым мол болатыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр, – дейді Марлан Бағланұлы.

Бұлар шынында, егіншілікте тәуір табысқа жетіп жүрген шаруашылықтар. Жоғары агротехнологияны сақтаудың арқасында қуаңшылық жылдардың өзінде гектар түсімділігі өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары болып жүр. Мысалы, «Құмқұдық» ЖШС биыл 19 мың гектарға егіс салған. Соның 2600 гектары арпа, 400 гектары сұлы, 800 гектар судан шөбі, 1600 гектары күн­ба­ғыс, қалғаны бидай. Шаруашылықтағы егіннің шығымына көңіл тояды. Мұнда гектарына кемінде 7-8 центнерден өнім алынады деп күтілуде.

Шаруашылық басшысы Александр Чемодановтың айтуынша, әңгіме ауа райында ғана емес, егіншіліктің агротехникалық шараларын сақтауға да көп нәрсе байланысты. Биыл ол басқаратын серіктестік егіншіліктің австриялық әдісін қолданыпты. Бұл әдістің тиімділігі сол тұқымды жердің ылғалдылығына қарай 25 сантиметрге дейінгі тереңдікте себуге болады. Бұл шаруашылық осындай әдіспен тұқым себетін «Рогра» тұқымсепкішін облыста бірінші болып пайдаланып отыр. Тұқымсепкіштің алымдылығы көлденеңнен 18 метрді құрайды. Осы тұқымсепкішті пайдаланғанда бастапқыда гектарына 33 килограмм, егістің аяғына таман 51 килограмм тұқым жұмсауға жетіпті. Ал, бұрынғы тұқымсепкіштер гектарына 85-125 килограмм жұмсайды екен. Тереңірек сіңірілген тұқым ылғалға түсіп, ол көктеп көтерілгенше кешірек жауған жаңбырға ілігеді. Сөйтіп, егіннің бітік болып өсуіне ықпал ететін көрінеді. Бұл тұқымсеп­кіш Қостанайдағы механизация институтында сынақтан өткізіліп, тиімділігі дәлелденген.

– Биыл 19 мың гектарға егіс салдық. Егіннің шығымы былтырғыға қарағанда тәуір. Ертерек егілген екі-үш танап қана мамыр-маусым айларындағы аптап ыстыққа ұрынып қалды. Қазір шаруашылықта шетелдік «Кейс», «Класс» және Ресейдің «Вектор» комбайндары дайын тұр. Комбайндар екі ауысыммен жұмыс істейтін болады. Дала қосында егін орағына қатысушылар үшін қолайлы тұрмыстық жағдай жасалған. Егін орағын бір айдың шамасында аяқтаймыз, – дейді «Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемоданов.

Тамыз толассыз жауынмен басталып диқан қауымын біраз қобалжытқан. Жауын ашылмай қойып егін орағы ұзаққа созылып кете ме деген қауіп бұлты да сейілгендей. Соңғы күндері ауа райы ашық. Ауа райын болжаушылар да қыркүйек айының ашық болатынын хабарлауда. Алайда, қашан алтын астық құт қамбаға құйылғанша алаң көңілмен жүре­тін диқан қауымының қобалжуын да түсінуге болады. Ендігі мақсат – маңдай термен өсірілген егінді төкпей-шашпай жинап алу.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.