Мәселен, былтыр жүргізілген тексеріс барысында жерге қатысты 325 заң бұзу фактісі анықталып, жерді заңсыз пайдаланушыларға 23 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу міндеттеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы
320 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып алынды. Оның 115 мың гектарын сот арқылы мәжбүрлі түрде алуға тура келген. Ауқымды тексеру шараларынан кейін аймақтағы 80 мың гектардан астам жайылым тиісті мақсатқа пайдаланылып, нәтижесінде өңірде мал басы арта бастады. Жер бақылау инспекторларының мәліметінше, бүгінде бұл жайылымдарда шаруа қожалықтары 207 жылқы, 622 ірі қара, 304 ұсақ мал бағып отыр.
Қазір игерусіз бос жатқан жерлерді ұстап отыру меншік иелері үшін де тиімсіз. Өйткені олардың қарамағындағы жерді ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланбағаны үшін салықты 10 есе артық төлеуге мәжбүр. Былтырдың өзінде мұндай жерлерден облыс бюджетіне салық түрінде 212 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Өткен жылы 220 мың гектарға жуық алқаптың пайдаланусыз жатқаны анықталған еді. Одан облыс бюджетіне наурыз айына дейін шамамен 39 миллион теңгедей салық түсуі тиіс. Жерді тиімді пайдалануға міндеттейтін қатаң шаралардың нәтижесінде Жангелдин, Жітіқара, Бейімбет Майлин аудандарындағы бірқатар шаруашылық жалпы көлемі 205 мың гектар жерден ерікті түрде бас тартқан. Мемлекет меншігіне өткен жердің басым бөлігінің құнары төмен екенін айтпай кетуге болмайды. Облыс басшылығы алдағы уақытта өңірдің солтүстік аудандарындағы түгін тартсаң, майы шығатын құйқалы жерлерді қатаң бақылауға алуды көздеп отыр.
Аймақта коммерциялық құрылыс нысанын салуға арналған жер телімдері де межеленген мақсатта пайдаланылып жатқан жоқ. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Әбдуевтің айтуынша, өткен жылы жүргізілген тексеруден кейін 58 жер телімі сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылып, 137 жер телімі межелі мақсатқа пайдаланыла бастаған. Биыл коммерциялық құрылыс жүруі тиіс 100 жер телімі тағы да мемлекеттік меншікке қайтарылуы мүмкін. Оның 70-і шағын кәсіпкерлерге бөлінген жер телімі.
Өңірде биылдан бастап ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерге ғарыштық мониторинг жүргізетін қанатқақты жоба жүзеге аса бастайды. Бұл таяуда Президент жариялаған шағын кәсіпкерлікті тексеруді шектейтін мораторий ережелерін бұзбай-ақ, пайдаланусыз жатқан жерлерді бақылап анықтауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта облыста жер пайдалануға құқық беру үшін өткізілетін конкурстарға қатысты қабылданатын шешімдердің дұрыс-бұрыстығы да қатаң бақылауға алынады. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығы ішінде Сарыкөл, Федоров, Қостанай аудандарының әкімдіктеріне тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шара лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту мақсатында емес, аудандардағы жер қатынастары бөлімдеріне құқықтық-әдістемелік көмек көрсету үшін жүргізілмек.
ҚОСТАНАЙ