15 Тамыз, 2013

Футбол: Қазақстан – Грузия 1:0

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футбол-Сборная Казахстана-1

Футболдан Қазақстан құрамасы бұрнағы күні түнде елордадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде Грузия командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан — Грузия 1:0 (1:0)

Төреші: Сергей Цинкевич (Беларусь).

Қазақстан: Сидельников (Мокин, 46), Мулдаров (Гурман, 46), Кислицын, Нұрдәулетов, Дмитренко, Жұмасқалиев (Байжанов, 78), Богданов, Шомко (Юрин, 90), Хижниченко (Остапенко, 62), Коробкин, Щеткин (Энгель, 69).

Грузия: Ревишвили, Кашия, Хизанишвили, Амисулашвили, Григалава, Кобахидзе, Канкава, Окриашвили, Таргамадзе, Ананидзе, Сирбиладзе

Гол: Хижниченко (17).

Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі бірнеше ойынды қатарынан сәтсіз аяқтаған Қазақстан құрамасы ойыншыларының бұл жолы табысты ойнай қоятынына жанкүйерлердің көпшілігі оншалықты сене қойған жоқ. Осы матчта команда тағы жеңіліске ұшыраса, өзіне деген сенімнің де селкеуі біржолата сетінеп кететінін бас жаттықтырушы Мирослав Беранек те жақсы білді. Сондықтан ол кездесуде қалайда бетбұрыс жасауға барын салды.

Ал матчтың бастапқы жағы қазақстандықтар үшін бұл жолы да жақсы нәтиже күтіп жатудың құр әурешілік болатынын алға тартқандай болып көрінді. Кезінде «кеңестік бразилиялықтар» деген ат алған грузиндер шынында да өздерінің ойнау техникасын жақсы меңгергендерін танытып, көпке дейін допты біздің бағландарға ұстата қоймады. Сол сенімділіктің сүрлеуінде олар бірнеше рет қақпаға да доп бағыттап үлгерді. Соның ішінде Александр Кобахидзе ұрған доп қақпашы Андрей Сидельниковті бір сілкіндіріп өтті.

Біздің жерлестеріміз қарсы жаққа бірінші шабуылды тек 15-минутқа қарай ғана жасай алды. Айып алаңының ішіне екпіндей кірген Сергей Хижниченко ұрған доп бұл жолы голкипер Нукри Ревишвилидің қолынан табылды. Алайда, осының артынша қайта жасалған шабуыл тұсында Сергей мүлт кетпеді. Айып алаңында доп қабылдап алған қарағандылық жігіт кенет кілт бұрылды да, допты қақпаға қарай шірене тартты. Гол! Үш бағанның аясына қарай зуылдап ұшқан доп торға барып қадала қалды.

Мына сәтсіздіктен кейін меймандар тағы ышқынды. Олардың жаппай алға ұмтылған жойқын жорығы барысында Кобахидзе бір рет басымен қақпаға доп бағыттады. Ал Жано Ананидзенің алыстан атқылаған добы нысанадан қиыс кетті. Соның артынша бұрыштама беріліп, одан ұшқан допты Зураб Хизанишвили қақпаға дөп түсіруге ұмтылды. Бірақ бұл да Андрей тұрған шеңбердің үстінен зу ете түсті. Осыдан кейін шабуыл да біртіндеп бәсеңси берді.

Кездесудің екінші бөлігі тағы да грузиндердің шабуылымен басталды. Алдымен Ревишвили өзіне келген допты ала қашты. Ол айып алаңы маңына келе бергенде Алексей Щеткин қауіптің бетін қайтарып үлгерді. Мұның соңын ала қонақтар айып добын ұрды. Оны матчтың екінші бөлігінде алаңға шыққан дарбазашы Александр Мокин шеберлікпен қайтарды. Осыдан бастап, грузиндердің бұрыштама добын берулері де жиілей берді. Солардың қай-қайсысы болса да, қауіп төндіріп тұрды. Бір жақсысы, біздің қорғаныс шебіндегі жігіттер бұл тұста өте мұқият ойнады.

Сол аралықтарда шабуылшыларымыз да өздерінің алаңға босқа шақпағандарын көрсетіп қойды. Айталық, Сергей Остапенконың жеке-дара шабуылын грузин қорғаушыларын жандарын салып барып қана кейін серпілтті. Осылайша кездесудің соңғы жағы алма-кезек шабуылмен өтіп жатты. Дегенмен, бұл ойында қонақтардың допқа көбірек иелік еткендерін де, қақпаға артығырақ ұрғандарын да, стандартты жағдайға молырақ тап болғандарын да айта кетуіміз керек. Осындай тартысты кездесудің 1:0 есебімен біздің құрама пайдасына шешілгенінің өзі дәтке қуат.

Ендігі бір айта кететін жәйт, бұған дейін бұл екі қарсылас 2 рет кездескен болатын. 2005 жылғы тамыздың 17-сінде Алматыда өткен бірінші ойында қонақтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал 8 қазанда Тбилисиде өткен қарымта ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Сонымен, үшінші ойында қазақстандықтар жеңіс санын да, доп айырмашылығын да теңестіріп отыр.

Руслан Игілік.